Атырауда түсірілген фильм тұңғыш рет кинотеатрда көрсетілуде

1d5427f9 3f29 4eac 8a3d ccedc0aec50e Жаңалықтар

Атырау қаласында түсірілген «Попандос» фильмі қалың көрерменге жол тартты. Толықметражды фильм 28 наурыздан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Кино туынды комедиялық әрі криминалдық жанрда қазақ және орыс тілінде баяндалады.

Фильмнің бас продюсері Қарасай Күнжарықовтың айтуынша, аталмыш киноны 2019 жылы түсірген. Кейін жер жаһанды жайлаған пандемияның салдары әсер етіп, қаражат мәселесі де қиындық тудырып, жарыққа шығару сәті осы жылға бұйырыпты. Кинопродюсер көпшілік «Попандос» атауының мағынасын түсінбей жатқанын және актерлік құрамды кәсіби емес деп ойлайтындары бар екенін айтады.

– Жалпы бұл атау жергілікті «жаргон» сөздерден шықты. Мәселен, қаражат жағынан келеңсіз оқиғаға тап болғанда «қораға кірдің», «ты попался» деп орысшалап та айтып жатамыз ғой. Кинода екі достың оқиғасы болғандықтан «Попандос» деп қойдық. Ал фильмнің басты рөлдерінде елімізге танымал, кәсіби актерлер ойнайды. Олардың шеберлігіне күмән келтірмесеңіздер болады. Ал қосалқы рөлдегілер жергілікті актерлер, жалпы сахнада жүрген тұлғалар және кәсіби еместері де бар. Барлығының актерлік шеберлігі жоғары деңгейде болғанын сеніммен айта аламын,- дейді Қ.Күнжарықов.

Айтпақшы, туындының сценаристері – Серік Аралбаев пен Тимур Әлжанов. Фильм сюжеті бойынша екі дос келеңсіз оқиғаға тап болады. Ал ондай сәтте қомақты қаржы тауып алған адамның іс-әрекеті қандай болатынын, жалпы достық тақырыбы мен олардың мәселелері қалай шешімін тапқанын білгіңіз келсе кинотеатрға барып тамашалауға болады.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз