Көрісуде көп мән бар

capture 20240315 093716 Жаңалықтар

…Иә, ауыл-аймақ аман ба? Мал-жан қыстан қысылмай шықты ма?

Қыс бойы бір-бірімен қатынаса алмай қалған ағайын жер-аяғы кеңіп, қатынас жол ашылған соң бір-бірін іздеп, түгендеуге кіріседі. Осылайша, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында жастар жағы үлкендерді арнайы іздеп барып, қолұшын беруге асығуы керек. Көрісудің негізгі мәні де осында болса керек. Ендеше, қыстан қысылып шығып, көкке ілінген жанның бар-жоғын түгендеп, малы шығын болған ағайынға көмек көрсетуі де осы «көрісудің» бір ажырамас бөлігі. Яғни, аталған салттың тәрбиелік қана емес, әлеуметтік мәні де өте зор.

Ағайынның арасын жақындатады

Соңғы кездері кейбір ағайындар «Көрісу» салтын мейрамханада атап өтіп, басқосуды үрдіске айналдырған.

– Біздің әулетте сегіз атадан тараған ұрпақтың жыл сайын кездесуі дәстүрге айналған. Бір жылы бір атаның ұрпақтары мейрамханада дастархан жайып, «Көрісу» кездесуін ұйымдастырса, келесі жылы бұл эстафетаны келесі атаның үрім-бұтағы жалғастырады. Осылай тізбектеліп кете береді. Бұл үрдіс, бір жағынан, жыл бойы тіршілік күйбеңімен көрісе алмаған ағайынның арасын жақындатады. Өскелең ұрпақ та бірін бірі танып, білісіп жатады. Екінші жағынан, қазақтың қан тазалығын сақтауға да септігі бар.

Мұндай Көрісу дәстүрі адамды жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін құндылық қой. Осындай өз ішіміздегі дәстүрді көріп өскен қазіргі жас – ертеңгі біздің жолымызды жалғаса деген тәрбиелік мәні бар ойдан туған игі іс еді. Биыл да ағайындар Ақтөбеде бас қосамыз, – дейді Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Қадірғали Таңкиев.

65f2825c60480917217025

Ғұндар дәуірінен бастау алған…

Көрісу – табиғатпен, жаратылыспен астасқан дәстүр. Бұл күні қыстың қытымыр аязы мен қос алқымнан алған қары жібіп, көңіл тоғайып, жер аяғы кеңігенде алыстағы ағайын амандық білісіп, бірін-бірі іздейді.

Қазақстанның батыс аймағында Наурыз мерекесі наурыз айының 14-нен бастауын алып, Ұлыстың ұлы күнімен жалғасады. «Көрісу» дәстүрінің тікелей батыс өңірінде сақталу себебін түсіндіруде ғалымдардың пікірі, көп жағдайда, ортақ алаңға тоғысып жатады. Алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай бұл дәстүрдің батыс өңірінде жақсы сақталып қалуының себебін осы өлкенің кезінде империя астанасы болуымен байланыстырады. Жалпы, көрісу сонау ғұндар дәуірінен басталады екен.

Батыс халқының Самарқанмен, Бұқарамен ежелден бері байланыста, аралас-құралас болғаннан кейін де жалғасып отырған ғұрыптың мәні тым тереңде жатыр. Ең бастысы, іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі саналатын көрісу – айбыны асқан, ізгілік шашқан тамыры терең өнегелі өркениетіміздің өлшемі.

Бұқараның бірлігін біріктірер салт

Наурыздың «беташары» болған көрісудің тәрбиелік те, әлеуметтік те маңызы зор. Бір кездері облыстың Құрметті азаматы Сәрсенбай Еңсегенов көрісу күнін ресми мерекеге айналдыруды ұсынған болатын. Өйткені, мұндай мерекелер адамды адамгершілікке, мейрімділікке, жақсылыққа тәрбиелейді. Үлкенге құрмет көрсетуге баулиды.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, түрлі жағдайларға байланысты 1930 жылдан бастап бұл дәстүр кейбір жерлерде ұмытылып кеткен екен. Дегенмен, байқауымызша, игі дәстүр тек еліміздің батыс өңірлерінде ғана сақталмай, күллі ел болып, игі істі игеріп жатқанға ұқсайды. Елдің бірлігіне, ынтымаққа бастайтын  көрісу күнін ел болып атап өтудің еш әбестігі жоқ-ау.  

­Бірде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, марқұм Қойшығұл Жылқышиев көрісудің мәні туралы біраз дүние айтқаны бар-тын.

– «Бұрындары бүгінгідей жылы, барлық жағдайы бар көліктер, тақтайдай тегіс, сайраған жол болмаған. Қытымыр қыстың тұтқынынан босаған халық ағайынның амандығын білу үшін тоңның жібіп, жердің көбесі сөгілгенін күтетін. Өйткені, жақын орналасқан қыстаулардағы бауырлардың бір-бірімен қатысуы мұң болатын еді. Ал, қазір ше? Мүмкіндік көп болса да, «уақыт жоқ» деген сылтаумен қазақтың бір-біріне деген ілтипаты, бауырмалдылығы азайып барады. Сондықтан «көрісу» ел бірлігін сақтар, бұқараның бірлігін біріктірер тамаша салт болып қала бермек. Әрі сағынысқан жүректер тебіреніп, Наурызға шынайы мерекелік реңк берері анық.

Бүгінгідей жаһандану заманында қазақтың ұлт ретінде, мемлекет ретінде сақталуы алдымен ұлттық иммунитетке байланысты десек, осы орайда салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтап, өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп отыру маңызды. Олар үшін 31 желтоқсанда түнгі сағат 12-ні күту қаншалықты мәнге ие болса, 14 наурызды ерекше ілтипатпен күтіп,  ұлық күннің ұлылығын сезінуі соншалықты маңызды, – деген еді Қойшығұл Өмірұлы. 

Рас, соңғы кезде көрісу мерекесін батыс өңірі ғана емес, көк өніп, көңілі марқайған ағайынның бәрі тойлап, дәстүр ел көлемінде ұлықталып келеді.  Яғни, Ұлыстың ұлы күні алдында ағайын алдымен мал-жанның амандығын сұрастырып, елдің бүтіндігін ойлайды. Дәстүр бойынша 14 наурызда таң ата салысымен жасы кішілер үлкендердің шаңырағына амандық сұрасып кіреді. Тіпті бірінші табалдырық аттағандардың осы елгезектігі үшін ағайын арасында мерейі үстем болып жүреді екен.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз