Бітімгер елдің бірлігі бекем

su Жаңалықтар

Әр күніңді алаңсыз өткеру – адамға берілген бақтың ең баяндысы. Бүгінде біз сол бақыттың бел ортасында бал дәмін татып жүрген берекелі елміз. Соғысты көргеніміз, дүрбелеңді сезгеніміз жоқ. Соңғы отыз жылда қастерлі тәуелсіздік ұғымын жаттап өстік. Төл тарихымызды оқып, ата-әжемізден естіген ақиқат-аңыздарды ойға түйдік. Ең бастысы, еркіндігіміз, елдігіміз, ертеңге деген сеніміміз бар. Тәубе!..

Басқа қонған тәуелсіздік бағы елдің маңызды инвестициялық аумағы ретінде Атырау жерін де адам танымастай  өзгертті. Отыз жыл ошақ басынан ордаға дейін оңтайлы өзгерістер әкелді. Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап-ақ Қазақ мемлекеті бейбіт саясат ұстанып, халықаралық қауымдастықта өз орнын қалыптастыру үшін маңызды саяси бастамалар көтеріп келеді.

Алғашқы қадам

Қазақстан халықаралық аренада маңызды мәселелерді көтеріп қана қоймай, түйінді мәселелердің оң шешілуіне тікелей атсалысып отыр. Елдің бітімгершілік бастамалары мен ішкі даму бағдарламалары да Орталық Азияда көш бастауға мол септігін тигізіп тұр.

Тәуелсіздік алған тұстағы маңызды қадамдардың бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім. Көрші елдердің ықпалы әлі басылмай тұрған тағдыршешті сәтте, 1991 жылы 29 тамызда әлемдегі санаулы ғана аса ірі ядролық полигонддардың бірін жабу туралы мемлекеттік актіге қол қойылуы Атырау өңіріндегі Тайсойған және Азғыр әскери-стратегиялық сынақ алаңдарының жұмысына да тыйым салды. Тұңғыш Президенттің елдегі қиын ахуалды бейбіт жолмен реттей отырып, әлемдік ахуалға ықпал ететін батыл қадамдарға баруы саясаттағы болжампаздығын байқатты. Ядролық қарудан бас тарту елдің халықаралық бейбіт саясатты ұстанғанын көрсетті. Өйткені, егемендікке қол жеткізгенмен елдің етек-жеңін жинап, еңсесін тіктеуі оңай болған жоқ. Бұл жолда тұңғыш Президенттің елеулі еңбегі жатыр.

Ядролық қарудан бас тарту – Қазақстан тарапынан халықаралық маңызы бар бастамалардың ең алғашқысы. Семей ядролық полигоны жабылған соң, Кеңестер Одағынан қалған үлкен ядролық арсеналдан 1992 жылы бас тартып, еліміз бейбіт саясатты ұстануды көздеді. Алайда, «бұл қарудан айырылудың қауіпті» екенін ескерткендер де аз болған жоқ. Тіпті, көптеген ислам елдері біздің «қаруға» құда түспекші де болды. Бірақ сол кездегі басшылық тек Қазақстанның тыныштығын ойлап қоймай, Азия құрлығы, оның ішінде Орталық Азия елдерінің болашағына да бейжай қарамай, оңды да дұрыс шешім қабылдады. Осындай батыл қадамға бара отырып, Н.Назарбаевтың АҚШ, Ресей, Қытай және Ұлыбритания сияқты әлемдік алпауыт елдерден Қазақстан тәуелсіздігіне беретін кепілдіктерін алуы – айта қаларлықтай зор жетістік.

Әлемдік саясаттағы әккі саясаткердің әрекетін қолдану арқылы жас Қазақ елінің экономикалық дамуына арқау боларлық инвестициялар келе бастады. Егер мұндай сәтті бастама болмағанда, Солтүстік Корея немесе Иран мемлекеттері сияқты халықаралық оқшаулауға түсіп, қазір үлкен дағдарысқа түсер ме едік, кім білсін?!

Дінаралық түсіністік татулыққа бастайды

Бүгінде елордамыздың атауы биік мінберлерден саяси-экономикалық форумдарға қатысты ғана емес, дін саласындағы түйткілді тақырыптардың түйінін тарқату ісіне байланысты да жиі айтылады. Астананы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын қосатын бейбітшілік алаңына айналдырған тұңғыш Президент 2003 жылы қоғам мен мемлекеттердің дамуындағы діннің ерекше ролін ескере отырып, әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу туралы ұсыныс жасап еді. Сол жылғы 23-24 қыркүйекте әлемдегі көшбасшы діндердің жетекшілері Сарыарқа төсіне табан тіреп, тұңғыш съезін өткізді.

І съезд декларациясының маңызы өте жоғары, себебі бұл басты құжат әлемдік және дәстүрлі діндердің өзара тоғысу нүктелерін анықтап, ортақ құндылықты айқындады. Онда: «Діни нанымдар мен уағыздардың алуан түрлілігі өзара күмәндануға, кемсітуге және жәбірлеуге емес, дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара түсіністік пен үйлесімділікке әкелуі керек. Діндер төзімділік пен өзара түсіністікті барлық халықтардың бейбітқатар өмір сүруінің елеулі тетігі ретінде танып, үлкен ынтымақтастыққа ұмтылулары керек», – деп көрсетілген.

Мұндай кездесу өткізудің идеясына сол кездегі Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзянь Цземинь, Нельсон Мандела сияқты ірі саяси тұлғалар қолдау білдірді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашып, күш көрсету, экстремизм және терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарды еңсеруге ықпал ете білді. Содан бері олар 2006, 2009, 2012, 2015, 2018, 2022 жылдары бас қосыпты.

Былтыр өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі текетірестерден шығу жолын көрсететінін атап айтқан болатын.

– Қазір 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез- келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды. Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында, –  деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ғаламдық рухани дағдарыстарға бірлесіп қарсы тұруға осындай қадамдар жасап отырған Қазақстан бұл бағытта әлі талай шараларға ұйытқы болары сөзсіз.

Астана – диалог алаңы

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан көп векторлы саясатты барынша бекем ұстанып келді. Мұны елдің сыртқы саясатта жеткен жетістіктерінің бірі деп айтуға әбден болар. Мысалы, Астана экономикалық форумы ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңына айналды. Форумда 120 елден әлемге танымал саясаткерлер мен сарапшылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, түрлі қаржы институттары мен бизнес қоғамдастық өкілдері бас қосады.

2008 жылы өткен алғашқы форум сол кезде басталып жатқан әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылап, бірден ықпалды халықаралық алаңға айналып үлгерді. Жыл сайын өтіп келе жатқан экономикалық сұхбат алаңында әлемдік өзекті экономикалық және қаржылық проблемалар талқыланып қана қоймай, онда нақты шешімдер Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да түрлі халықаралық ұйымдарға ұсынылуда.

Биыл өткен Астана халықаралық форумы – осыдан 15 жыл бұрын басталған Астана экономикалық форумының жаңа сипаттағы жалғасы. «Диалог арқылы сын-қатерлерлі еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» тақырыбындағы форум дүние жүзінің экономикалық және аймақтың ынтымақтастық мәселелері ғана емес, климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік секілді өзекті тақырыптарды да талқыға салды. Негізгі идея – мемлекеттердің арасын алшақтатып жатқан геосаяси шиеленіс кезеңінде бірігуге, ынтымақтасуға, ықпалдасуға тырысу.

Ақ жол болған ақ бата

Шынында, үй мен түздегі көрініс – осы 30 жылдан астам уақыт ішінде атқарылған еңбектің айқын жемісі. Ауыл-аймақтан бастап алып шаһарларға, әлем елдерімен қарым-қатынасқа дейін ауқымды өзгерістер әкелген бұл кезеңнің біз үшін ғасырға татитыны да сондықтан.

Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік институтты қалыптастыру, әлем елдерімен байланыс орнату, шекараны бекітіп, көп ұлтты елдің бірлігін сақтау сынды аса маңызды міндеттер күн тәртібінде тұрды. Солардың әрқайсысына байланысты қабылданған маңызды шешімдер тиімділігін де көрсетті.

Кеңес Одағы ыдыраған күрделі кезеңде республика Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 16 қазандағы кезектен тыс сессиясында «Қазақстан Республикасының Президентін сайлау туралы» Заң қабылданып, бүкілхалықтық негізде Президент сайлауы 1 желтоқсанға белгіленді. Сол жылғы 9-10 қараша күндері Атырау облысына арнайы сапармен келген республика Президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Назарбаев Жылыой және Қызылқоға аудандарында болып, халықпен кездесті. Сол жолы ол дүйім жұрттың алдында: «Қазақстанның 215 ауданын аралап шығу мүмкін емес, дегенмен алыста жатқан сіздердің аудандарыңызға жол түскеніне өте қуаныштымын», – деп, халықтың жылы ықыласына шынайы ризашылығын білдірген.

Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы селосындағы кездесуде Атырау жұртшылығы атынан сол кездегі Ленин атындағы кеңшардың шопаны, абыз ақсақал Тұманбай Сәтмағамбетұлы Нұрсұлтан Әбішұлына тұңғыш рет қазақы дәстүрмен ақ батасын берген еді.

Тәй-тәй басқан тірлік

Содан бері Атырау аймағының сыртқы келбеті ғана өзгерген жоқ, бұрын-соңды болмаған жетістіктірге қол жетті. Әу баста жалақы мен жәрдемақы, түрлі өтемақылар бойынша халық алдындағы қарыз жуық арада азаймайтындай көрініп еді. Әуелгіде ақшасына азық-түлік таба алмай ашынған аналардың әкімдік жағалап, аштық жариялағаны да тарихи шындық. Бірақ бұл тәуелсіздікке енді қол жеткізген жас мемлекет үшін кешірімді еді.

Халық басындағы қиындық бұлты елде қабылданған стратегиялық реформалар нәтижесінде біртіндеп сейілді. Ел ертеңіне сеніп, ештеңеге қарамастан жұмыс үздіксіз жүріп жатты. Мәселен, 1994 жылы өңірде белсенді жұмыс күші 175 мың адам болса, биыл 334 мыңға дейін жетіп отыр. Осы жылдарда Атырау облысындағы жұмыссыздық деңгейі 15,5 пайыздан 4,9 пайызға төмендеген. Тәуелсіздік жылдары облыста 256 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, оның 155 мыңы – тұрақты жұмыс орны.

Осылайша, басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсаты нәтижелі жүзеге асты.

Ел бейнеттен арылды

Сонау 90-шы жылдары аналарымыз бен жеңгелеріміздің күніне бірнеше мәрте от жағып, күл шығарғанын, қазандық құрып ас салғанын көрдік. Ер-азаматтар жыл сайын қыстың қамын ойлап, күрекпен алақаны алынғанша қи ойып, оны қораға саңылау қалдырмай тас қалағандай жинайтын. Ал, қаланың халқы «Гортоптан» ұзынсонар кезек күтіп алған көмірді күн сайын қазандыққа есептеп салып жағушы еді. Көмір жетпегендері тамыр-таныс жағалап Атырау мұнай өңдеу зауытынан кокс алып жағып, оның сырын білмегендердің қыстың көзі – қырауда пешін жарып алып, әлекке түскенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Ал, көмір қиға қарағанда жылуын ұзағырақ сақтайтындықтан ауыл адамдары үшін «қара алтындай» көрініп, оған қол жеткізе алмай жүретін.

Міне, таза еңбекпен, ауыр бейнетпен күнелткен сол бір уақыт бүгінде көзден бұлбұл ұшты. Өйткені, 90-шы жылдардың басында Құлсары қаласы мен Индербор кентінде ғана газ болса, 1995 жылы Атырау қаласының кейбір аудандарын табиғи газбен қамту жұмыстары басталды. Содан бері облыс аумағында 3900 шақырым газ желісі тартылды. Осылайша, өңір тұрғындарының табиғи газбен қамтылу деңгейі 12 пайыздан 99,7 пайызға дейін ұлғайды.

Егемен ел болған соң қолға алынған тағы бір іс – халықты ауыз су және электр желісімен қамтуға қатысты ауқымды жобалар. Қарап отырсақ, содан бері облыста 2480 шақырым ауыз су желісі тартылып, орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 35 пайыздан 99 пайызға дейін артыпты. Бір кезде иінағашпен тасып әкелген суын тұндырып ішкенде саулығы сыр бермеген Жайық бойындағы жерлестерімізді айтпағанда, Азғыр мен Тайсойғандағы ел де баяғыша құдықтан қауғалап су тартуды ұмытып қалды бүгінде. Қазір Атырау облысы – өмір сапасының осындай маңызды көрсеткіштері бойынша елдегі көшбасшы өңір.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында бір ғана «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ өндіретін электр қуаты небәрі 239 МВт болатын. Қазір өңірдегі барлық электр станцияларының қуаты еселеп артып, 1619 МВт-қа жеткен.

Жылдармен бірге жаңарған…

Мұнайлы аймақтың бүгінгі «Атырау» аталуы да тәуелсіздік алған соң – 1992 жылғы жетістік. Бұл жерді жайлаған елдің келешегі зор, бара-бара қаланың Азияға жол ашатынын түсінген патша өкіметі 1640 жылы Ярославль көпесі Гурий Назарьев пен оның балаларына Жайықтың теңізге құяр сағасынан қалашық салуға рұқсат етеді. Біршама қиындықпен 1662 жылы бекініс салынып біткен соң қазақтың жерін өзіне билетпей, оны патша жарлығымен «Гурьев» атады. Бірақ бұл жерді Алтын Орда дәуірінен бері жайлаған жергілікті жұрт қаланы «Үйшік» деп атаушы еді.

Шамамен XVI ғасырдың соңғы ширегінен басталатын қала тарихының қазіргі «Орбита» телестанциясы маңындағы «Ақтөбе Лаэти» (бір деректерде Даик) қалашығының жылнамасына қарай тарта беретінін соңғы кезде мамандар жиі айтып жүр.

«…Мен қаланы қиын кезеңдерде басқардым. Ол кезде қала балшықтың бел ортасында тұрған еді. Қазіргі Азаттық, Махамбет көшелері саман тастан салынған ескі үйлерден көрінбейтін. Орталық көпір де болған жоқ. Осындай қиын кезеңде химия зауыты салынды. Атырау жылу-электр орталығын іске қостық. Көшіп келушілер саны едәуір көбейіп, қала өсе бастады. Бірақ Атыраудың ең басты байлығы – мұнай мен балық Мәскеуге бағынышты болды. Республиканың қолында билік бола қоймады. Ірі құрылыс салу үшін, өзге де мәселелерді шешу үшін міндетті түрде Мәскеудің алдынан өтіп, рұқсат сұрайтынбыз…» Бұл – Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев ақсақалдың естелігі.

Халық шынында да қолындағы байлықтың несібесін көре алмаған қиын кездерді бастан кешті. Дегенмен, ғасырлар белесінде талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерген өңір тәуелсіздік таңы атқан сәтте айтарлықтай көркейді. Облыста сәулет және қала құрылысы саласы қарқынды дамып, елді мекендердің келбеті жақсарды. Қаланың бас жоспары бекітіліп, зәулім сарайлар бой көтерді. Мәселен, 1991 жылы облыста бар болғаны 163 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, одан бері 12 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Анығырақ айтсақ, 30 жылда тұрғын үй құрылысына 640 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды.

Қала іргесінен жаңадан көп қабатты үйлерден тұратын шағынаудан, әр аудан орталығында жыл сайын бірнеше көп қабатты үйлер салынып жатыр. Бұл да елдің өскені!..

Жол мұратқа жеткізеді

Көлік-коммуникация кеше-нінің маңызды салаларының бірі – автокөлік жолдары да жыл санап жаңарып келеді. Әсіресе жолдың санына емес, сапасына баса назар аударылып отыр. Ауданаралық, қалаішілік көлік жолынан бөлек, республикалық маңызға ие автобандар да қолға алынды.

Облыс көлеміндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3047 километр. Ал, соңғы 30 жылда өңірде 2200 шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөндеуден өткен. Бүгінде республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан (Ресей шекарасы)» жолының облыс аумағына қарасты 432 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін Жайық өзені арқылы өтетін қалада 4 көпір салынса, Махамбет пен Индербордан бір-бірден – барлығы 6 автокөлік көпірі ел игілігіне берілді. Енді Талғайраң ауылы тұсынан тағы бір көпірдің құрылысы басталды.

Халқымыз «жол мұратқа жеткізеді» дейді. Әлеуметтік әлеуеттің жарқын көрінісі жолдардың жаңаруы аймақтың ахуалына да оң бетбұрыс әкелуде.

Түйін:  

Шынында, елдің дамуы егемендік алудан басталды. Әлемге танылып, талай тарихи белесті бағындыруға әр аймақ айрықша үлес қосты. Бұл істе әсіресе Атыраудың салмағы басым. Алғашқы ірі инвестор – «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының құрылуы өзге инвесторларға жол ашты.

Осылайша, уақыт сынына қарамастан Атырауда ауқымды істер атқарылды. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Атырау Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаннан бері қалай дамығанының символы болып саналады» деген сөзі де қуаттай түседі.

Бәлкім бұрынғы кезді көріп, білмеген буын барлығы әу бастан осылай болған деп ойлауы кәдік. Бірақ анық жайт – қаланы айтпай-ақ, бұрынғы ауыл мен бүгінгі ауылдың айырмасы жер мен көктей. Шетелдік көлік арман еді. Сандық технология ұғымы қиял-ғажайып ертегі сынды болатын. Ұшақтар да сағат сайын самғамады…

Тәубе, Тәуелсіздік таңы!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз