«Мәңгілік ел» – ұлы мұрат идеясы

жалпыұлттық ашық диктант ұлтымыздың рухын көтерген шара болды

Елбасымыздың бастамасымен кең қолдауға ие болған «Мәңгілік ел» идеясы бүгінде жалпыұлттық басты бағдарымызға айналды. Оның мақсаты – күллі қазақстандықтардың, соның ішінде жастардың және түрлі ұлт өкілдерінің бойында патриоттық рухты көтеру.

Міне, осыған орай 18 мамырда Қазақстан бойынша «Мәңгілік ел» жалпықазақстандық ашық диктант жазу акциясы өтті. Оған ел бойынша 20 мыңнан аса отандасымыз қатынасып, үш мыңнан астам Достық үйлері мен кітапханаларда бір уақытта ашық диктант жазды. Мұндай ерекше шараның өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасының ұлттық академиялық кітапханасы, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Астана, Алматы қалалық, облыстық филиалдары мен кітапханалар, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мұрындық болды.

Бұл шара Атырауда Ғабдол Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды. Шын мәнінде, жастың да, кәрінің де партаға отырып, диктант жазуы олардың өскен ортаға, туған жерге деген перзенттік махаббатының белгісі болды. Сайып келгенде, бұл – Елбасының тұтас елімізде ұлтаралық бірлікті қалыптастыру жолындағы, ұлттар мен ұлыстардың татулығын, тұтас еліміздің бірлігін бекемдеу жолындағы бағалы бастама.

Диктант жазушылар да өз шығармаларында осы өзекті мәселені арқау етті.

– Жалпықазақстандық акцияға белсенді азаматтық және өмірлік позицияны ұстанған жерлестеріміз көптеп қатысты. Бұл шараның тиімділігі – біз жастардың тек жазу сауаттылығын ғана емес, мәдени деңгейін де анықтаймыз. Сауатты жаза да, сөйлей де білетін адам саяси әлеуметтік тұрғысынан білімді болып есептеледі. Біздің елімізге бәсекеге қабілетті, сауатты, білімді мамандар керек. Ашық диктант еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын арттыра түседі деген үміттемін, – дейді облыс әкімі жанындағы қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесінің басшысы Тамара Аман-Турлина.

Үлкен жауапкершілікті талап ететін диктанттың мәтініне біраз дайындық жұмыстары жүргізіліпті. Диктант негізінен 230 сөзден тұрады. Оны құрастыруға бір топ отандық ғалымдар қатысқан. Күрделілігі жағынан бәріне бірдей қолжетімді. Мазмұны жағынан мәнді, патриоттық тақырыпты қамтитынын айта кеткен жөн. Бұл туралы Атырау қаласындағы №31 мектеп-гимназиясының мұғалімі Бағдагүл Ғұбайдуллина түсіндірді.

– Бұл шара негізінен мемлекеттік тілді білуге, үйренуге бағытталды. Басты мақсат – Қазақ елінің әдебиетін, мәдениетін дамыту, елімізде өсіп келе жатқан жастардың санасына патриоттық сезімді ұялату, ел азаматтарының бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, ардагер ұстаздарымыз бен өскелең ұрпақтың арасындағы байланысты нығайту болып табылады, – дейді комиссия төрайымы, №30 мектеп-гимназиясының мұғалімі Айнұр Хұсайнова.

Жастарды «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының мәтінімен таныстырып, мағынасын ұғындыру, бұл – басты мақсат. Өйткені, тұрақтылықты, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту, қоғам санасына «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын сіңіру өте маңызды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен қоғамдық рөлін арттыру қажет. Оны меңгеру арқылы әр азаматтың қоғамнан өз орнын табуына көмектесу, қоғамдық-саяси сауаттылықтарын арттыруға мүмкіндік ашылады.

Бұдан басқа, игі шара қала бойынша Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, мұнай және газ институты және инженерлік-гуманитарлық институтында да жалғасты. Сол сияқты, аудан орталықтарында да зор ұйымшылдықпен өтті.

– Біздің ата-бабаларымыздың мәңгілік арман-аңсары болған, рухымызды көтеріп, ұлы мақсаттарға жетелейтін Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – «Мәңгілік ел!». Ол ел болашағының ұраны, әрі жыр-әні, байлығы мен абыройы десе де болады. Оған жетуді мұрат тұтқан елдің тұрғындары тек нәтижелі еңбек пен тұғырлы оқу-білімге ғана арқа сүйеуі қажет. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты көтеріліп, бізді әлем мойындайды. Жер бетіндегі азулы 30 мемлекеттің қатарынан ойып тұрып орын алады, – дейді диктант жазуға қатысқан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қажымұхан Есқалиев.

Еліміздің, жеріміздің бүтіндігі, ұлтымыздың дамуы бағытында осындай мағынасы зор, патриоттық сезімге үндейтін, рухымызды асқақтатып, ұлы мұраттарға жетелейтін игі-шаралар жалғаса берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал, оған барша қазақстандықтың белсене атсалысуы қажет.

Нұрислам ҒҰМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз