«Армысың, ардақты Ақжайығым!»

13 Жаңалықтар

…Қасың қандай, қарақат көзің қандай,

Күлкің қандай, шарапат сезім қандай!

Қуанатын балаша кезің қандай,

Өзің қандай, жаныма сөзің балдай, – деген махаббат әні аға буынның есінен әлі шыға қойған жоқ.

«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сембек Жұмағалиевтің 70 жасқа толу тойы туған жер төрінде салтанатпен аталып өтті. Атырау жұртшылығы төл перзентін ыстық ықыласпен, лық толы залда қарсы алды. Халықтың сағындырып келген өнерпазының әсем әнін тыңдауға асыққаны соншалық, мыңға жуық көрермен жиналып, ине шаншар орын болған жоқ. Жанарынан жылы шуақ ескен, көмейінен ән төгілген сахна саңлағынан үзіліс кезінде шағын сұхбат алудың сәті түскен еді.

– Сембек Қадырұлы, елге қош келдіңіз! Әңгімемізді алғаш рет үлкен сахнадағы өмір жолыңыздан бастасақ…

– Рақмет! Бала кезімнен өнерге жақын болдым. Әсіресе ән айтуға деген ықыласым ерекше еді. Әскер қатарында да ансамбльде хордың жеке орындаушысы болдым. 1976 жылы Алматыдағы эстрада-цирк студиясында оқып жүргенде маған «Гүлдер» ансамбліне әншілікке ұсыныс түсті. Сол күні Роза Рымбаева екеуміз осы ансамбльге келіп, танысқанбыз.

Бұл ұжымда шынында да үлкен өнер мектебінен өттім. «Гүлдерде» талай талантты ұл-қыздар өнерімен елге танылып, қазақ өнерінің мәртебесін басқа елдерге паш етті. Мен де өнерімнің арқасында әріптестеріммен бірге талай жерді араладым.

– Сіз «Ғашықтар жыры» әнімен әнсүйер қауымның жүрегінде жатталдыңыз десек, қателеспейміз. Мыңдаған жүректерді тербеткен әннің сырлы дүниеге айналуының себебі неде?

– Меніңше әннің басты мәйегі – өлең-сөз мықты болуы керек. Сөз бен әуен әдемі үйлесім тауып, өзара жымдасқанда ғана сырлы дүние туады. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Кеңес Дүйсекеев ағамыз сол тұста маған «менің әндерімді неге орындамайсың?» деп наз айтқан болатын. Ал мен «аға, мен үшін бір жаңа ән жазыңыз» деп қолқа салдым.

Арада біраз уақыт өткен соң Кеңес аға өзінің жаңа ән жазғанын айтты. «Гүлдер» ансамбліне енді келген жас әнші Мақпал Жүнісовамен дуэт болып «Ғашықтар жырын» бір апта бойы жаздырдық. Ән халыққа тез тарап, атағы дүрілдеп кетті. «Ғашықтар жырының» әсерлі болғаны сондай, сол жылдары жұрт Мақпал екеумізді сырттай «үйлендіріп» те қойды (күледі)…

Дуэтіміздің сәтті шығуына Кеңес ағаның да қосқан үлесі зор. Өйткені, ол – әннің сөзіне де, әуеніне де асқан кірпияздықпен қарайтын өте талғампаз композитор, өз ісінің нағыз білгірі.

– Сізді сахнадан бұрынғыдай жиі көрмейміз, қазір қай салада қызметтесіз?

– 2005 жылдан бері ұстаздық қызметтемін. Сол жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне ұстаздық қызметке шақырды. Кейін 2012 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаевадан ұсыныс түсті. Қазір аталған университетте «Эстрада өнері» кафедрасының доцент-профессорымын.

– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, өзіңізден тәлім-тәрбие алған шәкірттеріңіз кім екен?..

– Абай айтқандай саналы тыңдарманға есті ән ұсынып, құлақ құрышын қандырып жүрген талантты шәкірттерім жетерлік. Осы шығармашылық кештің шашбауын көтеріп келген ізбасарларым да бар. Олар – Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Әлихан Жұмағалиев пен Атыраудың мақтанышы, Халықаралық Роза Бағланова атындағы, Халықаралық «Сарандев» (Болгария), «Паланга-2018» (Литва) конкурстарының лауреаты Айдын Жұмабаев.

Сондай-ақ «Меломен» тобының әншілері Қайрат Мырзаханов пен Ролан Хазіретов, «Қоңыр» тобының әншісі Бауыржан Асанбаев, Гүлсім Мырзабекова, басқа да шәкірттерім жас болса да мәдениет саласының өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүр.

– Өнердегі аға буын өкілдері тарапынан қазіргі жастардың шығармашылығына сын-пікірлер жиі айтылады. Сахна саңлағы ретінде сіздің ойыңыз қандай?

– Өзім шәкірттерге ұстаздық етіп жүргендіктен, жастармен етене жақын араласамын. Қазіргі жастардың шығармашылығы да креативті десем болады, оларды сынамаймын. Өз заманына лайықты әндер жазады, жүрек қалауына қарай шығармашылықпен айналысып жатыр.

Кейде оларды «біздің  болашағымыз» дейміз де, ақыл айтып, бағыт-бағдар берудің орнына қатаң сынның астына аламыз. Алайда, қазір қазақ эстрадасында мақтауға, мақтануға болатын қаншама әншілеріміз бар?! Өз басым қазіргі қазақ эстрадасында жүрген талантты жастарға көңілім толады. Мен оларды қолдаймын!..

– Өнерсүйер қауым сіздің отбасыңыз туралы да білгісі келеді…

– Оны жасырмаймын. Жұбайымның есімі – Айгүл. Ол да сахнаның сыртында (күледі…) ән айтады, өнерге жақын жан, мамандығы – адвокат. Ұлымыз Алинұр Қазақ Ұлттық өнер университетінің колледжін тәмамдап, қазір университеттің өзінде «музыкалық дыбыс режиссері» мамандығы бойынша білім алуда. Өзінің «Sary» рок-группасында шығармашылық мүмкіндігін танытып жүр.

– Жерлестеріңізге жүрекжарды лебізіңіз бар шығар?

– Ең бірінші көрерменнің ыстық ықыласы мен қошемет-пейіліне риза болдым. Өнер адамы үшін одан асқан бақыт бар ма?!

Бүгінде елден жырақта жүрсем де, қанатымды қатайтып, жан дүниеме рухани азық берген туған жерімнің орны мен үшін ерекше. Өйткені, Атырауым – балалық шағымның бал күндеріне, ер жетіп, бой түзеген кезімнің әрбір сәтіне куә. Бұл күнде қолым жеткен жетістіктерімнің де негізі осы елден бастау алды. Арманымды асқақ етіп, белді белестерге жетуге ұмтылдырды десем қате емес.

Облыстың бас басылымы – «ATYRAÝ» газеті арқылы шығармашылық кешті ұйымдастырған Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның директоры Хамиль Сүйекбаев, режиссер Ақмарал Машимова және барлық ұжым мүшелеріне ерекше алғысымды айтамын.

Келесі кездесуде төрт көзіміз түгел отыруды нәсіп етсін!

– Уақыт бөліп, жерлестеріңізге өз пікіріңізді білдіргеніңіз үшін рақмет. Сізге де амандық тілеймін!

Сұхбаттасқан Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз