ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ МЕРЕКЕ

Қазақтың асқақ ақыны Ғафу Қайырбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы кезінде:

Сынға түскен екіұдай тұста мына,

Қарамайды ол бақытқа, бас қамына.

Лайық ол, байқасаң, қазақ түгіл,

Әлемді де әдемі басқаруға! – деп жазғаны бар еді. Осы бір шумақтың өзінен ақынның ажарлы теңеуі ғана емес, көрегендігі де көзге түседі. «Әлемді де әдемі басқаруға» дегенде ақын алғы күндердегі Елбасының алар биіктері мен шығар асқарларын сезініп, сеніп жазған. Ақынның бұл жарқын теңеуі АҚШ-тың бүгінгі Президенті  Барак Обаманың  «Сіздің еліңіз егеменді, тұрақты және өркендеген мемлекет ретінде өзінің дамуында маңызды табыстарға қол жеткізді» деген шынайы пікірімен үндессе, Қытай елінің бұрынғы Басшысы Ху Цзиньтао «Тәуелсіздік жылдары Сіздің басшылығыңызбен еңбексүйгіш те ақылман Қазақстан халқы өзінің қажырлы да жасампаз еңбегімен дамудың дұрыс жолын таба білді» деп бұл ойды одан әрі ұштай түседі. Ресей Президенті Владимир Путин «Мен Сізге алғыс білдіремін» деп ыстық ілтипатын білдірсе, Түркия Президенті Абдолла Гүл: «Нұрсұлтан Назарбаев – күллі түркі дүниесінің Көшбасшысы» деп ағынан жарылады. Мұндай сүйінішті лебіздердің өзінен тұтас бір энциклопедия жасақтауға болады.

Ал, ең басты баға – Мемлекет басшысына өз халқының берген бағасы. Оның қандай екенін білгіңіз келсе, Елбасы өңірлерді аралаған кездегі халықтың оған деген ықылас-ниетін көріңіз. Сондай сәттерде әркімнің де көңілін өз еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезім кернеп, жаныңды шуаққа бөлейді.

Тәуелсіз Қазақстан халқын жиырма жылдан астам уақыт бойы бейбітшілік пен ынтымаққа бастап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халқымыздың, мемлекетіміздің рухани әлемін жаңғыртып, жаңартудағы жанқиярлық еңбегін ұлтқа адал қызмет жасаудың теңдессіз көрінісі деп бағалаймыз.

«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» деген жүрекжарды жақсы сөздің авторы, жаңа тұрпатты мемлекет орнатып, жер жүзіне оны толық мойындатып, әлемдік деңгейдегі қайраткерлік биіктікке көтерілген Тұлға  – Сіз бен біздің Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан, Тұңғыш Президент күні – 1 желтоқсан Қазақстан тарихындағы атап өтуге тұрарлық мерейлі мереке күні.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз