Кофеден табыс тапқан Темірлан

2037055 Жаңалықтар

Бүгінде кофе сусыны көптің сұранысына айналып үлгерді. Қазір елде кофе бизнесіне қызығушылығы артқандардың қатары көп, олардың дені – жастар.

Құлсары қаласында дүниеге келген Темірлан Төремұратов екі жасында отбасымен Алматы қаласына көшіп барады. Балабақшаға да, Қ.Сәтбаев атындағы №56 гимназияның орыс сыныбына да қабылданған. Екінші сыныпты тәмамдаған соң әкесі ұлының ана тілінен гөрі орыс тіліне бейімделіп бара жатқанын байқап, III сыныптан бастап Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның қазақ сыныбына ауыстырып алуды жөн көреді. Әкесі Астана қаласына жұмыс ауыстырған соң VII сыныпты елордадағы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейде жалғастырады. Көп ұзамай әкесі Темірланға Пекин қаласындағы университетте оқитын туған ағасының қасында оқуға ұсыныс береді. Осылайша VIII сыныптан соң Күншығыс еліне барып, бір жыл қытай тілін меңгереді. IX-XI сыныптарды Пекиндегі Хуэйвэнь орта мектебінде оқып, аттестат алып шығады. Кейін Пекин қаласындағы қаржы және экономика орталық университетіне оқуға қабылданғанмен, алғашқы курстың қысқы демалыс кезінде отбасылық жағдайға байланысты елге оралады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, менеджмент мамандығында оқиды. Оқи жүріп бизнес туралы, сол саланың қыр-сыры туралы біле бастайды. Бұл салаға көзқарасы осы кезден бастап күрт өзгерген Темірлан білімін кеңейтіп, бизнеспен айналысуды ойластыра бастаған. Оның бұл таңдауына III курста танысқан Рамазан деген жолдас жігітпен таныстығы ықпал етті.

img 20240307 wa0097

– Аптасына екі-үш рет жігіттер жиналып футбол ойнайтын едік. Оның арасында Рамазан да болды. Футболдан кейін жігіттермен серуендеп, шәй ішетін әдетіміз бар. Сондай отырыстардың бірінде Рамазанның негізгі қызмет түрі кофе бизнесімен айналысатынын білдім. Сол кезде бірден өзіне жұмысқа алуын өтіндім. Қызық болғанда, келесі күні сол «Daily cup» деп аталатын кофе-барға кассир қызметіне жұмысқа орналасып, бір жылдай жұмыс істедім. Бірақ кофе бизнесімен айналысу туралы идея есімнен кетпей қойды. Бизнестің бұл түрі расында да таза, жинақы, адамдарға қуаныш сыйлайды. Несін жасырайын, қолымда небәрі 200 мың теңгем болды. Бір күні кезекті ауысымда тұрғанымда туған ағам хабарласып, бірлесіп бизнес ашуға ұсыныс жасап, идея сұрады. Ойланбастан кофе-бар кәсібін ашуды ұсындым. Ол кезде ағам Атырауда тұратын. Астанадағы бәсекелестікке төтеп береу үшін тәуекел қажет. Сол себепті, 2020 жылы Атыраудағы «Көктем» сауда орталығынан кофе-бар аштық. Оның ашылуына бас-аяғы 800 мыңға жуық қаражат жұмсалды. Бұл үнемді болды деп есептеймін. Өйткені, кофемашина, кофе ұнтақтағыш секілді дүниелерді жалға алушы едік. Тек бастапқы шығындарына, кейбір құрал-жабдық пен жиһаздарға қаражат жұмсадық, – деді Темірлан Нұрланұлы.

Бір жылдай жанын салып жұмыс істеген ол әрбір тұтынушыға, қонағына құрметпен қызмет көрсетіп, бариста, кассир қызметтерін атқарады. Тіпті кейбір тұтынушы кофенің дәмінен бұрын, қызмет сапасы үшін келеді екен. Әрі қарай меңгерген тәжірибесін Темірлан командасына үйретіп, өзі үлгі тұтатын Starbucks Corporation компаниясының қызметі секілді жұмыс істеуді мақсат тұтты, өйткені көздеген межесі де сол еді. Компаниясының өрісін кеңейтіп, қаладан екі-үші нүкте ашуды да жоспарлайды. Бір орында тұрып қалмай, дамуға бет алады. Сол бір жылдың ішінде команда жасақтап, өзін алмастырып, ауысымға шығатын жұмысшылары да пайда бола бастады. Ісі ілгерілеп, өтімді аумақтан кофе-бар ашады.

– Менің замандастарым қолындағы мүмкіндікті пайдаланып, қай іске болса да тәуекел етіп кірісіп кетуі керек деп ойлаймын. Аллаға шүкір, кәсібіміз жүріп кетті, әрі қарай да жұмыстанып жатырмыз. Егер адам іс бастамас бұрын ұзақ ойға берілсе өзін-өзі іштен жей береді, түрлі негатив ойлар да мазалайды. Кейін сол істі жасамағанына өкінетін кездер де болады. Сондықтан өз тәжірибем арқылы білетінім, сол жолда тоқтап қалмай, соңғы нәтижесіне дейін тырысып бағу керек, – деді жас бизнесмен.

Көпшіл, тез тіл табысқыш жігіт айналасына қуаныш сыйлап, күліп жүргенді ұнатады. Оның айтуынша, кофе-бардағы негізгі мақсат – сапалы қызмет көрсете білу. Қай салада да тұтынушымен ортақ тіл табысқан жөн. Осы қасиеттер оның бизнеске деген құлшынысын арттырып, бар ашқанда әуелі қызмет сапасына қатты көңіл бөледі. Жұмыскерлерге де қоятын талабы сол. Ал бариста болып жұмыс істеу – таза, эстетикалық тұрғыдан да жаныңа жақын, ең бастысы адал қызмет. Жас кәсіпкер осылайша өзі құралпы жастарға үлгі көрсетіп, еңбек еткен адамның ұтылмайтынын дәлелдеп келеді. Ұмтылыс, талап, жігерді ұштастыра білген Темірланның кәсібін дөңгелентіп, істің көзін таба білген ұтқырлығына тәнті боласыз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз