ҚОҚЫСТЫ ӘЛІ КӨШЕГЕ ТӨГЕМІЗ

Тазалық тақырыбы – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Шаһар тұрғындарының жауапсыздығынан көңілге көлеңке түсірер жағдайлардың кездесуі, қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды қала орталығындағы жол жиегіне  тастауды қоймай келе жатқандықтары өкінішті.

Сондай бір көрініс «Атырау» мөлтекауданында орын алған. Қоршаған ортаның тазалығын тіпті пысқырмайтын тұрғындарды бүлдіршіндердің саулығы да алаңдатпай отыр.  Екі жүз сексен орынға негізделген «Аққу» балабақшасының қарсы бетіндегі ескі карьердің орнынан тұрғындар нағыз қоқыс алаңын жасап алған. Аумағы 11,1 шаршы метрді құрайтын жер тұрмыстық және құрылыс қалдықтарына толы күйде.

– Кезінде топырақ алынып, апан болып қалған жер 2010-2012 жылдары тұрғын үй салуға берілген. Алайда, бұл жер үй тұрғызуға жарамсыз. Жердің астыңғы бөлігін тұрмыстық қалдықпен, ал, беткі жағын топырақпен жабуды қолға алған халықтың  бұл әрекеті заңға қайшы. Бұл жөнінде тұрғындарға түсіндіріліп айтылды. Алайда, заң бұзушылық жалғасып келеді, – дейді қалалық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Өмірбек Камалов.

Қалалық әкімдіктің бастамасымен бірер күн бұрын жол жиегіне төгілген қоқысты тазалауға «Арнаулы автобаза» мекемесімен бірлесіп, екі «КамАЗ», бір қоқыс жинайтын жүк көлігі мен жұмысшылар жұмылдырылған. Алайда, келесі күні-ақ тұрғындар, қап-қаппен күл қоқыстарын,  басқа да тұрмыстық қалдықтарды тастаған.

Қала әкімінің тапсырмасымен рейд ұйымдастыру нәтижесінде, бір қала тұрғыны «КамАЗ» толы құрылыс қалдықтарын төгіп жатқан жерінен көзге түсті. Ал, қолға түскен азамат бұл әрекетін біздерге, рейд бригадасына түсіндіруден бас тартты. 

– Бұл азаматқа ҚР Әкімшілік және құқық бұзушылық Кодексінің 330 бабына сәйкес хаттама толтырылады. Жинақталған құжат әкімшілік сотқа жолданып, айыппұл салынып немесе 10 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады.  Егер екінші рет қайталанса, бұл жаза одан әрі күшейтілмек. Мұндай бақылау жұмыстары қала аумағында алдағы уақытта да үнемі жүргізілетін болады, – дейді Атырау қаласы ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Биғамбаев. 

Ал, сол маңдағы тұрғындар жел болған күндері жағымсыз иіске төзу мүмкін болмайтындығын айтады. Қоқыс заттары ұшып, балабақша шарбағына да үйіліп қалады.  Атырау қалалық тұтынушылардың құқын қорғау басқармасы мамандарының айтуынша, қоқысқа толған жердің адам ағзасына, қоршаған ортаға тигізер залалы өте көп.

Тазалық, ең алдымен, халықтың өзі үшін керек. Әрбір тұрғын жауапкершілікті сезінгені абзал. Өйткені, сана түзелмей, қала тазармайды. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген автор. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз