Алашты қалай танып жүрміз?!

alashsh Жаңалықтар

Облыстық «Атырау» газетінің биылғы 25 қаңтардағы №4 санының 18-бетінде «Алаштанушылардың марапаты» деген тақырыппен шағын мақала шығыпты. «Е, бізде де алаштанушылар бар екен ғой», – деген оймен қолыма қалам алдым. Мәселе олардың қаншалықты деңгейде іс тындырып жатқанында емес. Қарап отырсам, өзге облыстар өздерінде жоқты өзгеден алса да Алаш қайраткерлерін тауып жазып, еске алып, зерттеп, есімін көшеге, мешітке беріп жатыр екен. Ал Атырауда Халел Досмұхамедовтен басқаға назар аударылмай тұр.

Әйтпесе өзге өңірлерді айтпай-ақ тек Атырау облысының әр ауылында дерлік күш-қабілетін ұлт мүддесі жолына жұмсап, барлық ғұмырын Алаштың қызметіне арнаған көрнекті қайраткерлер бар. Аспандияр Кенжин, Нұғыман Манаев, Уәлитхан Танашев, Қарасай Қодаров, Беркінғали Атшыбаев секілді белгілі азаматтардың есімдері соңғы кезде аталып жүргенімен, оларды мәңгі есте қалдыру бағытында жасалып жатқан істер аса көп емес. Айталық, Махамбет ауданының Таңдай селосында туып-өскен, ұрпақтары әлі күнге дейін Таңдай мен Атырау қаласында тұратын Батыс Алашорданың белді мүшесі Сәлімгерей Қаратілеуов пен оның замандас туысы Меңдігерей Әшенов деген дәулескер күйші болған. Күй анасы Дина шешемізбен бірге Орал жәрмеңкесінде күй тарта жүріп, Меңдігерей ішінде Сәлімгерей бар бір топ Алаш қайраткерлерінің ортасында өз өнерін көрсетеді. Сол жолы алаштықтардың тапсыруымен кейінгі ұрпаққа аманат ретінде шығарған «Алаш аманаты» күйін олардың алдында орындап, ризашылығы мен тапсырмасын алған. Ұлт келешегін ойлаған ел ағалары бұл күйді ұрпаққа жеткізуді Меңдігерейдің өзіне аманаттайды. 1937 жылы «Алашорда мүшесі болды» деген желеумен түрмеде жатқан, өзі де керемет домбырашы Сәлімгерей Қаратілеуов артынан іздеп келген туған жездесі Ақтаубайдан елге сәлем жолдапты. Сондағысы – Меңдігерейді аман сақтап, оның «Аманат» күйін болашаққа жеткізуді кейінгі туыстарына тапсырған. Сол жолы Сәлімгерейді іздеп барғаны үшін Ақтаубайдың да артына түскен ГПУ оның жалғыз ұлына сес көрсетуді де ұмытпаған.

Ал С.Қаратілеуов туралы сонау заманда жазылған Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эссесінде де бар. Ал Алаштықтар ақталғаннан кейін «Жәдитшілік және Алаш» атты кітапта оның еңбегі былай жазылған:

«Сәлімгерей Қаратілеуов (1887-1938) – көрнекті Алаш қайраткері, Батыс Алашордасының белсенді мүшесі. Орал облысы Гурьев облысында туған. Саратов қаласы маңындағы Маринский ауыл шаруашылығы мектебінде, Саратов ауыл шаруашылығы институтында оқыған. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Оралда қызмет істеп жүріп, уақытша облыстық қазақ комитеттерін құруға атсалысқан. Іскер, алғырлығымен көзге түседі. Ел алдында беделге ие болады. 1917 жылы сәуірде өткен бірінші Орал облысы қазақ комитеті мүшелерінің съезінде Орал облысы қазақ комитетінің мүшесі болып қабылданды. Ал екінші облыстық съезде жергілікті қазақ басқармасын сайлаушылардың құрамына кірді. 1917 жылы шілдеде өткен бірінші жалпы қазақ съезінде Орал облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат болып белгіленді. Облыстық  жер басқармасының мүшесі болды. Қаратөбеде өткен екінші Орал облыстық қазақ сьезінде Х.Досмұхамедұлына қарсы топтың құрамында болып, «Ақ жол» ұйымына кіреді. 1918 жылы Мұстафа Шоқайды Темір, Жыбын арқылы Жымпитыға өткізуді ұйымдастырған.

Алашорданың Торғай бөлімшесіне келіп, Алашорда үкіметінің орталық комитетіндегі әскери кеңеске мүше болды. Алашорда әскеріне елден адам жинау комиссиясының құрамында жұмыс жасайды. 4-Торғай Алаш полкі құрамында отряд басқарды. Қостанай, Торғай далаларындағы ұрыстарға қатысты. 1920 жылдың басында Алашордалықтарға кешірім болғаннан кейін Орал қаласына келіп, кеңес қызметіне кіреді. Орал губкомының құрамына еніп, жер басқармасының меңгерушілігіне тағайындалады. 1927 жылы өлкелік партия комитеті бюросының шешімімен мемлекеттік жоспарлау комитеті су-мақта шаруашылығы секциясының меңгерушісі болды. 1928 жылдан бастап Темір ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры болды. 1929 жылы НКВД қамауға алады. 1937 жылы екінші рет тұтқындалып, 1938 жылы ақпанда атылады».

Сол кезеңде Меңдігерей Әшеновті де «Алашпен байланысты» деп, жергілікті басшылардың көрсетуімен милиция қатты іздестірген. Ол Қарой шағылына еніп кету арқылы жасырынып жүріп далада өлген жерінен ағайындары әкеліп, Таңдай селосына жақын Қазанбас қауымына қойған. Меңдігерей өзі шығарған «Алаш аманаты» атты күйді інісі Қарасайдың 11 жасар Нұрмұхамбет (Нұрмаш) есімді баласына тапсырып кеткен болатын. Н.Қарасаев оны 80-ге қараған шағында, 1999-2000 жылдары белгілі күйші Қаршыға Ахмедияровқа тапсырды. Қаршыға оны нотаға түсіріп, енді ғана өз ата-бабасының тарихына кіріскелі жатқанда кенеттен дүние салды.

Ал Қаршыға – өнері арғы тегінен жалғасқан үлкен әулеттің ұрпағы. Әкесі Ахмедияр, атасы Көшәлі, оның әкесі Қорытпа да тамаша күйші болған. Бірақ бәрінен майталманы Меңдігерей екен. Оны Дина шешеміз «майсаң қағысты Меңдігерей» деп атапты, ол домбырашы ғана емес, күйші композитор да болған.

Алаштықтардың көзін жойғаннан кейін С.Қаратілеуов пен М.Әшеновтың ағайындары өздерінің туыстықтары туралы айтудан қорқып, кейінгі жылдарға дейін бұғып өткен. Ата-текті балаларына да дұрыс айта алмай, «қарапайым шаруа баласы» дегізген. Әлі күнге дейін көрерменін сүйсіндіретін «Қыз Жібек» кинофильміндегі жекпе-жекте тартылатын күй осы Меңдігерей, Қаршығалардың арғы бабасы Шыныбектің күйі екенін де екінің бірі біле бермейді. Бұл күйді Нұрғиса Тілендиевке 1958 жылы Нұрмұхамбет Қарасаев тапсырған болатын. 1957 жылғы Гурьевтің орталық стадионында Н.ртас Оңдасыновтың бастамасымен өткен өнер фестивалінде Ахмет Жұбановтың консерваторияға шақыруына әкесі марқұм «Алаш тұқымы екеніңді біліп қояды, жайыңа жүр» деп бір ауыз сөзбен нүкте қояды. Алашордадан әбден запы болғандықтан, ұлы Нұрмашқа «Қарасай» күйін Құрманғазының күйі, Шыныбектің «Жекпе-жегін» халық күйі деп тапсырған. Ал «Алаш аманатын» әкесі ешкімге бергізбепті.

Көзінің тірісінде Қаршыға бұл күйді өзінің шәкіртіне оркестрге түсіруін тапсырғанмен, өнерсүйер қауым әлі естілмей жүр. Негізі, бұл тарихты белгілі алаштанушы Мақсат Тәж-Мұрат, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет және танымал қаламгер, академик-өлкетанушы Өтепберген Әлімгерейұлы жақсы біледі.

Ал Таңдай ауылының тұрғындары белгілі ұлт қайраткері Сәлімгерей Қаратілеуовтың есімін ауыл мешітіне беруге ықпал етуді Парламент депутаттары Әлібек Нәутиев пен Әділ Жұбановтан да сұрағанбыз. Атырау қаласындағы «Иманғали» мешітіне де жүгіндік. Мұның барлығы «қыршын кеткен азаматтың аты иманды үйде қалса, оқымаған иманы бұйырар ма екен» деген арман ғой.

Енді осы арман-тілегімізді алаштану саласында талаптанып жүрген жастарға жетекшілік етуші тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожиннан да көмек күтеміз. Бұл тарихты білетін менің жасымның ұлғаюына байланысты кейінгі ұрпаққа жеткізуді сіздерден дәметемін.

Жәниба ҚАРАСАЕВА,

айтыс ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Таңдай ауылы,

Махамбет ауданы

Сурет: gov.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз