Интернет-алаяқтық: 3 айда 145 дерек

d963a806 b04f 41b3 8520 6aa8cecd061415 Жаңалықтар

Жыл басынан бері облыста 145 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Бүгінде оның ішінде 18-і ашылып, қалғаны әлі тергелу үстінде.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы кибер қылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Асхат Нұрманов баспасөз брифингінде мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Интернет-алаяқтық қылмыстарының бірнеше түрі бар. Соның ішінде, Атырау облысында «Жалған телефон нөмірлерін пайдалана отырып, ашық көздерден дербес деректерді алу» арқылы жасалатын түрі жиі кездеседі. Осыған байланысты маман азаматтарға бірнеше жағдайды есте ұстау керектігін қатаң ескертті.

-Ешқашан құқық қорғау органдары және банк қызметкерлері дербес банк мәліметтерін сіз арқылы сұрауға құқықтары жоқ. Сондай-ақ аталған қызметкерлер алаяқтарға қатысты іс-шаралардың жүргізіліп жатқандығы туралы телефон соғып мазаламайды. Ондай жағдайларда қоңырау шалып тұрған адамға мемлекеттік тілде сөйлеп, түсіндіруін талап етіңіз. Сол сияқты өзіңізге, туысыңызға немесе танысыңызға қатысты білетін мәліметтерді белгісіз адамдарға айтпағаныңыз, хабарламағаныңыз жөн, – деді А.Нұрманов.

Сонымен қатар «Интернет-хабарландырулар бойынша тауарлар, қызметтер үшін алдын ала төлем жасау арқылы» жасалатын қылмыс түрі мен «Әртүрлі ойындарға, пайдалы инвестицияларға, мөлшерлік тапсырыстарға және басқа да қызықтыратын жобаларға қаражат салу арқылы» жасалатын интернет-алаяқтық қылмыстары да көбейіп тұр.

-Бүгінде технологияның дамуымен қатар интернеттегі қылмыс саны да артып отыр. Бұл тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің біріне айналды. Облыста интернет алаяқтығының саны өткен жылдың екі айымен салыстырғанда едәуір азайған. Десек те бұл тек екі айдағы көрсеткіш қана. Жыл соңында бұдан да әлдеқайда көп болуы мүмкін. Жыл басталғалы бері қылмыстың осы түріне қатысты 145 іс анықталды, – деді А.Нұрманов.

Оның айтуынша, интернет-алаяқтық қылмыстарын ашу оңайға түспейді, себебі қылмыстардың ізін жасыру мақсатында жәбірленушілерді алдап, олардың ақша қаражаттарын аударуға көндіргеннен кейін басқа бірнеше адамның есепшоттарына бөліп аудартады. Олар өз кезегінде тағы басқа адамдарға қаражаттарды аударуы мүмкін. Ақша қаражатын аударған азаматтарды анықтау кезінде олардың республиканың бірнеше облысында тұратындары белгілі болады. Мұның бәрі біраз уақытты, көп жұмысты қажет етеді, сондықтан болған қылмыстарды уақытылы ашуға кедергі.

Сондай-ақ ол, тұрғындарға ұялы телефонға хабарласқан белгісіз адамның жіберген өзіңіз білмейтін күмәнді сілтемеге кірмеген және жеке басыңызды куәландыратын құжаттардың суретін, сондай-ақ ұялы телефонға келген код санын ешкімге айтпау керектігін ескертті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз