Бақтықожа Ізмұхамбетов Ақжайық ауылының тұрғындарымен кездесті

8f2b7eda a6dc 42f1 9059 2f65fc003b05 Жаңалықтар

Бүгін Махамбет ауданы, Ақжайық ауылында Қазақстанның Еңбек Ері, Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовпен кездесуге арналған «Екі дос» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Осыдан 60 жылға жуық уақыт бұрын ауылдағы алтын ұя Қызылүй орта мектебін тәмамдаған Бақтықожа Салахатдинұлы түлеп ұшқан ауылдағы тұрғындармен ашық-жарқын жүздесіп, өткен шақты ерекше ықыласпен еске алды.

8fbe6e23 c7ff 409c 941f f355f8d90f33

Ел азаматымен кездесуге көршілес Есбол, Ортақшыл ауылдарының тұрғындары да қатысып, мәдениет үйінің іш лық толды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, ел ағасына жылы лебізін білдірді.
– Әрбір ел өзінің ең басты байлығы адамдарымен мақтанады. Атырау өңірі ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі тұлғаларға өте бай өлке. Солардың бірі – ауылда өсіп, мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған Бақтықожа Салахатдинұлы. Кіндік қаны тамған жері Нарын құмының төрі болса да қызықты балалық шағын Ақжайық ауылында өткізген. Үлкен өмірге де осы ауылдан жолдама алған. Сол кездегі мұнайшылар дайындайтын ірі оқу орнын үздік бітіріп, қарапайым мұнайшыдан бастап, өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында өз саласының министрі лауазымына дейін жеткен. Атырау облысын басқарған жылдары елеулі экономикалық серпін болғаны белгілі. Сол уақыттары өңірде ірі жобалар жасақталып, халық олардың игілігін көріп жатыр.

eb680aea 532f 4239 94d5 bc5c18c43191

Соның ішінде Атырау-Индер тас жолы, Азғыр өңірінің газбен қамтылуы, Махамбет ауылынан өтіп жатқан облыстағы ең ұзын көпірдің құрылысын салуға айтарлықтай үлес қосты. Өзі басшылық жасаған кезде ауыл мен қалаға бірдей жағдай жасауға тырысып, халыққа қызмет етті. Соның дәлелі Ақжайық ауылынан мәдениет үйі, емхана, спорт алаңдары салынып, ауыл толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді, – деді Марат Бисенғалиұлы.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында іссапарда болған Бақтықожа Салахатдинұлы мұнайлы өлкенің ерекше ілтипат танытып жатқанына разылығын жеткізді.
– Осы уақытқа дейін түрлі қызметте 50 жылдан астам уақытын еңбек еттім. Менің қандай да бір жетістігім болса оған Атыраудың, соның ішінде Ақжайықтың айрықша орны бар. Осы ауылдағы қадірлі ұстаздардан білім алдық. Адамның бақыты да болашағы да өзіне байланысты. Егер адам ерінбей адал еңбек етсе армандаған дүниесіне қол жеткізе алады, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Келелі басқосуға Бақтықожа Салахатдинұлы әріптесі, VIII сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи, мектеп табалдырығынан бір атаның баласындай бірге өскен досы, Атырау облысының Құрметті азаматы Мұрат Өтешов, еңбек ардагері, сыныптасы Владимир Сандыбайұлы қатысып, естеліктерімен бөлісіп, ақжарма тілектерін арнады.
Кездесу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов аудан тұрғындары Сәнім Ещанова, Дариға Есмұханова, Үміт Әбуованы «Ардақты ана» алтын белгісімен, Қуаныш Нұралиевті Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына шығарылған «Дауылпаз» медалімен марапаттады.
Мәдениет үйіндегі ресми іс-шараның соңы белгілі өнер иелерінің ән-шашуына ұласты.

Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз