Мемлекет қаржысының сақшылары

img 4804 Жаңалықтар

Биыл функционалдық қызметі толығымен мемлекет қазынасын сақтауға және көбейтуге бағытталған қазынашылық органдарының құрылғанына – 30 жыл. Оның астарында күрделі қалыптасу жолы, тынымсыз ізденіс, жетілдіру және қажырлы еңбек тұрса да, бүгінде қазақстан қазынашылығы мемлекетіміз қарқынды өзгеріп жатқан әлемде табысты дамуы үшін кей кезде алда болып, заман ағымына сай ілесіп келеді.

Еліміз тəуелсіздік алғаннан соң,республика басшылығы мен Үкімет мемлекеттік қаржы жүйесін реформалауға едəуір көңіл бөле бастады. 1994 жылы республика Үкіметі Қаржы министрлігінің мемлекет қаржысын басқаруда рөлін күшейту міндетін қойды. 1994 жылы 27 қаңтарда Президенттің Жарлығымен мемлекеттік бюджетті орындау кезінде кіріс пен шығысты тиімді басқару жəне бақылау мақсатында мемлекеттің халықтың жағдайын көтеруге бағытталған функциясының сапалы орындалуын қамтамасыз ететін тиімді жəне тұрақты бюджетке қол жеткізу үшін мемлекет қаржысын тиімді басқару құралы ретінде Қазақстан Республикасы Қазынашылықтың бас басқармасы құрылды.

Қазынашылық жүйесін құрудың бірінші кезеңінде 1994 жылы Қаржы Министрлігі жанынан Бас Қазынашылық басқармасы, ал 1995 жылы жергілікті жерлердегі облыстық, аудандық және қалалық Қазынашылық құрылымдары құрылды. Қазақстан РеспубликасыныңҰлттық Банкінде Бірыңғай қазынашылық шот ашылып, онда Қазынашылық комитеті Қаржы басқару жөніндегі орталық үкіметтік орган ретінде мемлекеттік бюджеттің ақшасы орталықтандырылды.

Қазақстандық қазынашылық құрылымы ұзақ және күрделі даму жолынан өтіп, елдің бюджет жүйесінің маңызды бөлігіне айналды. Қазақстанның қазынашылық жүйесі әлемде бірінші болып Oracle Applications R12 бағдарламалық қамтамасыз етудің жаңа нұсқасына көшті. Қаржылық құжаттарды беру процесі жеделдетіліп, сондай-ақ адами фактор мен жеке қалауды болдырмау үшін төлемдерді пакеттеу автоматтандырылды. «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесін енгізу – Қазақстанды цифрландыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі, тиімділігі толық дәлелденді. Қазіргі қазынашылық – бұл қаржылық ресурстарды тиімді басқаратын және бюджеттің есеп-кассалық орындалуын қамтамасыз ететін функционалды дамыған кешенді жүйе.

Атырау облысы бойынша қазынашылық департаменті 1995 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасы Қаржы министрі А.Павловтың бұйрығына сәйкес құрылды. Басқарма басшысы болып Бағытжан Жылқыбаев тағайындалды. Бірінші кезеңде штат небәрі 7 бірлікті құрады. Олардың қатарында тәжірибелі мамандар М.Ли, Р.Наурызбекова, З.Бисекенова, Н.Айтуаровалар еңбек етті.

Қазынашылық департаментін 1995-2012 жылдар аралығында Б.Жылқыбаев, 2013-2016 жылдар аралығында А.Серікбаев, 2017-2020 жылдары А.Шанкиев басқарған. Сонымен қатар департаменттің бастауы мен дамуында қажырлы еңбек еткен зейнеткерлерді атап өткен жөн. Олар: Х.Кузнецова, Ш.Мурзабаева, Е.Утеалиева, А.Тлекбаева, А.Қазмағанбетова, Г.Жәрдемова, Р.Тілепқалиева, К.Бектемірова, К.Әжіғалиева, К.Кенжеғалиева, А.Давлетова, Б.Юсупов, Р.Шайпақова, Т.Шегрек, Х.Мерғалиева, С.Суюнов, Г.Багдарова, С. Алпанова, А. Абдуллин, М. Ележанова,У. Кисамединова, Т.Тілегенова.

Қазіргі уақытта штат айтарлықтай өсті. 1995 жылдың аяғында барлық аудандарда қазынашылық өкілдері жұмыс істей бастады. Бүгінде қазынашылық департаменті мен аудандық қазынашылық басқармасын қоса алғанда штат саны 93 бірлікті құрайды.

Атырау облысының қазынашылығы әрқашан бюджет жүйесін реформалауға тікелей және белсенді қатысты. 1996 жылдың басында Қаржы министрлігі Мемлекеттік қаржының халықаралық статистикасына сәйкес келетін Қазақстан Республикасы бюджетінің кірістері мен шығыстарының жаңа бюджеттік сыныптамасын әзірлеп, бекітті.

1996 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Атырау облыстық қазынашылық басқармасының және бюджеттік банктің мамандары бекіткен кестеге сәйкес «БАСК» жүйесінің көмегімен республикалық бюджеттің атқарылуын есепке алуды ескіден жаңа бюджеттік сыныптамаға көшірілді. Бұдан басқа, мемлекеттік мекемелерді қаржыландыру тәртібі өзгертілді. Бұрын ескі жүйе бойынша ақша мемлекеттік мекемелердің шоттарына, ал жаңа жүйеде бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы негізінде Қазынашылық рұқсаттар беру арқылы министрліктер мен ведомстволар деңгейіндегі шығыстарға аударылатын. Бұл жетістік 1996 жылғы маусымда мемлекеттік мекемелердің, субъектілердің аударым операцияларын орталықтан жүзеге асыруға және олардың есебін жүргізуге, Ұлттық банкте Біріккен қазынашылық шотын (ҚБШ) ашуға мүмкіндік берді. Оның тиімділігі бюджет түсімдері СТН-да толық көлемде ескерілетіндігінде. 1997 жылдың қаңтарынан бастап қазынашылықтың аумақтық органдары жедел шешімдер қабылдау үшін барлық қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелерге бағдарламалар бөлінісінде жүргізілген кассалық шығыстар туралы ай сайын ақпарат бере бастады.

Қазынашылық мемлекеттік бюджет түсімдерінің есебіне үлкен өзгерістер енгізді. Қазынашылық органдарына «Республикалық бюджет туралы” заңмен бекітілген тарату нормативтеріне сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттер, облыстық, қалалық, аудандық бюджеттер арасында тарату жүктелген.

1998 жылдың қаңтарынан бастап Бюджеттік банк жойылып, оның барлық қызметі қазынашылық басқармасына берілді. Бюджеттік банктен берілген қызметтерді жүзеге асыру және бюджеттің барлық түрлерінің кассалық орындалуының технологиялық процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қазынашылық органдары ұлттық және шетел валютасындағы банк операцияларын орындауға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясын алды.

Мемлекеттік сектормен мемлекеттік қызмет ресурстарын басқарудағы реформалардың бағыттарының бірі мемлекет есебінен қамтамасыз етілетін мекемелерге стипендиялар, жалақы және басқа да ақшалай төлемдер төлеу нысанын өзгерту болды. Нәтижесінде 1998 жылдан бастап мемлекеттік мекемелерге қолма-қол ақша беру Қазынашылықтың атаулы чектері бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылды.

1999 жылдың басында қазынашылық органдарында жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарының тізбесін жүргізу үшін жаңа бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілді. Онда қаржы органдары ұсынған кірістер мен шығыстардың жылдық түгендеуіне қатысты жергілікті бюджеттерді қаржыландыруға арналған лимиттердің бөлінуін бақылау қарастырылды. Бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін бақылау жөніндегі жаңа талаптар шеңберінде 1999 жылғы 1 қаңтардан бастап қазынашылық органдары жылдық тағайындаулар шегінде мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеуді бастады. Яғни, олардың төлемдерінің уақытылы өтуін бақылауды және рұқсат етілмеген кредиторлық берешектің пайда болуына жол бермеуді қамтамасыз етті.

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің есебі мен есептілігін жақсарту бойынша үлкен жұмыс атқарылып, қарапайым жүйеден қосарлы есепке алу жүйесіне көшу кезінде мекемелерге практикалық көмек көрсетілді. Шығыстар сметасының орындалуы туралы есептілікті қабылдау және тексеру жүзеге асырылды.

2000 жылы төлемдерді тағайындаудың біріктірілген кодын жүргізуге байланысты төлем құжатының жаңа нысаны енгізілді. Модернизация тапқан алғашқы бағдарламалық жасақтама «БАСК-М» болды. 2000 жылы төлемдерді тағайындаудың біріктірілген кодын жүргізуге байланысты төлем құжатының жаңа нысаны енгізілді.

2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкіметтің шешіміне сәйкес, барлық мемлекеттік органдар жалақы мен басқа да ақшалай төлемдерді ала бастады, оларды жеке шоттарға немесе ақша алушының таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банктердегі карт-шоттарға аударды. Бұл реформаның басты мақсаты екінші деңгейдегі банктерде бюджет қаражатының шашырауын және олардың қолма-қол ақша алуда бақылаусыз пайдалануын болдырмау болды. 2003 жылдан бастап Қазынашылық Oracle бағдарламалық қамтамасыз ету негізінде әзірленген жаңа жүйеге көшіп, ал 2008 жылдан бастап Қазақстанның қазынашылық жүйесі әлемде бірінші болып Oracle Applications R12 бағдарламалық қамтамасыз етудің жаңа нұсқасына көшуді жүзеге асырды. Осы бағдарламаның арқасында қаржылық құжаттарды беру процесі жеделдетіліп, сондай-ақ адами фактор мен жеке қалауды болдырмау үшін төлемдерді пакеттеу автоматтандырылды.

Бүгінде қазынашылық органдары «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесінде жұмыс істейді. Бастапқыда «Қазынашылық-Клиент» электрондық құжат айналымы республиканың алты облысындағы пилоттық аймақта енгізілді. 2012 жылдан бастап біздің департаментте осы жүйе жұмыс істейді. Бұл жүйе бюджеттің орындалу сапасын арттырып, қызмет көрсету уақытын, операциялық және көлік шығындарын қысқартты.

Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлері мекемелерден шықпай-ақ қазынашылық органдары арқылы интернетке төлем операцияларын жүргізе алады. Сонымен қатар, қаржылық құжаттарды өңдеу уақыты қысқарды. Мысалы, егер бұрын берілген төлем шоттарын толтыру кезінде қателерді түзетуді ескеретін болсақ, онда «Қазынашылық-Клиент» жүйесі енгізілгеннен кейін уақыт қысқарды:

2012 жылы 16 жұмыс сағатына дейін, 2013-2016 жылдары 8 жұмыс сағаты, 2017 жылы 7 жұмыс сағаты, 2018 жылдан бастап 6 жұмыс сағатына дейін.

2012 жылдан бастап қазынашылық органдары бюджет қаражатының жергілікті нысаналы мақсаттағы бюджеттік қағидатқа сәйкестігін бақылау үшін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарына қызмет көрсетуді бастады.

2017 жылдан бастап қазынашылық органдары жеке серіктестердің міндеттемелерін және инвесторларға кепілдіктерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында жеке серіктестердің міндеттемелері мен концессияларын тіркеуді жүзеге асырды. Құрылыстар бойынша шығындардың негізділігін бақылау және салық төлемдерінің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылыстар бойынша бюджеттік инвестициялы жобаларды мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу іске асырылады. 2012, 2017, 2018 және 2022 жылдары қазынашылық органдарына қызмет көрсетуге жарғылық капиталды ұлғайтуға бюджет қаражатын алатын немесе мемлекеттік тапсырманы орындайтын квазимемлекеттік сектор субъектілері, объектілер құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу жөніндегі бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлер, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және мемлекеттік бағдарламаларды қаржылық қолдау операторлары көшті.

«Ұлт жоспары 100 нақты қадам» 98-інші қадамын іске асыру шеңберінде қазынашылық органдарында жергілікті өзін-өзі басқару шоттарын ашу және оларға қызмет көрсету басталды. Өзін-өзі басқару бюджетінің IV деңгейін енгізу іске асырылды. Ол 2 кезеңде орындалды: бірінші кезең – 2018 жылы халық саны 2000 адамнан асатын аумақтарда, екінші кезең – 2020 жылдан бастап барлық жерде. Атырау облысының департаментінің ұсынысы негізінде қазынашылық комитетінде 2022 жылы осы қазынашылықтың майталман ардагерлері зейнеткерлерінің «Ардагерлер кеңесі» құрылып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті 2022 жылғы 18 тамызда әділет органдарында «Қазынашылық ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі құрылды. Ардагерлер кеңесінің басшысы Валентина Сатқалиева болса, Атырау облысы бойынша қазынашылық департаментінің құрылтайшысы Р. Наурзбекова болып табылады.

Ардагерлер кеңесі қызметінің бірнеше негізгі мақсат-міндеттері бар: мемлекеттік қызметшілерде кәсіби мәдениет пен әдепті қалыптастыру; сала ардагерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау; қоғамда зейнеткерлердің лайықты имиджін қамтамасыз ету;

зейнеткерлерге моральдық қолдау көрсету;

ведомствоның жұмыс істейтін қызметкерлеріне тәжірибе беру; жас кадрларды тәрбиелеуге қатысу; Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылығының беделі мен имиджін нығайтуға бағытталған іс – шараларға қатысу; еңбек ардагерлерінің наградалары мен өзге де көтермелеулеріне ұсыну.

Бүгінде Атырау облысы бойынша қазынашылық департаменті облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жұмыс істейді. Бюджеттік процестің барлық мүдделі тараптарын бюджеттің атқарылуы бойынша және мемлекеттік мекемелердің шоттары бойынша қажетті және дәл ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Өткен жылдардағы орасан зор тәжірибесі мен даму қарқынының арқасында Атырау облысы бойынша қазынашылық департаменті алдына қойылған мақсаттарды жоғары деңгейде орындап келеді, сондай- ақ мемлекеттің қаржы ресурстарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейді және дамуын жалғастыруда.

Кенжетай ТАЙШЫҚОВ,

Атырау облысы бойынша

қазынашылық департаментінің

басшысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз