Атырауда «Айналдым сенен, Атамекенім» атты кездесу кеші өтті

a07d8287 108f 4415 ba21 884c06366d77 Жаңалықтар

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан  Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының Құрметті азаматы, техника ғылымдарының докторы, «Ардагерлер» ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің  төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовты қабылдады. 

«Салтанат сарайы» мейрамханасында «Айналдым сенен, Атамекенім» тақырыбында өткен кездесуге аймақтағы зиялы қауым өкілдері мен аға буын ардагерлер, жергілікті депутаттар қатысты.

Жиында облыс басшысы Серік Шәпкенов Бақтықожа Салахатдинұлына «қош келдіңізін» айтып, құттықтау лебізін білдірді. 

– Өткен жыл біздің облыс үшін нәтижелі болды. Атқарылған жұмыстардың қатарында алдымыздағы аға буын өкілі Бақтықожа Салахатдинұлының жаңа жыл қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атағын алуы –  біз үшін үлкен абырой. Алдымызда осындай ағалардың сара жол салып жүруі көпке үлгі. Мен осындай әріптес ағалардың барына ризамын. Деніңізге сарқылмас саулық пен ел үшін еткен еңбегіңізге толайым табыс тілеймін, – деді Серік Жамбылұлы. 

0ad2994b 849b 42f3 ac59 8d32307166ba

Басқосуда Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев, Қазақстанның Еңбек Ері, Қырғызстан және Қазақстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи және басқа да ел ағалары сөз сөйлеп, Бақтықожа Салахатдинұлының бүгінге дейін атқарған ерен еңбегі туралы ой бөлісті.

Кездесу кешіне арнайы шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар, Мәдениет саласының үздігі Заттыбек Көпбосынұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов  өнер көрсетіп, әннен шашу шашты. Кеш барысында Бақтықожа Салахатдинұлының сөзіне жазылған әндер де орындалып, жиынның көркін аша түсті.

Жиын барысында кеш иесі Бақтықожа Ізмұхамбетов барша жиналғандарға алғыс айтып, 53 жыл еткен еңбегінің бүгінде ерекше бағаланғанына ризашылық білдірді.

Алтыншаш Құрмашева 

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз