Атыраулық полицейлер тасжолда толғақ қысқан үш әйелді перзентханаға жеткізді (+видео)

policiia Жаңалықтар

Атыраулық полицейлер демалыс күндері  тасжолда қалып қойған үш  жүкті әйелді жедел түрде облыстық перзентханаға жеткізді. Үшеуі де аман-есен босанып, баласын бауырына басты, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Сенбі, жексенбі күндері облыста қатты жел тұрып, аяз қысқаны белгілі. Демалыс күні толғақ қысып, перзентханаға қарай жолға шыққан отбасының көлігі бұзылып, жолда қалады. Абырой болғанда республикалық маңызы бар тасжолдарда күні-түні дамыл таппай қызмет ететін патрульдік полиция қызметкерлері жолығып, аяғы ауыр әйелді медицина мекемесіне аман-есен жеткізді.

«Мәселен, патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторлары полиция капитаны Асланбек Бейсембаев, Нұрлыбек Бақытжанов және полиция аға лейтенанты Тұрар Қибашқа Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолының 597 шақырымы тұсында күнделікті ескерту жұмыстарын жүргізу кезінде Honda автокөлігінің жүргізушісі келіп, келіншегін шұғыл түрде облыстық перзентханаға жеткізуге көмек сұраған. Полиция қызметкерлері уақыт өткізбей жүкті әйелді облыстық перзентханаға аман-есен жеткізді», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Тура осындай оқиға Атырау-Орал тас жолы бойында патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторлары Алмас Бейсенғалиев пен полиция аға лейтенанты Жангелді Оспановтың қызмет атқаруы кезінде болды. Алмалы бекетіне жедел-жәрдем көлігінің бұзылғанын айта келген медбике полицейлерден жүкті әйелді облыстық перзентханаға шұғыл жеткізуді сұрады. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қызметтік автокөлікпен аяғы ауыр әйелді облыстық перзентханаға дер кезінде жеткізді.

 «Сонымен қатар Атырау-Орал тасжолы бойында толғағы қысқан келіншегіне көмектесуді сұраған отбасыға да шұғыл әрекет еткен полиция аға лейтенанты Бердібек Хабибуллаев пен Жангелді Оспанов көмекке келіп, аяғы ауыр келіншек уақытылы перзентханаға жеткізілді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Екі күнде, яғни 9, 10 желтоқсанда тәртіп сақшылары толғақ қысып, жолда қалып қойған үш ананы перзентханаға жеткізіп, бір ұл мен екі қыздың жарық дүниеге аман-есен келуіне себепші болды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз