Атыраулық ұстаз қой етін жіліктеуге арналған электронды тақта жасап шығарды

qoj 1 Жаңалықтар

Қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жас ұрпаққа жаңаша форматта насихаттайтын «Qazaq dastur board» жобасы көпшілікті ерекше сүйсінтті.

Қазір әсіресе жастар арасында мал сойылғанда етті жіліктеу, табақ тарту рәсімдері ұмытылып барады. Осы орайда жылыойлық өнертапқыш Қуаныш Шалабаев қой етін жіліктеуге арналған электронды тақта дайындапты. Мұнда қойдың бейнесі салынып, әр жіліктің атауы бөлек көрсетілген. Жіліктің атауын білу үшін суреттегі кез келген нүктені бассаңыз, оң жақта жазылған жазудың үстінен жарық жанады.

dasturr

– Бұл арқылы біз салт-дәстүрді жас буынға STEAM бағытында үйретеміз. Жоба Arduino бағдарламасын қолдану арқылы жасалды. Дәл осы әдіспен табақ тартуды да меңгерте аламыз. Ал, екінші тақтада төрт шеңбер беріліп, оған бас табақ, құдағи табақ, күйеу табақ және қыз табақ деп атаулар берілді. Жанындағы жіліктердің батырмасын бассаңыз қайсысы қай табаққа салыну қажеттігі сізге белгі жанумен көрсетіледі, – деді Жас техниктер станциясы робототехника үйірмесінің жетекшісі Қ.Шалабаев.

Ол – бүгінге дейін ауданда оқушыларды робототехника үйірмесіне баулып жүрген білікті маман. «ABAY GYLYM FEST» ғылыми фестивалінде мұғалімдер арасындағы жарысқа ұсынған Қуаныштың осы жобасы І орынды жеңіп алды.

Алтыншаш Құрмашева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз