АС – АДАМНЫҢ АРҚАУЫ

ал, одан уланудың алдын алудың маңызы зор

Ресми дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, 1990-2015 жылдары елімізде тамақтан уланудың 190 дерегі тіркеліп, соның салдарынан 9476 адам зардап шеккен.

 

Жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде, мұндай оқиғалардың 55 пайызы – сальмонеллез, 23 пайызы – патогенді стафилококк, 9,5 пайызы – дизентерия, 9 пайызы – шартты-патогенді микроорганизмдер, 3 пайызы анықталмаған этиология және 0,5 пайызы ротавирус дерттеріне шалдықтыратындығына, немесе солардың вирустары арқылы берілетіндігіне көз жеткізілген. Осындай, адам өміріне қауіп төндіретін ауру ошақтарының 32 пайызы – кәсіпорындар, 23 пайызы – мектепке дейінгі, жалпы білім беру, сауықтыру мекемелерінің асханалары, 17 пайызы – кондитер цехтарының, 13 пайызы – дәмхана-мейрамханалардың, қалғандары сауда және медициналық орындарының еншісіне тиесілі екендігі анықталды.

2013-2014 жылдардың қорытындысымен еліміздің өңірлері арасында Атырау облысы өткір ішек инфекцияларына шалдығу көрсеткіштерінен 11-ші орынға шыққан. Сол сияқты, 2007-2014 жылдар аралығында аймақта орын алған астан улану фактілерін зерделеп көрсек, оларды төмендегіше тарқатуға болады. Мәселен, 2007 жылдың сәуір айында Қарабатандағы вахталық қалашық асханасында сальмонеллезбен залалданған тағамды жұмысшыларға ұсынудың нәтижесінде 500-дей адам уланып, зардап шеккен. Себебін айтсақ, сол кезде нысан өзінің жобалық қуатынан да жоғары режимде (800-дің орнына бір мезгілде үш мыңнан астам адамды тамақтандырған) жұмыс жасаған. Олардың бәрін қамтып үлгеру үшін осындағы асхана әкімшілігі жұмысқа кездейсоқ (медициналық байқаудан, арнайы дайындықтан өтпеген, т.с.с.) адамдарды қабылдаған.

Таяуда қоғамдық тамақтандыру мекемелері басшылары мен мамандарының қатысуымен, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық департаментте өткен семинар-кеңес негізінен осы мәселеге арналды. Онда алғашқы болып сөз алған тамақ гигиенасы бөлімінің басшысы Әлия Бекешеваның мәлімдеуінше, осыған ұқсас жағдайлар бұдан кейінгі кездері де кездесіп тұрған. Бір көңіл қуантатыны сол, ағымдағы жыл басынан бері облыс көлемінде тамақтан уланудың бірде-бір дерегі анықталмаған. Десек те, бұған қарап алаңсыз отыруға болмайтындығы, әруақытта сақтық шараларын алмаса, қауіпті жағдай орын алып, адамның денсаулығы мен өміріне қатер төндірер жайттардың қайталануы ықтимал екендігі қаперленді. Айтпағын осылайша жеткізген Әлия Әліпқалиқызы тамақтан уланып қалу оқиғаларының басты ошақтары, немесе соған қолайлы жағдай туғызушы көздері болып бірінші қоғамдық тамақтандыру орындары болып  (асханалар, мейрамханалар мен дәмханалар, т.б.) табылатындығына тоқталды.

Адамдардың тамақтан улануына итермелейтін сальмонеллез, стафилококк сияқты жұқпалы дерт белгілерінің сол қоғамдық тамақтандыру орындары маман-қызметкерлерінің бойынан табылуы әрине өкінішті. Бұған жұмысқа қабылданған аспаздан бастап, басқа да маман-жұмысшылардың бәрінің бірдей бір мезгілде дәрігерлік тексеріс пен медициналық байқаудан өтпейтіндігі себепші болатыны да шындық. Мұндай фактілерге жол бермеу, мәселеге жауапкершілікпен қарау ең әуелі жұмыс беруші заңды тұлғалардың төл міндетіне айналуға тиісті.

Оған қоса, барлық өндірістік вахталық қалашықтарда зертханалық бақылау қызметінің болуы шарт. Бұл дегеніңіз, ең алдымен адамдардың денсаулығы, олардың өмірінің қауіпсіздігі. Маңыздылығы ескеріліп, бұл мәселе бойынша арнайы бағдарлама да қабылданған.

Өкінішке орай, бұл іске тиісті талаптардың өз деңгейінде орындалмауы салдарынан көптеген келеңсіздіктерге ұрынып жататындығымыз да жасырын емес. Кейде, адамдар өздерінің қандай да бір инфекцияны тасымалдаушы болып табылатынын біле бермейді.

Облыстық департамент басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиевтің түсіндіруінше, осындай семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат – тамақтан жаппай уланудың алдын-алу мен ескерту. Айтылғанындай, бұнда басқаларына қарағанда құс етінен дайындалған және сүт тағамдары, торттар мен өзге де тәттілерден келетін қауіп күштірек көрінеді. Бұрынғыдай санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау емес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті болып қайта құрылуына байланысты бұл құрылымның жұмыс бағыттарында да біраз өзгерістер болғандығы баяндалды. Ендігі жерде, бұл мекеменің мамандары тұтынушы тұлғалардан жазбаша түрде түскен өтініш-шағым негізінде ғана әрекет етіп, шара қолдана алады. Сол себепті де, көп жағдайда жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің денсаулығы мен қауіпсіздігіне өздері жауап береді.

Облыстағы бірқатар ұйымдарда адамдардың ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз, немесе технологиялық ережелер мен нормаларды басшылыққа алмастан жұмыс жасағандығы анықталған. Оның үстіне, осыған дейін департаменттің құзыретінде болып келген санитарлық кітапшалар да енді жекеменшік медицина мекемелері арқылы берілетін болды.

Білгеніміздей, бүгіндері мемлекет өнімдердің сапасын бағалау мәселесіне айрықша маңыз беруде. Соған байланысты тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты рәсімделетін құжаттардың тізімі де көбейе түскен. Бұл ретте белгілі бір өнім түрінің мемлекеттік тіркеуден өткендігін растайтын куәліктер, түрлі сертификаттар және басқаларын мысалға келтіруге болады.

Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына кіргендіктен мұндай, халықаралық стандарттар мен талаптарға сай келетін құжаттардың болуы қазірде міндетті шарт тұрғысында қаралған. Осы мақсатта құрылған республикалық ғылыми орталық қоғамдық тамақтандыру мекемелері мен тағамдық тауарлар өндіру кәсіпорындарында осындай жүйенің енгізілуіне, соған байланысты жауапты мамандарды оқытып, үйретуге мүдделі бірден-бір құрылым болып есептеледі. Сол себепті, қашан да осындай мамандандырылған мекемелердің қызметіне жүгінудің артықшылық етпейтіндігі тағы бір мәрте ескертілді.

Сайып келгенде, ас – адамның арқауы, одан уланудың алдын алу – алғы кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кепілі. сондықтан да, бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтындығын әркез жадымызда ұстағанымыз абзал.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз