Коммуналдық шығындарды төлеудегі жеңілдіктер туралы маман айтып берді

img 3200 Жаңалықтар

Келесі жылдан бастап елімізде «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын іске асыру бойынша коммуналдық қызметтердің тарифі өседі. Ал, коммуналдық шығындарды төлеуде жеңілдіктер кімдерге қарастырылғанын Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлмира Атчибаева айтып берді, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Бас маманның айтуынша, республиканың «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, аз қамтылған отбасыларына коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге әлеуметтік қолдау көрсету үшін тұрғын үй көмегі беріледі.

–Тұрғын үй  көмегінің мөлшері меншік иесінің тұрып жатқан баспана аумағының әлеуметтік нормасы шегіндегі өтініш берілген айдың алдыңғы тоқсандағы коммуналдық қызметтердің түбіртек-шоттары және отбасына кіретін  табыстың  3 пайызының айырмасы ретінде белгіленеді. Аталған көмек жергілікті бюджет қаражаты есебінен тағайындалады. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе «электрондық үкімет» веб-порталына тоқсанына бір рет өтініш білдіру керек. Бұл үшін өтінішпен бірге жеке басын куәландыратын құжат, отбасының кірісін растайтын мәліметтер, тұрғын үйді күтіп ұстауға арналған ай сайынғы коммуналдық шығындардың мөлшері және күрделі жөндеу жүргізу келісім-шартының (термомодернизация) төлем құжатының түбіртектерін қоса тіркеу қажет, – дейді Гүлмира Темірғалиқызы.

Айта кету керек, биыл Атырау қаласында 242 отбасыға 5,3 млн. теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалып, төленді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз