«2GIS»: АТЫРАУДЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ АНЫҚТАМАЛЫҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

big gis1458393780 1458141763 Жаңалықтар

Atr.kz/4-наурыз, 2019 жыл. Атырауда «2GIS» – қаланың электронды анықтамалығы іске қосылды.

Оған жергілікті барлық ғимарат пен онда орналасқан мекемелер еніп отыр. Жаңа жобаның жаңалығы туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте «2GIS» ЖШС директорының клиенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары Али Мусағалиев пен коммерциялық директор Тимур Файзуллин айтып берді.

Жаңа қосымша атыраулық тұрғындарға ғана емес, қала қонақтарына да көмекші құрал болмақшы. Бірнеше анықтамалық қызмет біріктірілгендіктен, ол навигатор мен жолсілтеуші ретінде тегін жұмыс істейді. Қосымшаны телефонға немесе басқа мобильді құрылғыға жүктеп, айына бір рет жаңартып тұру керек.

2GIS: кафе, шаштараз, көлік жөндеу орталықтары, емхана, балабақша т.б. құрылымдар туралы кешенді мәлімет ұсынады

 Электронды анықтамалықта кафе, шаштараз, көлік жөндеу орны секілді бизнестік нысандармен қатар, қалалық мекемелер де көрініс тапқан. Емхана мен ауруханалар, балабақша, спорттық мектептер, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық құрылымдары, олардың мекен жайы, телефондары, сайт, әлеуметтік желілері, сонымен қатар жақын маңдағы көлік тұрақтарына дейінгі барлық мәліметтерді ұсынады, – деді «2GIS» ЖШС директорының клиенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары Али Мусағалиев.

«2GIS» деп аталатын халықаралық картографиялық компания 1999 жылдан бері қалалардың карталары бар электронды анықтамалықтар шығарады екен. Ресейдегі бас кеңсесі өз елдерімен қатар, Қазақстан мен Италия, Чехия мен Чили, БАЭ, Қырғызстан, Украина, Кипрдің анықтамаларын жасаған. Жаңа қызмет 350-ден астам қалада жұмыс істейді, оны 40 миллионнан астам адам тұтынады.

 Жаңа жоба тұрғындарға өте қолайлы. Жаяу жүргінші баратын жеріне тез жетеді. Қоғамдық көлікке мінген адам автобустың жүру бағытын біліп отырады. Ал, жүргізушілерге қай жерде қандай жылдамдық көрсеткіші қойылғаны, көшелердегі кептеліс жөнінде жедел мағлұмат беріледі, – деді коммерциялық директор Тимур Файзуллин.

maxresdefault 1

Бүгінде Атырау қаласының аумағы ұлғайып, жаңа мөлтек аудандар көбеюде. Атауы жазылмағандықтан кейбір көшелерді табу қиын болып тұр. «Осындай жағдайда жаңа қызмет көмектесе ала ма?» деген «Атырау» газеті тілшісінің сауалына серіктестік басшылары «Иә» деп жауап берді. Өйткені, олардың қызметкерлері электронды анықтамалық дайындаған кезде қала көшелерін, жаңа шағын аудандарды түгел аралап шығыпты. «Қазіргі күнге дейін мұнда көшелерден өзге, 50 426 ғимарат, 9175 мекеме туралы ақпарат жинақталған» деді брифинг қонақтары.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз