МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

«Біз қазір 4-5 мың метрлік тереңдікті қазып, игеріп жүрміз. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның байлығы мұнан да үлкен тереңдікте екендігі күмәнсіз. Сондықтан да, бұл – біздің елімізде бұрын-соңды болмаған тамаша техника. Бұлайынша, бұрғылау қондырғыларын өз жерлеріңізде өз қолдарыңызбен жасап шығару – үлкен ерлік әрі пешенелеріңізге бұйырған бақыт. Ал, сіздер, құрметті атыраулықтар, сондай заманауи технологияны тұңғыш өмірге әкеліп, алғашқы болып меңгерген, ел кәдесіне жарайтын жаңалықты игерген адамдар ретінде тарихта алтын әріптермен жазылып қаласыздар!» - деді Мемлекет басшысы жаңа өндіріс ошағын іске қосуға рұқсатын беріп тұрып.

«Жігермұнайсервис» ЖШС жаңа өндірістік қуатын іске қосуға арналған телекөпір рәсіміне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.
Бірден айта кетсек, бұл жаңалықты өндіріске енгізуші атыраулық «Жігермұнайсервис» ЖШС-не қарасты зауытта жасап шығарылатын заманауи үлгідегі бұрғылау қашаулары болашақта кен орындарын 7 мың метр тереңдікке дейін бұрғылауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта кәсіпорын еліміз бойынша осы өнім түріне деген қажеттіліктің 30 пайызына дейін қанағаттандыра алатындығы болжанып отыр.
Қосымша дерек, енді ғана пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етпекші өндіріс ошағының мамандары Ұлыбритания мен Оңтүстік Корея елдерінде болып, білім-біліктерін жетілдіріп оралған. Және бір білгеніміз, шетелдік озық технологияның көмегімен құрастырылған, бұрғы қондырғысына орнатылатын мұндай қашаулардың алғашқы легі бұған дейін Маңғыстау облысының аумағындағы кен алаңдарында сынақтан өткізіліп, тиімділігіне көз жеткізілген. Көп ұзамай, өз жерімізде өмірге келген отандық өнімге сұраныс аясы кеңейіп, ол Қытай, Ресей, АҚШ тәрізді азуын айға білеген әлемнің алпауыт елдеріндегі шығарылатын осындай құрылғылармен бәсекелесе алады.
Елдің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Үкіметтің есебімен танысу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Петропавлда Энергетикалық қазандық жабдығын шығаратын өндірісті іске қосты.
Елордамен тікелей байланысқа шыққан «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» өкілінің айтуынша, жылына 4 мың тонна энергетикалық қазандық жабдықтары дайын өнім болып шығарылатын болады. Жобаны «Қазақстан инжиниринг» компаниясы қаржыландырып отыр.
«Осының арқасында біз қазақстандық қамту үлесін арттырып, экспортқа жол ашамыз. Жаңа кешен қазақстандық энергетикалық кәсіпорындарды толығымен сапалы өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Өндірісті іске қосуға рұқсат етіңіз», – деді ол.
«Рұқсат беремін. Біздің энергетикалық нысандарымыз үшін аса маңызды кәсіпорын. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Зауыттың іске қосылуымен құттықтаймын», – деді Н.Назарбаев өз кезегінде.
Одан әрі Қазақстан экономикасының өсімі талап етілген қарқынмен келе жатқанын, егер де әлемдік экономиканың қалпына келуі баяу қарқында екенін ескерсек, еліміздегі көрсеткіштердің өте маңыздылығына тоқталған Мемлекет басшысы: «Мен бұл тұрғыда Украинадағы оқиғалардың салдарын және осы елдің айналасындағы жағдайды айтып тұрмын, яғни ол экономикалық қарама-қарсылықпен, үзілді-кесілді талаппен, санкциялармен, өндірістік-сауда қатынастарын бұзу қоқан-лоқысымен байланысты. Бұл нарық пен экономика үшін өте нашар белгі», – деген ойын да алға тартты.
Мемлекет басшысы сонымен бірге Қазақстанның экономикалық тұрғыда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін, алайда, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы оңтайлы ілгерілеушілікке қарамастан, ол экономиканың құрылымында тиісті деңгейде байқалмағанын да жасырып қалмады.
Бұдан кейін Президент Жамбыл облысындағы химиялық реагенттер шығару зауытын іске қосуға рұқсат берді. «Talas Investment company» ЖШС бас директоры Бахтияр Алдашевтың айтуынша, зауыт жылына 15 мың тонна химиялық реагент өндіреді. Бұл өнімді алтын өндіруші кәсіпорындар тұтынады.
«Еліміз енді химиялық реагент импортына тәуелді болмайды. Керісінше, оны экспортқа шығаратындай мүмкіндік-қуатымыз бар. Зауытта автоматтандырудың ең жоғары технологиялы желісі енгізілген. Барлық жұмыстың қауіпсіздігіне компьютерлік мониторинг жүргізіледі. Кәсіпорында 500 адам тұрақты жұмыс істейтін болады», – деп атап өтті зауыт директоры.
Өз кезегінде Елбасы Н.Назарбаев зауыттың маңыздылығын атап өтті.
«Бұл – Қазақстанға өте қажет зауыт. Бұл жаңа өндірісте жаңа тауар шығарылады. Мемлекет еліміздің оңтүстік өңірінде өндірісті өркендетуге үлкен күш салуда. Ел халқының көпшілігі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрады. Жұмыссыздық та көп. Жыл сайын еңбекке келетін жастардың саны да аз емес. Сондықтан, біз Жамбыл облысында химиялық өнеркәсіпті дамытуға күш саламыз. Өйткені, бұл өңірде фосфориттердің кен орны жеткілікті. Соның арқасында осындай зауыттардың салынуы керек-ақ», – деді Елбасы.
Елдің есінде қаларлық маңызды оқиға ретінде атап айтарымыз, дәл осы телекөпірдің ұйымдастырылу сәтінде Қазақстан Республикасының Құрметті металлургі атағының №1 белгісінің Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс етілуі еді. Бұл марапатты Елбасына Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец салтанатты жағдайда тапсырып, қазақстандық кеншілер атынан шынайы құттықтау тілегін арнады.
Елордадағы телекөпір барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев онлайн режімде «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портының құрылысын іске қосуға да рұқсатын берді.
«Жұмысты бастаңыздар, біз оның жүзеге асырылуын күтіп отырмыз. Себебі, бұл жоба арқылы шығыстан, Тынық мұхиты аймағынан, Қытайдан тауарлар контейнерлермен Қазақстан және Еуропа бағытында тасымалданғанда ол Қазақстанның логистикалық жүйесінің маңызды бір бекетіне айналады. Соның нәтижесінде жүк тасымалдау уақытының ұзақтығы қысқартылып, еліміз үшін үлкен мүмкіндіктер туғызады. Сіздерді бұл жұмыстың сәтті басталуымен құттықтаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Осы жолы Президенттің рұқсат етуімен Қостанайда үй құрылысы комбинаты да іске қосылды. «Маңызды кәсіпорын құрылысының аяқталып, игілікке берілуімен құттықтаймын. Өздеріңізге мәлім, бүгіндері елімізде тұрғын үй құрылысының, қолжетімді баспананың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мұндай комбинаттар тұрғын үйдің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сөз жоқ, кәсіпорын дер мезгілінде іске қосылып отыр», – деп тарқатты айтпағын Елбасы.
«Қостанай МБИ» ЖШС-нің бас директоры Майль Тороянның сөзіне қарағанда, комбинат ең озық үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Өндіріс ошағының іске қосылуы нәтижесінде құрылыс жұмыстарының мерзімі 2,5 есеге, ал, өзіндік құны 20-30 пайызға арзандайтын болады. Комбинат жылына 70 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлы, 150 жаңа жұмыс орны ашылды.
Астанада өткен телекөпір барысында Көкшетау қаласының іргесіндегі Станционный кентінде Германияның жаңа технологиясымен жабдықталған, қуаттылығы сағатына 15 тонна құрама жем өндіретін жаңа зауыттың да тұсауы кесілді.
Зауыттың құрылысы өткен жылы басталған еді. Мұндағы мақсат – AGRAVIS концернінің инновациялық технологияларын қолдану арқылы елімізде сапасы жоғары үй жануарлары мен құстарға арналған толық рационды құрама жем өндіру болып табылады. Бүгін, міне, зауыт іске қосылып отыр. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 200 миллион теңгеге бағаланған.
«Бұған «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ құрылымындағы компания – «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның ҚР Ұлттық қорынан 634 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қаржыландыру талаптары да – жылдық көрсеткіші бойынша 6 пайыз ғана. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде құрама жем зауытына коммуникация жүйесі толығымен тартылды», – дейді аталмыш акционерлік қоғамның өңірдегі өкілдері.
Тағы бір ескере кететін жайт, аталған зауыт AGRAVIS концернінің мал азығын дайындаудағы көпжылдық тәжірибесі ескеріліп, солардың технологиясы бойынша салынған. Ішіндегі қондырғылар жетекші швейцар өндірушісі Buhler желісімен жабдықталып, монтажын «Bosche Systembau GMBH» фирмасы жүзеге асырған.
Зауыт Қазақстанның индустриалды картасына енгізілгендіктен, мемлекет тарапынан қолдау-көмек көрсетілуде. Қазірдің өзінде жер-жерден сұраныс түсе бастаған. Ал, құрылыс жұмыстарын «АгроТрейдинг – 2007» серіктестігі жүргізген.
«Таяу уақытта мен елімізді газбен қамтамасыз етудің 2030 жылға дейінгі бас сызба-нұсқасын күтіп отырмын. Келесі жылдан бастап біз жыл сайын 1600 елді мекенді газбен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 12 млн. тұрғын газбен қамтылады деп күтудеміз. Бұл біз үшін өте маңызды тапсырма болып табылады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өндірістік нысандармен бірге «Телегазет» жобасының да таныстырылып, тұсауы кесілгенін айтқанымыз ләзім. ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің бастамасымен қолға алынған «Телегазет» жобасы «Отау ТВ» ұлттық телехабар тарату желісі арқылы газеттерді электронды нұсқада 3 млн. адамның оқуына мүмкіндік жасады.
«Кең-байтақ еліміздің әр өңіріне Қазақстанда болып жатқан жағдайды, саясатты жеткізуіміз керек. Ел халқы осы жүргізіліп жатқан жұмыстарды жергілікті жерлерде қолдап, азаматтарымыз барлығынан мәлімет алсын, іске асырылған бағдарламаларды көрсін, өз тараптарынан мемлекетке көмек жасасын деп мақсат тұтып отырмыз», – деді осыған орай Президент.
«2018 жылға дейінгі мұнай-газ секторын дамыту бойынша кешенді жоспар қабылданды. Алға қойылған мақсат бойынша біз мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеуді 17,5 млн. тоннаға жеткізуге тиіспіз. Осылайша мұнай өңдеу 5 млн. тоннаға ұлғаятын болады. Ал, мұнай тасымалдауды 98 млн. тоннаға жеткізу қажет. Сонымен қатар, газ тасымалы да 35 млрд. текше метрге жеткізілуі керек. Бұл – экономикамыз үшін өте маңызды көрсеткіштер», – деп атап өткен Президент Қазақстанның таяу келешекте ЕАЭО-ның да инвестициялық орталығына айналатындығына сенімділігін білдірді.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан әлемдік бизнеске барынша сенімді аргументтер ұсынып отыр. Оған еліміздің геоэкономикалық тұрғыда тиімді орналасуы, саяси тұрақтылық, экономикалық өсім, инфрақұрылымның дамуы, инвесторларға жеңілдіктер ұсыну сынды жайттар септігін тигізуде. Сондай-ақ, Елбасы еліміздің қаржы жүйесін сауықтыру қажеттігіне де тоқталып өтті. «Біз екінші деңгейлі банктердің активіне кірдік, енді одан шығуымыз қажет», – деді ол.
Келесі кезекте ҚР Президенті Н.Назарбаев «KSP Steel» ЖШС металлургиялық кәсіпорнында жаңа өндірістік нысан – шар илектеу жабдығын іске қосты. Қазақстанда болат илектелген шар өндіру бойынша құны 600 млн. теңге болатын жоба іске асырылғанда, бәсекеге қабілетті және импорт алмастыратын өндіріс құруға мүмкіндік береді. Жобаны енгізу республиканың тау-кен саласын отандық өніммен қамтамасыз етеді. Келешекте өнімді Кеден одағы мен Орталық Азияға экспорттау жоспарланып отыр. Зауытта итальяндық «Sider Engineering» компаниясының заманауи, инновациялық технологиялық жабдығы пайдаланылады.
«Жаңа өндіріс Мемлекет басшысы алға қойған импорттан отандық өндіріске көшу міндетін шешеді», – деп атап өтті «KSP Steel» ЖШС директоры Эдуард Креймер. Оның айтуынша, жобаны іске асыру 100 пайыздық отандық, импорт алмастыратын өндірісті келешекте Орталық Азияға экспортқа шығаруға бағытталды. Жобалық қуаты – жылына 18 мың тонна шар, бұл 40-тан 80 мм-ге дейін түрлі диаметрдегі уату шарларымен республика нарығының сұранысын қамтамасыз етеді, 70-ке жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Телекөпірде айқын айтылғанындай, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында Индустрияландыру картасы шеңберінде барлығы 21 жобаның тұсауы кесіліп, екі мыңдай адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылдың екінші жартысында тағы да 100 жоба іске қосылып, 8 мыңдай қазақстандықтың нәпақасын табуына жағдай туғызбақ.

«ҚазАқпарат» материалдары бойынша дайындаған
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.

 
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз