Халықтық  дәстүрдің қадірі

enfdzwu0zqe 5aa7560b458bb Жаңалықтар

Өзіміз куәсі болып жүргеніміздей, бүгінде Көрісу бүкілхалықтық мерекеге айналып келеді. Бұрындары бұл дәстүр еліміздің батыс өңіріндегі облыстарға ғана тән болатын. Наурыз айының алғашқы күніне орайлас атап өтілетін мерекеде қыстан аман-есен шыққан ағайын бірімен-бірі жүздесіп, құшақ жая қарсы алысып, қуаныштарын бөліседі.

Осыған байланысты атаулы күннің қарсаңында көпті көрген көнекөз қариялардың бірі, Исатай ауданындағы Тұщықұдық ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Шәріп Сдихов ақсақалмен сұхбаттасып, ой-пікірін білген едік.

– Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, бұл халқымыздың ежелден бері қалыптасып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ізгілікке толы, тамыры тереңнен бастау алатын дәстүрлерінің бірінен саналады.  Бұл жыл мен жылдың алмасып, наурыз айының басталатын, яғни ескіше Жаңа жылдың алғашқы күні болып есептеледі. Себебі, сол кезден бастап 14 наурыз ескіше жылдың басы болып саналған.

Елдің батыс өңірінде «Амал мерекесі» деп аталған бұл күн қанша бір қиын-қыстау заманда да атаусыз қалмаған. Кішілер жасы үлкендерге сәлем беріп, ізет көрсетеді. «Бір жасыңмен!» деп төс қағыстырып, көрісіп, мәре-сәре күй кешеді. Мұны өзім жеті жасқа толған кезімнен білемін. Әрине, балалық шағым Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келгендіктен талай қиындықты бастан кешірдік. Ішерге ас, киерге киім таба алмай қиналған кездер де аз болмады. Соның өзінде рухы мықты, ерік-жігері күшті жұртымыздың сағы сынбады. Қайткенде де халықтық дәстүрдің тіні үзілмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасты.

Сұхбаттасушымыз айтқандай, шынымен біздің ата-әжелеріміз дәстүрді сақтап қала білді. Көрісу күнінің негізгі құндылықтарының бірі – адамдардың өзара қайырымдылығы. Өкпе-ренішін ұмытып, ізгілік таныту. Ең бастысы, бір-біріне деген риясыз көңілі, ағайын мен бауырға деген жақындығы, соған ұмтылуы. Соның айғағындай, жылдар бойы ренжісіп қалған ағайындар осы күні табысып, татуласып жатады.

– Менің кіндік қаным тамып, туып-өскен жерім – Нарын құмының төріндегі Жамбыл ауылдық кеңесі аталған елді мекен. Әрине, балалық шағымыз оңай болмады. Он-он бес шақырым жердегі мектепке жаяу барып-келетінбіз. Әйтсе де, оқуға, жақсылыққа деген ынтамыз зор еді. Қазіргідей емес, ол уақытта Көрісу күнінде қазан асылып, аста-төк дастархан жайылып, тойланбайтын. Алайда, халық оны атаусыз да қалдырмайтын. Жұрт бірін бірі көріп, көңіл түкпіріндегі әңгімелерімен бөлісіп, сыр ақтаратын. Бұл күннің басты мәні де, маңызы да сонда жатқан сияқты болып көрінетін бізге. 

Әйтеуір,  әр үйде үлкенді-кішілі дастархан жайылып, оның  басында домбырамен ән шырқалып, әзіл айтылып, жұрттың көңілі көтеріңкі болатын.  Ақсақалдар жағы жас жігіттерге жырларды, толғауларды айтқызатын. Осылайша, мерекені сезінген көпшіліктің көңілі рухани тұрғыдан тоқ болатын, – деп жалғастырды әңгімені Шәріп ақсақал.

Оның айтуынша, бұл күні адамдар бір-біріне көрісе барып, ескі жылдан аман шыққанына шүкіршілік етіп, жылы-жұмсағын алға тосып, қыстан қалған соғымның сыбағасын табыстайды. Жастар қарттарға келіп, аман-саулығын біледі. Бұл алыстағы ата-анасын, бауырын, туған-туысын іздеп баратын мерекенің бірі.

Бұл күнде жасы тоқсанға таяған, осынау ғұмырында өмірдің ащы-тұщысын татып, біраз бейнетті басынан өткеріп, еңбегінің зейнеті мен ұрпағының қызығын көріп отырған ақсақалдың айтары әлі аз емесін аңғардық. Ғұмырының саналы бөлігін ауыл шаруашылығын өркендетуге арнап, атакәсіппен айналысқан, білікті мал маманы танылып, ферманы басқарған Шәріп аға бүгінгі тақырыптың өзегіне, әңгіменің арқауына айналған сонау ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен көрісу күнінің мәні еліміз егемендігін еншілеп, мемлекетіміз тәуелсіздігін алған шақта артып, мәртебесі биіктеп, бүкілхалықтық мерекелердің санатына қосылғанына қуанышты екенін,  кішілер келіп көріссе, балаша мәз болып, бір жасап қалатынын да жасырмады.

Сұхбатымыздың соңында ағынан жарылып: «Шаңырақтарыңыз шаттыққа, дастархандарыңыз береке мен ырысқа, әр күндеріңіз мерекеге, өрісіміз малға, үйіміз жанға толсын, шығып жатқан бір жастарыңыз құтты, еліміз бай-қуатты, өмірлеріңізге жақсылық пен сәттілік серік болсын!» деген ақсақалдық батасын беруді де ұмытпады.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз