Аңызға айналған Амандосов

тұлға 1 Жаңалықтар

(Облыстық «Атырау» газетінің мұрағаттық шежіресіне үңілгенде)

Қазақстан журналистикасының негізін салуда және оның іргетасын қалыптастыруда өзіндік орны бар тұлғалардың бірі – біздің жерлесіміз, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Тауман Амандосов. Республиканың түкпір-түкпіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жатқан қаламы ұшқыр, сөз маржанын терген журналистердің барлығы да оның ғылыми-теориялық еңбектерімен сусындаған десек, қателеспеген болар едік. Тауман аға тірі болса, биылғы 5 желтоқсанда 95 жылдық мерейтойын атап өтіп, мәре-сәре болып жатар едік. Біз бүгін аты аңызға айналған Амандосов туралы материалдар топтамасын жариялап отырмыз.

%d1%82%d2%b1%d0%bb%d2%93%d0%b0

Ғалым, публицист, қоғам қайраткері Т.Амандосовтың алғашқы еңбек жолы, соның ішінде баспасөзге басқан қадамы облыстық «Атырау» газетінің редакциясында басталғаны баршаға аян. Алайда, бұған дейін тек айтылумен шектелген профессордың алғаш-қы еңбек жолын мұрағат құжаттарымен баяндауды жөн санадым. Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған ғалымның өз қолымен толтырған іс-қағазында мынадай жолдар бар: «Амандосов Тауман Салықбайұлы 1921 жылы Гурьев қаласында туғанмын, ұлтым – қазақ, әлеуметтік тегім – кедей шаруа, ата-аналарым өмір бойы мал бағумен айналысқан, Қазан төңкерісінен кейін қайтыс болған. Қазіргі әлеуметтік жәйім – қызметші, ВЛКСМ қатарында 1937 жылдан мүшемін, білімім – аяқталмаған орталау» [ Атырау облыстық мемлкеттік мұрағаты 1- қ.,  2-л – т.,  272- іс, 1- п.].

Тауман ағамыз ата-анасынан жастай айырылғасын әке жағынан туыс келетін ағасының қолында тәрбиеленген, алайда 1933 жылы ол қайтыс болғасын Гурьев қаласындағы балалар үйіне орналастырылыпты. 1937 жылы интернат әкімшілігі Орал қаласындағы № 4 орта қазақ мектебіне оқуға жіберіп, бірақ денсаулығына байланысты 10 сыныптан кейінгі оқуын Гурьевте жал-ғастырады. Орал қаласындағы орта мектепте оқып жүріп, 1940 жылдың 10 маусымынан 1 қазаны аралығында Батыс Қазақстан облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі жанындағы балалар үйінде тәрбиеші, 1940 жылдың 1 қазаны мен 1941 жылдың 1 сәуірі аралығында Орал қаласындағы өзі оқыған № 4 мектепте аға пионер вожатый болып қызмет атқарады. Гурьевке келгеннен кейін 1942 жылы 11 ақпаннан 1942 жылдың 21 маусымы аралығында Ембімұнай тресіне қарасты № 1 құрылыс монтаж мекемесінде кадр бөлімі бастығының орынбасары, кадр бөлімінің бастығы болып еңбек етеді. Осыдан кейінгі оның еңбек жолы 1942 жылдың 19 қыркүйегінен бастап облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде жалғасты.

Қаршадайынан еңбекке ара-ласқан Тауманды тағдыр теперіші өз қатарынан ерте есейтіп,  ойлы да, салмақты азамат қатарына қосады. Онымен редакция үйіндегі алғашқы кездесуін жазушы, әрі өмірлік жан досы  болған Б.Қорқытов былайша еске алады: «Редакция босағасын аттаған күні көзіме айрықша көрінген адамның бірі сол Тәкең болды. Ол маған тәлімді де тәжірибелі, тіс қаққан кәнігі қызметкердей көрінді. Сұрастыра, таныстыра келгенімізде ол да редакцияға менің алдымда ғана келіп, енді-енді қалыптасып келе жатқан балаң қызметкер болып шықты. Бір аяғының протез екенін көріп-білгенімде соғысқа алғаш араласып, Отан үшін бір аяғын беріп оралған жауынгер болар деп ойлап едім, ол ойым оғаш болды. Жетімдіктен көрген жәбірі екенін білгенімде, сондай азаматты кемтар қылып қойған тағдырға өкпе-назымды басқа- ларға айтпағанмен өз ішімнен өкінішпен күйіндім» [Қорқытов Б., Қуанышбайұлы Қ. Облыстық «Атырау» газеті. «Атырау-Ақпарат» баспаханасы, 2008. – 111 б.]. Расында да, бала кезде тап болған оқыс оқиғадан кейін (ағамыздың аяғын қой бағып жүргенде жылан шағып алған – Қ.С.) үлкендердің дәрігерге көрсетпеген надандығынан, бір аяғы кесіліп, мүгедек болып қалғаны қасындағы жолдастарын қатты налытқаны жасырын емес еді.

Бұл кезде фашистік Германия опасыздықпен елімізге шабуыл жасап, ел басына қатер төнген ауыр жылдар болатын. Жоғарғы билік өкілдері газет-радионың жұмысы мен құрылымын соғысқа бейімдеп қайта құрды. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген айбынды ұран барлық еңбекшілермен қатар баспасөз саласындағы қалам ұстаған журналистерді де жігерлендіре түсті. Сол кездегі журналист жұмысы бір мүшесі кемтар адам түгіл, он екі мүшесі сау адамға да оңайға түспейтін. Уақытпен есептесу, жазуға қолайлы сәт іздеу дейтін атымен жоқ. Қағаз, қаламың аңшының құрал-жабдығындай, солдаттың қару-жарағындай үнемі жаныңда жүруі тиіс болатын. Барлық жазылған материалдар мен газеттің жанрларынан туындаған дүниелер тек қана жеңісті жақындатуға арналды. Тағы да Б.Қорқытовты сөйлетсек: «Бүгін алып, газетке бүгін беретін, кезек күттірмейтін жедел материалдар да болады, ойланып-толғанып жазатын проблемалық мақалалар да болады, не бір еңбек адамы, не бір тұтас коллектив жайында алды-артын екшеп, зерттеп-зерделеп жазатын дүниелер де болады. Тауман көбінесе осы соңғы айтылған екі бағытта жазатын еді. Сол кездегі Тәкеңнің қаламынан туған мақалаларды осы күні іздестіріп жинаса, бір шағын кітап болып шығарына күмән жоқ…» [Қорқытов Б. Жылнама «Еріктен» басталады. – Алматы, «Арыс» баспасы, 2003. – 76 б.].

Облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің бетінде жарияланған журналист Т.Амандосовтың әр хабары мен корреспонденцияларынан, очерктерінен облыс еңбекшілерінің жанқиярлық еңбек үлгілерін, Ұлы Жеңісті жақындатуға баға жетпес үлес қосқанын анық аңғарасың. Әсіресе, 1942  жылы елімізде орын алған соғыс-саяси жағдайы тылды нығайту, майданның мұқтаждарына өнімді көптеп өндіру жөнінде халықтың бұрынғыдан да көп күш жұмсауын талап етті. Ұлы Отан соғысы кезінде самолет пен танк моторлары үшін жанармай көп керек болды. Міне, осы талап тұрғысынан жазылған Т.Амандосовтың «Жанармайды үнемдеу үшін күрес» атты хабары мұнайшыларды қырағылыққа шақырады. Сонымен қатар, осы ұжымда  еңбекті нәтижелі ұйымдастыру бағытында, әсіресе таяп келе жатқан қысқа әзірлікте орын алып отырған кемшіліктердің де бар екенін сол айдың 11 қазан күнгі жариялаған «Нефтепроводта қысқа әзірлік жұмысы күшейтілсін» атты сын мақаласында атап өткен. Оқып көрелік: «…Нефтепровод конторында қысқа әзірлік жұмысы әлі нашар жүргізіліп отыр. Мысалы, Сағыз, Доссор, Қосшағыл арасындағы дамбыларды өңдеу өте нашар дәрежеде. Ал, Қайнар, Бита бөлімшелерінде қысқа әзірлік жұмысы қолға алынған жоқ. Бұл кемшілікті Нефтепровод басшылары «жұмысшы күші аз, бізге мұнай комбинаты жұмыс күшін бермейді» деген сылтаумен дәлелдегісі келеді»  [Амандосов Т. «Жанармайды үнемдеу үшін күрес», «Нефтепроводта қысқа әзірлік жұмысы күшейтілсін», Социалистік құрылыс. – 1942. – 9 қазан.;  – 1942. – 11 қазан].

Қаһарлы күндердегі Т.Амандосовтың әрбір мақалаларының тақырыптары да жауды тезінен талқандауға шақырған ұрандай еді. Сол кездегі өзі қойған тақырып жайы кейін ағамыз республика баспасөзінің теориясын зерттегенде арқау болады. «Тақырыпты дұрыс таңдай білу деген сөз – дәл нақ кезеңінде қалың бұқараның назарын аударып, барынша қызықтыра түсетін өмір фактісі туралы әңгімелеу, белгілі бір мәселені немесе проблеманы көтере білу деген сөз» [Амандосов Т.С. Қазақ Совет баспасөзінің жанрлары. «Мектеп» баспасы. Алматы – 1968. – 170 б.]. Автордың «Майданға мұнайды көп жіберейік», «Жабулы қазақ жабуымен қалды», «Балықшы Балым», «Артта қалушылықты жою керек» және басқа да мақалаларының атауы – осының айғағы.

Соғыс жылдарында Т.Амандосов жазған мақалалардың мазмұны сан-алуан. Уақыт көтерген мұнай мен ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері бүкіл ел тағдырын шешуге арналса, мәдениет тақырыбына арналған хабарларында оқу-ағарту, саяси білімді арттыру, үгітшілік жұмыстарын күшейту мәселелері қамтылған. Бұл тақырыптарды көтергенде ол хабар жанрларының әр түрін тиімді қолдана білген. Оқырмандарға хабардың тез жетуіне, фактілердің ескіріп кетпеуін басты назарда ұстаған. «Оперативтілік – хабар жанрының бұлжымас заңы. Фактіні – жарқын, ұтымды көрсету, тұжырымдылық – міне, осылардың бәрі хабар жанрына қойылатын негізгі талаптар» деген профессор Т.Амандосовтың тұжырымы осы кезде қалыптасқаны ақиқат [Амандосов Т.С. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. «Мектеп» баспасы. Алматы – 1978. – 154 б.].

1942-1945 жылдары журналист Т.Амандосовтың Атырау облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің бетінде жарық көрген мақалаларымен танысқан сайын, оның журналист шеберлігін ұштай түсу үшін көп еңбектенгенін анық аңғарасың. Тақырып таңдау, хабарлар ұйымдастыру, рейд қорытындыларын жариялау, тілші хаттарына шолу секілді әртүрлі жанрларды толық меңгерген. Осы еңбекқорлығы кейін республика журналистикасының тарихы мен теориясын зерттегенде, ұстаздықты ғылыммен ұштастырғанда ашыла түсті. Ол туралы қаншама шәкірттері естеліктер мен кітаптар жазды, ақындар өлеңдерін арнады. Біз де бұл мақаламызды ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Жақыптың «Ұстаз» атты өлеңімен түйіндеуді жөн көрдік:

«…Аяулысы, арысынан айырылып,

Үлкен-кіші қайғы жұтып, қамықты.

Талай жанға жасап өттің жақсылық,

Мейіріміңді көрмеді ешкім жатсынып.

Ғұмыр бойы Тау боп өткен Тауаға-ай,

Енді сізді тұрмыз тауға тапсырып.

Бәйтеректей биік болып қалдыңыз,

Адалдықтың ақ жолын да салдыңыз,

Қаламгерлер қаламында қалдыңыз,

Шәкірттердің жанарында қалдыңыз…».

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз