Атырауда 76 спортшы Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиадалық және сурдолимпиядалық құрама қатарына енді

screenshot 1 3 Жаңалықтар

Бұл туралы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ернұр Нетжанов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өткен жылда облыста дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық-бұқаралық шараларды өткізу, жоғары жетістіктер спортын, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту мақсатында бірнеше жұмыстар атқарылған. Облыста спорт инфрақұрылымын дамып, ғимараттар саны 36 бірлікке көбейіп отыр. Сондай-ақ спорт саласындағы мамандар да, спортқа қатысушы жасөспірімдердің де саны артқан.

Е.Нетжановтың айтуынша, облыста спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша спорттың 18 түрінен 9-мыңға жуық бала тегін спорттық секцияларға тартылған. Олимпиадалық спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінде 93 спортшы, олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінде 184 спортшы тіркеліп, жаттығуда. Болашағынан үміт күттіретін 429 спортшы Олимпиадалық резервті даярлау орталығында бөлек бапталуда. Сондай-ақ өңірде олимпиадалық спорт түрінен 11 бөлімше жұмыс жасайды.

Сонымен қатар ол облыста «Мүгедектер спорттық клубы» қарқынды дамып жатқанын жеткізді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту мақсатында облыстың 7 ауданында спорт жөніндегі әдіскерлер жұмысқа қабылданды. Бұл санаттағы жандар арасында 1230 адам спортпен шұғылдануда. Оның ішінде 630-ы емдік дене шынықтырумен шұғылданушылар. Мүгедектер спорт клубына 1 спорттық кешен толығымен беріліп, мүгедек-спортшылардың оқу-жаттығу процестеріне тікелей үйлерінен тасымалдау үшін 4 автокөлік бөлінді. Спорт кешенінде тірек қозғалыс жүйелері бұзылған, есту қабілеті төмен, зағип барлық санаттағы 390 мүгедек спортшы спорттың 17 түрімен тегін шұғылдануда. Ауылдық жерде спортпен шұғылданушы бұл топтағы спортшылар саны 165-ті құрап отыр. Аталған спортшылар арасында 3 «Еңбегі сіңген спорт шебері», 3 «Еңбегі сіңген жаттықтырушы» болса, 25 спортшы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленген, ал 84-і «Спорт шебері», 236-ы «Спорт шеберлігіне үміткер». Сондай-ақ 76 спортшы Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиадалық және сурдолимпиядалық құрама қатарына енді, деді Е.Нетжанов.

Оған қоса, ол өңірде 11574 спорттық секция жұмыс жасайтынын, оның ішінде 5828 секция ауылдық жерде екенін атап өтті.

Айта кетейік өткен жылы облыста 4 «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 57 «Спорт шебері», 256 «Спорт шеберлігіне» үміткер дайындалды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз