Ауған соғысынан аман оралған жауынгердің естелігі

bolat aga Жаңалықтар

Ауғанстанда 1979 жылы сәуір айында төңкеріс болып, оның аяғы соғысқа ұласты. Бұл қасірет ел ішіндегі ғана емес, сыртқы күштердің де қатысуымен ұзаққа созылды. Одақпен іргелес жатқан елге басып кіру Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшелері Ю.Андропов, Д.Устинов, А.Громыко сияқты санаулы ғана мүшелерінің аяқ астынан қабылдаған құпия шұғыл шешімімен басталды.

Ауған соғысы 1979 жылғы желтоқсаннан 1989 жылғы 15 ақпанға дейін, 2238 күнге созылды. Нақтырақ айтсақ 9 жыл 1 ай 19 күнге жалғасқан бұл қанды қасап 14453 кеңес жауынгерінің өмірін қиды. Соғыста Кеңес әскерінде 80-104 мың, ауған демократиялық күштерінде 50-130 мың әскер болса, оған қарсы АҚШ қолдаған оппозициялық күштер жағында 25-140 мың адам ұрыс жүргізді. Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. 1989 жылы 15 ақпанда Өзбекстандағы Термез шекаралық көпірінде 40-армия қолбасшысы генерал-майор Б.Громов Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан толық әкетілгенін бүкіл әлемге жариялады. Ауған соғысы кезіндегі қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, қажыр-қайраты, олардың от пен оқтың ортасындағы жанкешті тағдыры, бір-біріне деген жолдастық және бауырмалдық көмегі бүгінгі жастарымызға үлгі. Сол қанды қасапта ауданымыздың да өрімдей жастары Бауыржан Бегалиев, Василий Григорьев, Қадірбек Өмірбаев ерлікпен көз жұмса, Берік Құбаев хабар-ошарсыз кетті.

Ауғанстанның от-жалынында болған қазақстандық сарбаздардың бірі, Құрманғазы ауылының тұрғыны Темірболат Зинетуллиннің айтуынша, әскер қатарына Алматы қаласына 1979 жылдың 5 қарашасында шақырылған.

 – Одан кейін Сарыөзек қаласында 2 ай оқу-жаттығудан өттік. Айтылған мерзімнен кейін бронды транспортерлер, танкілермен Қырғызстанның Ош қаласына келдік. Өзбекстаннан 40-шы армия құрамында Тәжікстанға жеткенімізде халық бізді нан-тұзбен қарсылады. Ауғанстандағы жағдайдан хабар етіп, онда барғандар елге табытпен кетіп жатқанын ескертті. «Сендерді алдап соғысқа апара жатыр», деді.

 Ол кезде бұл құпия ұсталатын. Біз жауынгерміз, бұйрықты орындаймыз. Келіп қалған соң кері кетпейміз ғой. Тәжікстанның Гүлхан деген қаласынан Файзадабадқа көштік. Көп кешікпей 5 шақырым жердегі Ауғанстанның Құндыз деген қаласына жеттік. Мұнда еліміздегі азамат соғысы мен аштық кезінде Ауған жеріне өтіп кеткен қазақтарды көрдік. Жорық жолдарымызда көп қиындықтар кездесті. Автокөлікпен оқ-дәрі тасимыз. Жау алдымен әскери техникаларды жоятыны белгілі. Өміріміз қыл үстінде жүреді. Тау-тастың арасы, жау қай жерден күтіп тұрғаны беймәлім. Жердегі техниканы ғана емес, көктегі ұшақтарды, тікұшақты да атып түсіргенін естиміз. Тосыннан шыға келіп гранатометпен, зымыранмен атқылауы мүмкін. Талай жастар қапыда дұшпан қолынан қаза тапты. Жаңа піскен нанды көрмейміз. Екі жыл қатарынан кептірілген нан жедік. Аспан айналып жерге түскендей ыстықта судың өзі жетіспей, күніне 1 кружкеден беретін. Моншаға айына бір рет апарады. Соның бәріне төздік. Ауған жерінде жүргенде өлімді ойламайсың, бірақ, елге аман оралатыныңа да сенімді болмайсың. Екі жылдан соң Кеңес Одағының шекарасынан бермен қарай өткенде ғана жанымыз жай тауып, арқаны кеңге салдық, – дейді бізбен әңгімесінде жорық жолдарын еске алып.

Жалындаған жас шағында жат жердегі соғыста өмірдің осындай сынағынан өткен Темірболат Зинетуллин «Ауған соғысының ардагері», Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 10,15, 25,30 жыл толған мерейтойлық, «Бауыржан Момышұлы», «Сағадат Нұрмағамбетов» медалдарының иегері.

Қанат ҒҰМАРОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз