Арманы асқақ Әнуар

img 5037 Жаңалықтар

Өмірде түрлі сынақты бастан кешірсе де рухы сынбай, мықтылығын өзіне де, өзгеге де дәлелдеп, мойымай келе жатқан жандар аз емес. Тағдыр талайына жазылған дертпен күресе жүріп, қоғамға пайдасын тигізуді де естен шығармай жүрген адамдар – аяқ-қолы бүтін, дені сау азаматтарға үлгі.  Сондай азаматтардың бірі ­– атыраулық Әнуар Иманалиев.

Тағдыр тауқыметін бала күнінен тартып келе жатқан ол үш жасына дейін өзі құралпы бүлдіршіндер секілді сау-саламат өсіп келе жатқан. Саулығында кінәраты жоқ баланың жағдайы екпеден кейін күрт нашарлап кеткен. Содан бері ата-анасының қамқорлығына қарап қалған ол сирек кездесетін сырқатпен үздіксіз күресіп келеді. Осы күнге дейін қатерлі ісік, өкпе қабынуы, туберкулез, цирроз, остеогенез, жүрек ауруы, созылмалы қаны аздық, тамақ ауруы, көз көрмеу секілді бірнеше дертпен бетпе-бет келген Әнуар талай медициналық мекеменің табалдырығын тоздырған.

img 5035

Алайда, денесіндегі ерекшелік оның көп арманы мен мүмкіндігіне шектеу қоя алмаған. Рухы мықты жан – бүгінде парахоккей федерациясы Атырау облысы бойынша филиалының басшысы.

– Кез-келген адам ауруды сұрап алмайды. Бұл Алланың берген сынағы, біз оған қарсы келе алмаймыз. Біреуге денсаулық береді, біреуге ауру береді. Сау адам мен мүмкіндігі шектеулі адамның күнделікті тыныс-тіршілігі де өзгешелеу. Көпшілік орынға барғанда біз секілді жандарға сау адамның тесіле қарап, сөз етуі, күліп, мазақ етуі жиі кездесетін жағдай. Мысалы, мен балдақпен жүремін, адам көп жиналатын шараларға барғанда кішкентай балалар мені мазақ ететін. Тіпті, ересек адамдар да маған және мен секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға осындай көзқарас танытуы қоғамнан шеттеткендей әсер беретін. Мені бұл жағдайдан алып шыққан әжем болды. Ол үнемі «Алла сынақты жек көргеннен емес, сүйген құлдарына береді. Алланың сүйген құлы болу үшін әрбір сынаққа сабырмен қарап, өзіңді өзгелерден кем санама, адамның көзқарасы мен сөзіне мән берме» – деп ақыл-кеңесін айтып, жігерлендіріп отырды. Содан соң мен көпшілікпен жиі араласып, қалағанымды іске асыру үшін ұялмауды, адамдарға байланысты көзқарасымды өзгерттім. Егер жұрттың айтқан әр сөзіне, пікіріне мән берсек, қоғамға араласа алмай қалатын түріміз бар. Санадағы қорқынышты жойып, кедергіні елемеу керек екен. Бойымыздағы дертті қабылдай білсек, өзімізді өзгелерден кем санамасақ, сол кезде арманымызға қол жеткіземіз, – деді Әнуар Бағытжанұлы.

img 5036

Әнуарды ілгері жетелеген төрт қасиет – ниет, ынта, жігер және қолдау оның өмірінің мәніне айналған. Бала шақта өз көлігі болып, ата-анасы мен бауырларын сонымен қыдыртып жүрсем деген асқақ арманы да болыпты. «Әрқашан өз арманыңды жүзеге асыруға тырыс, тоқтап қалма!» деген ұстанымын жүзеге асыруға бар күшін салған Әнуарға жақындарының қолдауы күш-қайрат береді. Жақын адамдары, әсіресе ата-анасы ұлының саулығына алаңдағандықтан көлік жүргізуіне қарсылық білдіреді. Бірақ үнемі қолдап, шабыт беріп отыратын әжесі немересінің көлік жүргізуге деген ниеті мен құштарлығын көріп, бетінен қақпай, ешкімнің кедергі болмауын айтып, рұқсатын берген. Содан соң ғана оның өмірге деген құштарлығы арта түсіп, балалық арманы орындалады. Өзі қалаған жүргізуші куәлігін алып, ерекше жандардың да көлік жүргізе алатынын бұқараға дәлелдейді.

Бүгінде қоғамдық жұмыстармен айналысып, өзі секілді жандарға үлгі көрсетіп жүрген жігіт өзін толғандырған жайттармен де бөлісті. Оның айтуынша, Астана, Алматы секілді ірі қалаларда медициналық квота бөлу мәселесі жақсы жолға қойылған. Ал, Атырауда бұл үлкен проблема екенін мойындаған жөн.

– Мен секілді жандардың әділетсіздікке тап болып қалатын жағдайлары жиі кездеседі. Дені сау адам тірлік істеп мүмкіндігінше әрекет етер, денсаулығында кінәрат бар адамның жағдайы басқа. Ата-анасы болса бір жөн, кейбірінің ата-анасы, бауырлары да жоқ, ішкі сырыңды ешкімге айта алмай қалатын кез болады. Сондықтан, мүмкіндігінше мүгедектігі бар адамдардың жағдайына қарасып жүремін. Өмірде онсыз да қиындықпен күресіп жүрген жандарда кездесетін кедергінің одан сайын соққы болатыны түсінікті. Олардың арасында өздерін керексіз сезініп, өз-өзіне қол жұмсап жататын жағдайлар да кездеседі. Ауырып, рентген, ультрадыбыстық зерттеу, магниттік-резонансты томография, фиброгастро-дуоденоскопия секілді диагностикалық аппараттарға түскісі келсе бір-екі ай бұрын жазылып қою қажет. Бұл кезде ауру асқынып кетуі мүмкін, сол жағы есепке алынбайды. Диагноз да дұрыс қойылмай жатады. Осы жағдайдың барлығы бізді алаңдатады, – дейді ол.

Мүгедектігі бар азаматтардың атын пайдаланып мемлекет қаржысын оңды-солды жұмсап, адал жұмыс істеп жүрген азаматтардың атына күйе жағып, ісіне кедергі келтіріп жүрген кейбір қоғам белсенділерінің әрекетіне де оның өкпесі қара қазандай. Сондай-ақ қоғамдағы жастардың іс-әрекеті де оны алаңдатады.

– «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демекші, әлеуметтік желілердегі жастардың ойланбай жасаған әрекеттері расында да ойландырады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет дегенді ұмытып бара жатқандаймыз. Ата-аналары сәл дауыс көтеріп сөйлесе, суицид жасауға бейім, – деді Әнуар.

Шынында, оның сөзінің жаны бар. Адамның басына қанша сынақ түссе де жігерлілік танытып, күресу қажет. Тіпті жауыңа да тілемейтін түрлі сырқатпен күресіп жүрсе де өзін үнемі қолдап, ынталандырып отыратын әке-шешесінің сеніміне селкеу түсіргісі келмейтін Әнуар замандастарын бейбіт өмір, дені сау күйіне шүкірлік ете білуге шақырды.

– Жастар әлсіз болып көрінеді, есірткі, құмар ойындар, ішімдікке әуес. Меніңше, айтары бар азаматтармен үнемі кездесу өткізіп, жастарға ақыл-кеңес беріп отырған дұрыс деп ойлаймын. Облыстағы білім, медицина салалары да мені ойлантады. Өзге өңірлердің дәрігерлерін шақырып, тәжірибе алмасып жатса құба-құп болар еді. Жетім балалардың жағдайы, жұмыссыздық мәселелері бар. Кеше ғана әбігерге салған су мен жылудың жайын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Біз әрбір емхананың төменгі қабатынан кабинет ашуды сұрап жүрміз. Себебі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарттардың жоғары-төмен жүруіне шамасы келмейді. Арбада отырып далаға шықпайтын адамдар көп. Пәтер кезегінде талай жылдан бері тұрған адамдар да бар, – деп Әнуар қоғамдағы күрмеулі түйіндерден де бейхабар еместігін алға тартты.

Жасы отызды орталаса да, әлжуаз көрінген жігітке бірер жыл бұрын елордалық мамандардың көмегімен сүйектің сынғыштығы диагнозы қойылыпты. Абырой болғанда, дәрігерлер ағзадағы сүйек атаулының жойылып кетуіне шақ қалғанда анықтап, емдеуге кіріскен. Әнуар сонда да мойыған емес. Дертімен күресе жүріп, көлік жүргізіп, ақша табуға талпынады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз