АТЫРАУЛЫҚ АҚЫННЫҢ ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН ДӘПТЕРЛЕРІ ТАБЫЛЫП, ТАРИХШЫЛАРДЫ ТАҢҚАЛДЫРУДА…

img 20220118 wa0035 Жаңалықтар

…КЕЗІНДЕ КӨРНЕКТІ ЖАЗУШЫ ҒАБИДЕН МҰСТАФИН БЫЛАЙ ДЕГЕН ЕДІ: «ГУРЬЕВ ОБЛЫСЫНДА КЕҢ БАЙТАҚ ДАЛАМЕН ЖОЛ ҮСТІНДЕ КЕЛЕ ЖАТҚАН ЕКІ ЖОЛАУШЫМЕН КЕЗДЕСЕ ҚАЛЫП, ЖӨН СҰРАСАҢЫЗ, БІРЕУІ ӘН САЛАТЫН, БІРЕУІ ДОМБЫРА ТАРТАТЫН БОЛЫП ШЫҒАДЫ».

Шынында да солай, Атырау – ежелден өнер дарыған өлке. Біздің жақта домбырасыз үй ілуде біреу ғана кездеседі. Туған халқымыздың қанына сіңіп, ерте заманнан дəстүріне айналған мол мұрасының бірі – жыраулық өнері. Сол өнердің құдіретін жанына сері кеткен Айтмағамбет Қуанышұлы Лұқпанов еді. Атасы Лұқпан – Исатай-Махамбет бастаған көтерілісте жойқын күші, көзсіз батырлығымен көзге түскен, жазалаушы отрядтың қ о л басшысы, полковник, ж ау болса да К.К.Гекке мойындаған атақты Қабыланбай батырдың баласы. 1902 жылы Тайсойған ауылында туған Айтмағамбет зоотехник мамандығы бойынша Қызылқоға ауданының ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтерде істеген. 1969 жылы қайтыс болған ақын ата-баба қауымы – Қалаулыға жерленген.

2003 жылы «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының «Тайсойған-Бүйрек ақындары» атты 51-кітабында құрастырушы, өлкетанушы Төлеген Жаңабайұлы Айтмағамбеттің батырлар мен аруақтылар өрбіген Ысық руындағы Пұсырман бөлімінің бірегей перзенті екенін атап көрсетіп: «…өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап жыр додасына түскен Айтмағамбет Лұқпановтың термелері мен толғауларын алып қараңыз, өздері өсіп-өнген жердің қытымыр қысындай бірде буырқанып, бірде долданады, бірде жазира жазындай жазылып, жаймашуақтанады. Ерекше екпін бар, кісіні жетектеп, ілгері ұмтылдыратын өршіл рух бар, поэтикалық қуат бар. Ешкімді бейжай қалдырмайтын серпінді күш. Əйтсе де, ақынның өмірдеректері мен əдеби əлемдері қалың көпшілікке кеңінен таныс емес», – деп жазды. Жинаққа ақынның «Ақындар», «Қор болар», «Жақсылар өзі байқағай», «Менің сөзім – тарих», «Өрнегін төктік үлгінің», «Бұрынғының сөзі хақ болар», «Қырықтың қырқасында», «Елу жылда ел жаңа», «Аралап халық көп жүрдім» сияқты топтамалары енгізілген.

Бір өкініштісі, ақынның әдеби мұрасы кезінде жинақталмаған. Айтмағамбет туралы алғаш қалам тербеген де Төлеген Жаңабайұлы, «Арқалы ақын Айтмағамбет» атты зерттеу-мақаласы «Қызылқоға» газетіне 1991 жылы жарияланды. Осы мақалаға орай Жасқайрат ауылының тумасы, мәдениет қызметкері Оржан Қазиевтің сол газеттің 2 қараша күнгі санындағы «Қазына» айдарымен жарияланған «Атадан қалған асыл сөз» мақаласында ақынның өзі білетін «Атадан қалған мұра көп», «Ақыл сөз», «Мінің бар», «Жалғандүние», «Мен бәйгенің тарланы», «Арыстан деген аң болар» атты жырларын жариялаған.

О.Қазиев мақаласында ақын-жырауды былай деп еске ала отырып жазған: «Мен Айтмағамбетті 1944- 45 жылдардан білемін. Талай үйге келіп, қона жатып өлең-жырға қарық қылып кететін. Ақынмен алғашқы кездесуім 1964 жылы болды. Сонда Айтекеңнің «Бала, менде шамасы үш кітап болатындай ескі жырлар жəне өзімнің 200-ге жуық терме сөздерім бар. Содан көшіріп, жазып алсаң берейін» дегені əлі есімде. Бірақ ол кезде жастық па, əйтуір неге екені белгісіз мəн бермеппін. 1960 жылы аудан орталығында үлкен шопандар тойы өтті. Сол тойға арнайы шақырумен ақиық өнер иесі Ғарифолла Құрманғалиев қатысты. Той күні кешкісін Айтмағамбетті əдейі шақыртып алды. Түнімен Ғарекең екеуі əн-жыр, терме айтып, ұзақ сырласты. Мен бүгін өзім білетін, ойымда қалған термелерін жазып отырмын. Сөйтіп Айтекеңнен қалған қазынаны халық игілігіне айналдыруды мақсат еттім».

Біз де марқұм Орекең сияқты айтулы ақынның артында қалған қазынасын халық игілігіне айналдыруды басты нысана етіп, архив қорынан табылған мұрасын иненің жасуындай болса да кəдеге асар деген оймен жариялауды мақсат тұттық.

Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінде жазушы Берқайыр Аманшиннің жеке тектік қорында ақын-жыраудың өлеңдері жазылған екі дәптері сақталған. Біріншісінің мұқабасында «1.1. 1946 ж. Шығарма. Өлеңдер иесі – Айтмағамбет Лукманов 1902 жылы туған. (Зоотехник). Қызылқоға ауданы, Гурьев облысы» деп жазылса, ал екінші дәптердің мұқаба бетінде «1947 жылы январьда жазылып алынды», келесі бетінде «Айтмағамбет Лукпанов 1902 жылы туған. Руы – Ысық, оның ішінде – Ораз. Ауд. мал шаруашылық бөлімінде зоотехник. Тұрағы – Қызылқоға поселкасы» деп жазылған. Бірінші дәптер 34, ал екінші дәптер 19 парақтан тұрады.

Сонымен, екінші дəптердегі ақынның «Бұл Байұлы елінде» термесі назар аударарлық.

Бұл Байұлы елінде

Атақты сондай ақын бар,

Атағы таудай батыр бар,

Алып, балуан, асыл бар.

…Əуелі бастап айтайын

Сұлтансиық ішінде

Байбақты деген руды

Қарсы болған патшаға

Даттың ұлы Сырымды

Батырлық, билік өзінде

Асып туған данышпан,

Айтып кеткен бұрынғы.

Қара қазақты азсынып

Сегіз арыс Сейілхан,

Жеті баулы өзбекті

Қол астына алам деп,

Хиуа, Ташкент барам деп,

Топырағы ажалдың

Сырымға содан бұйырды.

Сол Байбақтының ішінде

Айтамын батыр Наушаны, – деп жырлаған.

Патшаға жаны қарсы ат ақты батырлардың бірі – Науша Қаржауұлы туралы архив құжаттарында «Науша жасақтары казак-орыс əскерлеріне бой бермейді», «Бізге қарай атойлап шапқанда Наушаның бір өзі жүз кісі сияқты болып көрінді» делінген, ендігі бір кезекте ақын былайша толғайды:

Жəңгір мен Исатай

Жауласқанда жақтасып,

Ханға қарсы ат қойып,

Жүніс батыр кірісті.

Басшылық еткен еліне

Айтпайын неге Жүністі?!

Пақыр, мүскін қамы үшін,

Жібермей ханға намысын,

Ханменен талай ұрысты

Көлденең дұшпан көре алмас

Тарихта болған шын істі, – деп толғайды.

Байбақты руының старшыны Жүніс Жантелин 1836 жылы көтерілістің басталуы кезінде Исатайды қолдап, кейін Жəңгір жағына шығып, көтерілісшілерді сатып кеткен. Одан əрі ақын:

Қай елде де болса да

Батырын халық атайды

Халықтың қамы, ары үшін

Батырлар ерлік жасайды.

Исатай жаудан өлгенде

Сүйегін бермей патшаға,

Қолынан қойған ардақтап,

Алаша атты руда

Айтамын батыр Сатайды.

Алашаның ішінде

Жəне айтайын Батырды,

Жүректі əрі қажырлы

Ордасында Жəңгірдің

Екі кісі өлтіріп,

Қайырған ханнан əпсірді.

Жырдағы Сатай Кенжеғараұлы – Махамбетке жанашыр болған адам. Ал, Батыр есімі де назар аударатын мəселе.

Исатай мен Жəңгірдің

Жауында қалың қаптаған

Жетпіс жеті жасында

Жеті мыңдай батырдың

Жетектеп алдын бастаған,

Қалдыбай батыр қасында

Шəһит болып бір өлген

Алашада Ерсары

Атамыздың досы екен,

Байекенің алдында

Махамбет айтып жоқтаған.

Қызылқұрттың ішінде

Батыр Қанай мыңбасы

Қабыланбай батыр атамның

Бір жыл туған құрдасы.

Исатайдың жауында.

Қабыланбай, Қанай ұсталып,

Айдалып кеткен Сібірге

Отыз екі тумасы

Жиырма бес жыл үкіммен

Қабыланбай батыр өлгенде

Қайтып келген бұл

Қанай Атамның антты жолдасы.

Аруақты тебірентіп,

Қызыл тілім жырлашы,

Сүйегім қызып, қан тасып,

Ренжу кезім болмашы.

Мен шабылып жүрген жезаяқ,

Жырымды жұртым тыңдашы.

Өзімнің əкем Лұқпан

Қызылқұрт Құрманғазының

Қатар өскен сырласы.

Домбырасын аңыратқан

Композитор Құрекең

Айтуынша əкемнің

Айырмасы жоқ деп еді.

Жаратылыс тұлғасы

Алалық көңіл менде жоқ

Аңыз болған ауызда

Асылдарды айтамын

Сөзімнің осы турасы, – д е п төкпелейді.

Жырға қосылған Қанай Қосымбайұлы мен Ерсары Кəсіпұлы көтеріліске белсене қатысқан белгілі тұлғалар. Ақын-жырау Кіші жүз тарихында өзіндік орны бар Жайық бойында өмір сүрген би-шешен, батыр, ру басы Дөнен жөнінде былай əліптейді:

Сұлтансиық ішінде

Масқар деген рудан

Батыр туған ер – Дөнен,

Асыл туған жан дейді.

Екі сөзді білмеген,

Ақын туған жан дейді.

Өтпеген ешкім көлденең,

Қайратты туған жан дейді.

Қарсы ұмтылған дұшпанның

Ықпалына көнбеген.

Нұралы хан Сырымды

Орынборда ұстатып,

Қараңғы үйге салғанда

Кіші жүздің еріне

Дөнен сонда жар салып

Соңыма менің ер! – деген.

Сары ысық батыр Қаратау

Сырымды сұрап алуға

Басшы болып барғанда,

Сырымды сұрап алғанда

Қаратаудың құрдасы

Қосшысы екен бұл Дөнен

Сырым шығып келгенсін

Өлеңті деген саладан

Сұлтансиық баласы

Үш жүз аппақ үй тігіп,

Үш мың кісі қонаққа

Үш жүз бие сойдырып,

Сыйлық еткен сол Дөнен.

Қырық кісі аттанып,

Нұралы ханға барғанда

Оралымды ісі үшін

Дөнен атын қалдырып,

«Оралды» деп ат қойып,

Өзгерткен атын бұл Дөнен.

Нұралыны ел шауып,

Хандығын тартып алғанда

Ақкиізге аунатып,

Сырымды хан қойғанда

Үш мың қолдың басшысы

Қаратау батыр айтқан соң

Сырым ханның шабары

Болыпты дейді бұл – Дөнен.

Дөнен бимен қатар аталатын Қаратау Өмірзақұлы ел қорғаған батыр, əрі би болған. Сырымның үзеңгілес жолдасы. Одан əрі Айтмағамбет ақын былайша толғайды.

Екінші бастап жырлайын

Беріш пен таз, адайды.

Үлгерерсің қызыл тіл

Көріп едің талайды

Бұл аталған үшеуін

Шеркеш пен ысыққа

Қосып айтсам қолайлы

Бəрі болды бес ру

Ақындары тең өскен,

Батырының теңі жоқ,

Билігінің шегі жоқ,

Жеңбеген тіпті жауы жоқ,

Айтыспаған дауы жоқ.

Осыны айтсам қолайлы

Беріш деген руда

Əулие туған Ағатай

Атағы шыққан Исатай,

Жолдасы оның Махамбет,

Шежіреші қарт Жақсымбет.

Ысық деген руда

Дана туған Сұлтанбек,

Қара тазда Құлмамбет.

Пірдің соңы Бекет-ті,

Ердің соңы Есет-ті,

Жайық беріш Алдар би,

Адайдың Абыл ақыны,

Таздың Төремұраты

Үлгіні солар көрсетті.

Ер өліп елі бұзылса,

Ерегес кеңес құрылса,

Есік ойран, төр талқан.

Айқайлап бірі бастаған

Ел шетіне жау келсе,

Тізелескен дау келсе,

Араздасып жүрсе де,

Бірін-бірін қостаған.

Жері жоқ жеңбей тастаған.

Бес рудың адамы

Жанашырға болысып,

Беретін кесіп төс етті.

Əр дəуірдің шағында,

Əр адамның бағында,

Кім жүрмеді кімменен?!

Сандықтың аузын ашайын,

Жасауы асыл көрінсін

Жарқыраған түрменен.

Алдарыңа тартайын

Тарихтың аңыз асылын,

Халық үшін қандасқан

Алқаға түсіп таласқан,

Ақын мен батыры

Заманында дүрлеген,

Əр рудың өзінде

Ондап, мыңдап жүздеген.

Мақтау үшін айтпаймын

Боямалы сырменен

Кейінгі жас балаға.

Естімеген ағаға,

Баршаңызға жанада

Үлгі болар бұл сөзім

Ерлікке сізді сүйреген, – деп бітіреді.

ТҮЙІН

АҚЫННЫҢ БҰЛ ДӘПТЕРЛЕРІ 2003 ЖЫЛЫ АРХИВ ҚОРЫНАН ТАБЫЛЫП КӨШІРМЕЛЕРІ АЛЫНҒАНЫМЕН КЕЙІН ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН БОЛАТЫН. БЫЛТЫРҒЫ СИЫР ЖЫЛЫНЫҢ СОҢҒЫ АЙЫНДА АҚЫН АЙТМАҒАМБЕТ ЛҰҚПАНҰЛЫНАН 75 ЖЫЛ БҰРЫН ЖАЗЫП АЛЫНҒАН ЖӘНЕ ӨЗ ҚОЛЫМЕН ЖАЗҒАН МҰРАСЫН АЛМАТЫДАҒЫ ОРТАЛЫҚ АРХИВ ҚОРЫНАН ТАУЫП, АҚЫННЫҢ НЕМЕРЕСІ, ОБЛЫСҚА БЕЛГІЛІ АЗАМАТ СӘДЕН СӘКЕНҰЛЫ ЛҰҚПАНОВҚА ТАПСЫРҒАН ЕДІК. АЛ АҚЫННЫҢ БҰРЫН ЖАРИЯЛАНБАҒАН ӨЛЕҢДЕРІН ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРУ УАҚЫТТЫҢ ЕНШІСІНДЕ ДЕГЕН ОЙДАМЫЗ.

Аққали АХМЕТ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз