Атыраулық ұстаздарға айрықша құрмет көрсетілді

озгенин Білім

Білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күніне орай Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында салтанатты шара өтті. Мерекелік шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев ұстаздар қауымын төл мерекемен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көзделген табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екеніне ерекше тоқталды.

озгенин

– Егемен еліміздің негізін қалап, ертеңін тәрбиелеу ісінде ұстаздарға  қойылар талап та аз емес. Заман ағымына сай бәсекелестікке қабілетті, өмірдің сан саласында табысты еңбек ететін ұрпақты жетілдіріп, оларды имандылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке баулу  өз ісін шексіз сүйе білген ұстаздарымыздың ғана қолынан келер іс, – деді Әлібек Ибатоллаұлы.

Шарада еңбегiмен еленіп жүрген педагогтар арнайы марапаттарға ие болды. Олардың арасында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне ие болған Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Алмабек Абдолов, М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің мұғалімі Сұңғат Фазылов, «Тағылым» жекеменшік орта мектебінің мұғалімі Әлия Темірханова бар. Ал, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Қайырғали Кенжеғалиевке, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі директорының орынбасары Шолпан Мұқашеваға, «Тағылым» жекеменшік орта мектебінің мұғалімі Сара Мұсағалиеваға және «Білім қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісі Атырау қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің мұғалімі Жұмағаным Шәкіроваға табысталды.

Сондай-ақ, бір топ мұғалім облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Алғыс хатына ие болды.

Бұл жолғы мерекелік шараға аға  буыннан  өнеге алып,  ұстаздық ұлы жолды мұрат еткен, асқақ арманы мен игілікті ісін бір кәсіпте, бір жолда тоғыстыра білген  ұстаздар династиясы  арнайы шақырылды. Атырау қаласынан Едішевтер, Жылыой ауданынан  Қиықовтар, Индер ауданынан Мұқановтар, Исатай ауданынан Бисенғалиевтер, Қызылқоға ауданынан  Есенғалиевтер, Құрманғазы ауданынан Бақтыгереевтер, Махамбет ауданынан  Жайлашевтар әулеті сахна төріне көтеріліп, оларға құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты. Онда жергілікті өнерпаздармен бірге Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен «Қоңыр» тобы өнер көрсетті.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз