БІРЕГЕЙ БІЛІМ ОРДАСЫ

Атырау қалалық лицейі оқушыларының слетінен

Кеше Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Кемел білім – нұрлы болашақ» тақырыбында Атырау қалалық лицейі оқушыларының слеті өтті.

Жаңа оқу жылында пайдалануға беріліп, тұсауы кесілген осынау бірегей білім ордасында бүгінгі таңда 182 дарынды өрен дәріс алуда. Олардың қатарында облыс орталығынан бөлек Жылыой, Мақат және Исатай ауданы тәрізді мұнайлы өңірлерден келген балалар бар.

Кеше физика-математика бағытында білім беретін, елімізде алғашқылардың қатарында ашылып, 2015-2016 оқу жылындағы бірінші тоқсанын өткізіп отырған қалалық лицей оқушыларының тұңғыш слетіне Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан арнайы келді. Ол ұстаздар мен шәкірттерді, ата-аналарды лицейдің алғашқы қадамымен құттықтап, баршасына табыс пен сәттілік тіледі.

Келесі сөз кезегін еншілеген Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев шәкірттерге Тілек хатын, лицей басшылығына жаңа автокөліктің кілтін тапсырды. Мұнан кейін мінберге көтерілген облыстық білім басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова ұстаздардың бір тобын Алғыс хатпен марапаттады. Одан кейін  Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Атырау мұнай және газ институтының өкілдері сөз алып, жылы лебіздерін білдірді. Соңынан аталған жоғары оқу орындары мен Атырау қалалық лицейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.  Өнерлі өрендер сазды бағдарламасын ұсынды.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз