ЭКСКЛЮЗИВ: 52 жаста алғаш рет ана атанған атыраулық сұхбат берді

220124232156496e 1 Жаңалықтар

– Апа, бөбегіңіздің бауы берік болсын! Бір-ақ сәтте «хит» болған қалай екен?

– Айтпаңыз, тіпті, телефонымызға тыным жоқ. Танымайтын адамдар да құттықтап жатыр. «Арнайы Атырауға барамыз, сіздерді таспаға түсіреміз» деген журналистер де бар арасында.

…Күні кеше Атырауда 52 жасында алғаш рет ана атанған Айгүл Нұржігітқызымен әңгімеміз осылай басталды.

Құлсарылық Ибрагим Шаукировтың отбасы үшін 19 қаңтар – ерекше бақыт əкелген, қуанышты күн. Сəби иісін аңсаған отбасының арманы ақиқатқа айналып, өмірге шекесі торсықтай ұл келді.

…Олардың отасқандарына 2 жыл болған. Отағасы тағдырдың жазуымен осыдан біраз жыл бұрын жары өмірден өтіп, екі қызымен қалған екен.

«Ұлымыз 20 жасында көлденең ажалдан көз жұмған сəттен бастап, анасы дертке шалдықты. Үлкен қызымызды ұзатып, ұрпақ қызығын енді көреміз деген сəтте бақилық болды» дейді Ибрагим Дəулетұлы өткен күндерді ой елегінен өткізе отырып.

Кіші қызын өз қолымен ұзатып, құрылыс саласындағы кəсібін де дөңгелентіп отырған отағасы қартайған шағында біріне-бірі демеу болар жар керегін түйсігіне түйгенімен, оны іздеп, сарсылмаған.

«Бізді тағдырдың өзі жолықтырды».

Аяулы анасын бағып, ардақты жан келместің кемесіне мініп кеткен шақта, жалғыз қалған Айгүл Нұржігітқызымен бас қосуын отағасы бір-ақ ауыз сөзбен сипаттады. Көңілінің түкпіріндегі сырын ақтарған ардақты азамат алғашқыда бұл мəліметтерді жазуымызға қарсы болды.

Алайда, сəлден соң, «Бəлкім, менің өмірім өзгелерге мотивация болар, жаза беріңіз. Сол үшін де келісімімді беремін. Əйтпесе, аяушылық сезімін тудыру үшін айтып отырғаным жоқ» деп қысқа қайырды.

«Біздің отбасында ұл болмады. Мен – егіздің сыңарымын. Ол кішкентай күнінде қайтыс болған соң, əкем өзге отбасына кетті. Анамды қартайғанша бағып, ақ батасын алдым. Əркез «жалғыз қалатын болдың-ау» деп мені уайымдап отырушы еді» деді Айгүл Бисенбаева бізбен əңгімесінде.

Жазмыштан озмыш жоғы рас. Екі тағдыр тоғысып, жарасымды тірлік кешу жолында шешім қабылдаған сəтте, айналадағы ағайын-туғандар да бұл отбасына бақыт тілеп, қолдау білдіріпті.

 «Айгүл – отағасын сыйлайтын, үлкен əулеттің сыйлы келіні» дейді отағасы да марқайып.

«Алғашқы кезде өзім үшін «бала туып аламын» деген ойым болды. Кейін тағдырымыз түйіскен соң, жасымыздың да біразға келгенін айтып, отағасына ЭКҰ туралы айттым. Ол сəл ойлана келе, келісті».

Осылайша, отбасы көңілдеріне үміт пен сенім ұялап, Атыраудағы «Экомед» клиникасына арнайы келіпті. Медициналық нысандағы мамандар оларды бірауыздан қолдап, үміттерін үзбеу керектігін баса айтады. Сынамалар тапсырып, дəрігерлерге ұзақ уақыт қаралған соң, астаналық клиниканы таңдапты.

«Алғашқы əзірде сөз бар, көз бар дегендей, ешкімге ештеңе айтпадық. Аспаздық жұмысымнан да шығып кеттім. Тек біз күткен нəтижеге жеткенде ғана туыстарға жеткіздік» дейді Айгүл Нұржігітқызы.

«Атыраудағы клиникаға келгенде репродуктолог Гүлсара Жəрдемқызының қолдауын, демеуін сезіндік. Үнемі жігерлендіріп, тұтастай ұжым бізге тек жақсылық тілеумен болды. Кейін «Экомед Астана» клиникасына барғанымызда дəрігеріміз Гүлнұр Маулиеваға тап болғанымызды да бағымыз деп білеміз. Жүктілігім қалыпты өтті. Айы-күнім жетіп, бүгін-ертең деп күн санап отырған сəтте ауырып, «жедел жəрдеммен» Құлсарыдан Атырауға жеттік. Денсаулық жағдайыма байланысты дереу ота жасау туралы шешім қабылданды. Отадан кейін көзімді ашқанымда «Ұлыңыз бар! Құттықтаймыз!» деген сөзді естігендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сəби сүю, өмірге ұрпақ əкелу –əр ананың арманы. Маған да осындай бақ бұйырғанына қуаныштымын!» дейді жас ана қуаныштан бал-бұл жанып.

«Кіндік əке-шешесі кім болды, аурухананы түгел «шулатқан» боларсыздар, сірə?» дейміз біз сөзге тартып.

«Жо-жоқ, қайдағы, керісінше, ұялып, ешкімге де айтпадық. Кіші қызымыз Салтанат, күйеу баламыз Серікболсын, кішкентай жиеніміз Нұрали жəне құдағайымыз Шəрипа ғана болды қасымызда» дейді Айгүл ана қазақы ұяңдыққа салынып.

«Бесік тербеп, бөбегіңізді қызықтап жүрсіз бе?» дейміз отағасын да əңгіме желісіне икемдей түсіп.

«Мал сойып, сырттағы шаруаларымды үйлестіріп, қазір келдім. Анасы бар. Кішкентай ғана бір баланы өзі қарайды емес пе? Ең бастысы, аман болсын!» дейді Ибрагим Дəулетұлы ермінезділігінен таймай.

«Құттықтап, бізге деген тілегін жаудырып жатқандарда есеп жоқ. Əсіресе, қыздарымыз Нұргүл мен Салтанат қатты қуанып жүр. Інісінің атын кіші қызымыз Салтанат «Нұркелді» деп қояйық деді. Осылайша, үйімізге нұр келіп, бəрімізді шат-шадыман қуанышқа кенелтті! Қазіргі медицинаның дамуы біздерге зор мүмкіндікті сыйлады. Əр анаға сəби сүю бақыты бұйырса екен!» деп түйіндеді Айгүл Нұржігітқызы əңгімесін.

Отағасы да «Тағдырыма ризамын. Балалар бақытты болса, ата-ана да алаңсыз болады. Ел аман, жұрт тыныш болғай!» деген ақ тілегімен əңгімесін түйіндеді.

Біз де олармен қош айтысып, бақыт тіледік. Сəби аңсаған аналардың армандары орындалып, бақытты бөбектер көбейе берсінші! Біздің тілек осы!

Гүлжан ƏМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз