Атырауда Бекет Қарашинмен кездесу өтті

img 3078 Жаңалықтар

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ақын, аудармашы, Зейнолла Қабдолов қорының директоры, Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекет Қарашиннің 70 жас мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Кездесуге өңірімізге белгілі профессорлар, ардагерлер және академик З.Қабдолов пен Б.Қарашиннің туыстары, университет ұстаздары мен студенттері қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар сөз сөйлеп, ақынға ізгі тілектерін білдірді.

img 3076

Соның бірі – білім саласының ардагері Серік Сапанов та өзінің жылы лебізін айтты.

img 3077

– Бүгін біздің облысымыздың асыл азаматы Б.Қарашин 70 жасқа толып отыр. Басқа тілге аударылмайтын өте шебер, тыңдаушының жүрегіне от салатын Махамбеттің жалынды жырларын өзге тілде сөйлетіп, сол арқылы дүниежүзінің көптеген тіліне аудару – біздің жерлесіміздің үлкен тұлға екенінің дәлелі. Сол арқылы біз кеше отарда болған халық дүниеге таныла бастадық. Университет ұжымы бүгінгі кездесуді ұйымдастырып, студенттермен жүздестіргеніне мен өте қуаныштымын. Себебі жас ұрпаққа белгілі тұлғаларымызды, олардың шығармашылығын кеңінен насихаттау – біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі мерейтой иесіне деніне саулық, шығармашылық табыстар тілеймін. Білуге ұмтылған, ізденімпаз жастарымыздың қатары көп болғай!,- деді С.Сапанов.

Жиында Бекет Қарашинге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.

Айта кетейік, Б.Қарашин – философ, лингвист, тарихшы-түркітанушы, мәдениеттанушы, этнограф, жазушы, ақын, киносценарист, әдеби аудармашы, саяси-әлеуметтік процестерді талдаушы. Оның «Звуки лука и лиры мира», «Было.Есть.Будет» өлеңдер жинағы, «Мен көктүрікпін, қазақпын!» поэмасы, А.Улдузбен бірлесіп М.Өтемісұлына арнаған «Казнь Махамбета» романы сынды көптеген туындылары бар. Б.Қарашиннің жемісті еңбек етіп келе жатқан саласы, ол – әдеби аударма. Ол орыс тіліне қазақ поэзиясы классиктері мен қазіргі ақындарының 240-тан астам поэтикалық шығармаларын, 40-тан астам көркем және киносценарий туындыларын, қазақ халқының жүздеген мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін аударған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз