Атырауда жол құрылысына қатысты төрт ірі жоба іске асырылады

infrastruktura atyrau3 scaled 1 Жаңалықтар

2023 жылы Атырау қаласында жол құрылысына қатысты төрт ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Заң талабына сəйкес, мемлекеттік сатып алу тендері өткізілгесін конкурсқа қатысушы тараптардың арасынан жеңімпазы, яғни жұмысты атқаратын мердігер компания анықталады.

Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұхамбетәлиевтің баяндады.

Біріншісі – Жастар көшесінің реконструкциясы. Ол «Көктем» базары мен Еркінқала ауылындағы соңғы аялдама аралығын (жалпы ұзындығы 11 шақырым) қамтиды. Құжаттар мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сəйкес электронды конкурсқа жолданған.

Айта кету керек, дəл осы жолдың бойын жағалай бірнеше ауыл мен шағынаудан орналасқан. Жыл санап аумағы ұлғайып келеді. Көліктердің кептелісі жиілеп, транспорт тізгініндегілерге де, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық, қозғалысқа қиындық пен қауіп төндіруде. Сол себепті, осы жобаны жүзеге асыру қажеттілігі туындады. Қалыптасқан ахуалды жеңілдетіп, қордаланған проблеманы шешу үшін бұл жол кеңейтіліп, екіден төрт жолақтыға айналдырылады.

Екіншісі – тағы да сол Жастар көшесінен басталып, Сарықамыс шағынауданы арқылы Əбілхайыр хан даңғылымен түйіседі. Жалпы ұзындығы – 2,8 шақырым. Соның нəтижесінде, бұл жобаның жалғасы іспетті Нұрсая шағынауданында Əбілхайыр хан мен Бейбарыс даңғылдарын байланыстыратын жаңа жол (ұзындығы 1,1 шақырым) пайда болады. Мұның өзі үшінші жоба болып есептеледі жəне де ол жаңадан салынып жатқан BINOM мектебінің жанымен өтеді. Ал, төртінші жол – Бейбарыс даңғылынан «Атырау–Астрахан» автомобиль трассасына шығып, Самал шағынауданы арқылы өтеді. Оның жалпы ұзындығы 3 шақырымның шамасында. Нəтижесінде, сəтті жүзеге асқан уақытта соңғы үш жоба қаланың оңтүстік-батыс бөлігін солтүстікбатысымен байланыстырады.

Нақтырақ айтқанда, көліктердің «Атырау–Астрахан трассасынан қаланың ішіне кірмей-ақ, сыртымен айналып өтіп, Еркінқалаға қарай шығып кетуіне мүмкіндік береді.

Білгеніміздей, биыл сонымен бірге Сəтпаев даңғылы, Құлманов, Молдағалиев («Атырау-Ақпарат» кəсіпорнына дейінгі аумақта), Садықов (Лесхоз шағынауданының артқы жағы), Темірханов, Молдағұлова, Ə.Ғизатов (Азаттық даңғылы мен Махамбет көшесі аралығындағы), Берғалиев (Вокзал маңы шағынауданындағы əскери бөлім аумағы), Қ.Ахмедияров (бұрынғы А.Құнанбаев) көшелеріне (Балықшы–Жұмыскер көпіріне дейін) орташа жөндеу жүргізіледі.

Аталған көшелерде (барлығы 13) асфальттың беткі қабаты жаңғыртылады, бұрын-соңды болмаған тротуар төселеді.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз