Атыраулық инженер Қазақстандағы ең әдемі әйел атанды

7777777 Жаңалықтар

36 жастағы Аина Самиғатова Mrs. Globe Kazakhstan байқауынан «Mrs. Asia Globe-2023» титулын жеңіп алды.  Атыраулық ару енді  Қытайда өтетін ең әдемі әйелдер байқауында қазақ елінің атынан қатысады, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

12 қазанда Алматыда «Globe Kazakhstan» сұлулық байқауының финалы өткен болатын. Конкурстың негізгі идеясы отбасылық құндылықтарды қолдау, әйелдердің шығармашылық және өзін-өзі әлеуметтік жағынан жетілдіру мақсатын көздейді. Халықаралық байқау елімізде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр, жеңімпаздар жыл сайын  әлемдік аренада ел атынан қатысуға мүмкіндік алып жүр.

66666

 Сұлулық байқауы бірнеше кезеңде өтті. Бірінші кезеңде байқау қатысушылары бейнеролик түсіріп бір күнін көрсетті. Ал, финал қатысушылары алты ай бойы дайындалды. Сондай-ақ, шешендік өнер, дефиле бойынша тренингтер ұйымдастырылды. Байқау қорытындысында «Mrs. Asia Globe-2023» атағын Атырау қаласының қатысушысы Аина Самиғатова жеңіп алды. Ол енді әлемдік байқаудың тәж иегері Айбара Ғазизбен бірге Қазақстанның атынан Қытайға барып бағын сынайды. Дүниежүзілік сұлулық байқауы 10 наурызда Хайнань аралында өтеді, оған әлемнің түкпір-түкпірінен 80-ге жуық әйел қатысады деп жоспарланған.

666666

– Сұлулық байқауына алғаш рет қатысып отырмын. Мұнда әйелдердің сыртқы келбеті ғана емес, ақыл-ойы, жан-жақтылығы және қатысушылардың елдің дамуына қосқан үлесі бағаланды. Байқау барысында иесіз қалған жануарларға қамқорлық жасау, көмектесу тақырыптарын көтердім. Өзімнің ұсыныстарымды да айттым. Менің ойымша, бұл тақырып қазылар алқасының үлкен қызығушылығын туғызды. Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Айша, сән сарапшысы Лилия Рах секілді басқа да елімізге танымал тұлғалар өнерімізге баға берді, – дейді байқау жеңімпазы Аина Самиғатова.

Аина – НКОК компаниясының жоспарлау инженері. Қоғамдық жұмыстардың белсенді қатысушысы. Атырау қаласындағы панасыз қалған жануарларға көмек көрсететін қордың негізін қалаушылардың бірі. Бос уақытында спортпен шұғылданады үлкен жүзуге, тенниске және биге қатысады.

333333333

Айта кетейік, 25-50 жас аралығындағы ең әдемі әйел атағы үшін 17 қатысушы бақ сынаған болатын. Аталған конкурсқа Атырау облысынан екі үміткер қатысқан.

Нұргүл Насыр

 Суреттер Алина Самигатованың жеке мұрағатынан алынды

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз