Масленица: 700 құймақ тегін таратылды

whatsapp image 2024 03 19 at 12.21.47 Жаңалықтар

Атырау өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз және славян халықтарының «Масленица» мерекесіне орай бірқатар мерекелік іс-шараны қолға алып, аталған күндердің мән-маңызын ерекше сән-салтанатпен атап өтті.

«Светоч-Атырау» славян этно-мәдени бірлестігі Достық үйінде «Масленицаға қонаққа» атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Мәдени кеште «Зеркало» миниатюра театры және «Камелия» халықтың хореографиялық би ансамблінің өнерпаздары «В некотором царстве» театрландырылған  қойылымында халықтық дәстүрлерді сахналады.

Ал «Жарқын балалар» қазақ тілі клубының қатысушылары «Бауырсақ» ертегісінің тұсаукесерін қазақ тілінде жаңа әдіс-тәсілдермен көрсетіп, амал мерекесі Көрісу күні туралы да кеңінен әңгімеледі. Наурыз мерекесіне арналған арнайы бата берілді. Сонымен қатар дәстүрлі ұлттық ойындар өткізіліп, барлық қатысушыға сыйлықтар таратылды. Кеш соңына «Светоч-Атырау» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова мерекелік құттытау лебізін білдірді. Іс-шараға жиналған қонақтар тәтті құймақ пен ыстық бауырсақтан дәм татты.

whatsapp image 2024 03 19 at 12.21.48

Сонымен қатар, бұл күні «Довира» украин этномәдени бірлестігі де «Масленица» мейрамын кең көлемде атап өтті. Бірлестік мүшелері Жасөспірімдер үйінде шеберлік сабағын өткізіп, тәрбиеленушілерге дәмді құймақ пісірудің қыр-сырын үйретті.

Бірлестік өкілдерінің айтуынша, құймақ – аталған мерекенің дәстүрлі тағамы. «Ол дөңгелек болып сарғайып піссе, сол шаңыраққа  күннің нұры жауады» деген ырым бар. Құймақ күн бейнесін кескіндеп, көктем мен жылылықтың символын білдіреді екен. 

Өңірде апта бойы тойланып жатқан славян халықтарының  ежелгі ұлттық мерекесін «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің өкілдері де  айрықша атап өтті.

Успен соборының жексенбілік мектебінде ұйымдастырылған шарада «былиналықтар» қала тұрғындары мен қонақтарына аталған мереке үшін арнайы пісірілген 700-ден астам дәмді құймақты тегін таратып, мерекенің көркін қыздыра түсті. Әсем ән айтылып,  ерекше ұлттық киімдер киген көркемөнарпаздардың мың бұралған билері мерекенің сәнін айшықтай түсті.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз