Атырауда еліміздің үздік бүркітшілер анықталды

whatsapp image 2023 02 27 at 08.26.09 Спорт

Ақ ұлпа қар. Құсбегілер сайысына жиналған көрермендердің қатары сол күні көп еді. Олар күннің салқындығына қарамастан атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнерді көруге асық. Саф өнерді серік еткен құсбегілердің дайындықтары да жақсы секілді. Чемпионатқа мұхиттың арғы шетіндегі шетелдіктердің де көрермен болып келгендігін көрдік.

Иә, өткен аптада Атырауда құсбегіліктен ересектер арасында өткен XVI республикалық чемпионат мәресіне жетті. Үш күнге созылған жарысқа жергілікті құсбегілермен қатар Астана мен Алматы қалалары, Ақмола, Алматы, Абай, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 40-тан астам құсбегі 31 бүркіт, 11 қаршыға, 10 ителгінің бабы мен бағын сынады. Құсбегілердің жарысы Жайықтың жағасында осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда қыран-құстардың шеберлігі ғана емес, құсбегінің спорттық киімі, жабдықтары, құстың тұлғасы, күйі, сипаты мен ерекшеліктері бағаланды.

Жайықты жерсінген сұңқарлар

Чемпионаттың алғашқы күнінде 31 бүркіт «Қолға қондыру» сайысында бақ сынады. Қызыққа толы болған бұл сайыс түрінде сұңқарлардың көпшілігі сүрінді. Құсбегілердің айтуынша, бұған бүркіттердің жерсініп ұшпауы, оған қоса Жайықтың үстінде желдің ұйытқуы өз әсерін тигізген. Ал, кейбір бүркіттер иесіне бірден бармай, жол жөнекей сарышұнақ, кептерлерге түсіп жатты.

Ережеге сәйкес, тікелей иесінің қолына қонған бүркіт қана ең жоғары 10 ұпайды еншілейді. Ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, төрешілер алқасының бірауыздан келісімі бойынша 9 ұпайды еншілеген қатысушыларға да келесі айналымға өтуге мүмкіндік берілді. Соның нәтижесінде Ақмола, Алматы, Жамбыл, Абай, Қарағанды, Атырау облыстары мен Астана қаласының 12 бүркітшісі жартылай финалға жолдама алды. Бұл бүркітшілердің екеуі атыраулық екендігін ерекше атап өткен жөн.

Доданың келесі күні ителгі құстары «Қолға шақыру», «Далбайға салу», «Қоянға салу» сайыстары бойынша өнер көрсетті. Оның қорытындысында ақмолалық Ерлан Кенжетаев «Ақбас» атты ителгі құсымен ел чемпионы атанса, екінші орын жамбылдық Бақдәулет Бабажанның «Қарагөз» құсына бұйырды. Жүлделі үшінші орынды Түркістан облысынан келген Ибрагим Базарбаевтың «Қарагөзі» мен Бағдат Кеуеновтың «Тұмары» еншіледі.

Жүзден жүйріктер

Ал, қаршыға құстары арасында «Қолға шақыру», «Кептерге салу», «Қоянға салу» сайыстары бойынша бәсеке қыза түсті. Бұл кезең бойынша Түркістан облысынан келген Дәурен Аршабайдың «Тұйғыны» жеңімпаз атанса, тағы бір түркістандық Бағдат Кеуенов «Тарланымен» екінші орынды қанжығасына байлады. Ал, қос астаналық Серікбек Күнтуғанның «Найзатұяғы» мен Құдайберген Рауильұлының «Чипогі» үшінші орынды өзара бөлісті.

Жартылай финалға жолдама алған 12 бүркіттің ішінен оқ бойы оза шапқан 5 бүркіт іріктеліп, ақтық бәсекеде шеберліктерін байқатты. Ол «Қасқырға салу», «Шырға тарту» сайыстары бойынша өтті. Ел чемпионы атағын сарапқа салған бұл бестік чемпионатқа жоғары дайындықпен келіпті. Құсбегілердің шеберлігі мен қыран бүркіттің дайындығы сыналған тартысқа толы сайыста елордалық Арманбек Күнтуған «Қарашолақ» сұңқарымен ел чемпионы атанса, Абай облысынан келген Ерзат Байқадамов «Заңғар» құсымен екінші орынды олжалады. Чемпионаттың үздік үштігіне атыраулық Арман Қошқаровтың «Нарын» бүркіті мен астаналық Серікбек Күнтуғанның «Алғыры» лайық деп танылды. Үздік үштіктен көрінген бүркітшілер дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама  алды.

Жалпы командалық есепте Түркістан облысы I орынға ие болса, II орын Астана қаласына бұйырды. Үздік үштікке Ақмола облысының командасы қол жеткізді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Атыраулық құсбегі Еламан Ордабаев:

– Мен Жылыой ауданының тумасымын. 2018 жылдан бері құсбегілікпен айналысамын. Ұстазым – Арман Қошқаров. 2017 жылдары қарақұс, жамансары секілді аңға көп түспейтін, кіші құстарды ұстай бастадым. Содан бастап үйрендім. Бүркітімнің аты – Аңырақай. Жасы төртте. Отбасымда өзім ғана осы өнермен айналысамын. Қызығушылық білдіріп, үйренгісі келетін жастар бар. Біздің облыста бұл спорт түрі жақсы дамып келеді. Әзірге жүлде ала қойғаным жоқ. Бүркітті үйретіп жүріп үйренеміз ғой. Жарысқа қатысқан бойда жүлделі бола салу да оңай емес. Бүркіттің де өзіне тән көңіл күйі болады.

Қазақта «Мылтық құрған атып алады, қақпан құрған жатып алады. Тазы салған сілесі қатып алады,  бүркіт салған қызыққа батып алады» дейді ғой. Бүркітпен аңшылық құру өзінше қызық. Оның тамағын тауып беру керек. Жылқының, сиырдың жас етін береміз. Бүркітті ұстаймын деп ниет қойған адам баптай алады. Мұның бәрі адамның қызығушылығына байланысты. Кешегі сында бүркітім 31 бүркіттің ішінен үздік ондыққа кіріп, жартылай финалға жолдама алды. «Қолға шақырудан» 10 ұпай, «Шырға тартудан» 10 ұпай алдым. Мұның өзі үлкен жетістік деп білемін.  

Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Нұрлыбек Мұқанов:

– Құсбегілік жарыстарының көп өткізілуі ұлттық спорттың дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Құсбегілік ата-бабамыздан келе жатқан көне дәстүр әрі өнер. Шыңның басында, күннің астында бостандықта тіршілік кешетін қыран құсты қолға баптап, үйрету үлкен өнер. Сұңқарды қолға үйреткен қазақ аз. Бұл өнер қазақ еліне ғана емес, араб елдеріне де тән. Ескі өнерді жоғалтпай, көзінің қарашығындай сақтап, осы күнге дейін алып келген аға буынға, оны меңгеріп жүрген жастарға қалайша разы болмайсың? Осы төл өнермен айналысатын жастардың қатары көбейсе екен. Төл өнерді дамыту құр сөзбен ғана шектеліп қалмай, оны дамыту үшін оңтайлы инфрақұрылымның болуы қажет. Құсбегілердің бұл өнерді кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруы үшін белгілі бір бағытта жолға қойылуы қажет деп есептеймін. Құсбегілік көбінесе әкеден балаға жалғасып келе жатқан өнер. Мұны интернет пен кітаптан қарап, жоғары оқу орнынан оқыдым дегендерді таба алмайсыз. Құсбегіліктен жарыстар қыс мезгілінің басында және соңында өткізіледі. Ұлттық спорт түрлерімен жасөспірімдердің тұрақты айналысулары үшін инфрақұрылым мәселесін көтеріп келеміз. Ұлттық спорт клубы секілді орындар әр облыста болса қандай жақсы…

Облыстық ұлттық  спорт түрлері клубының директоры Өнербек Жанбала:

– Бүгінде құсбегілік жақсы қарқынмен дамып келеді. Біздің облыста 7-8 құсбегі, сондай-ақ екі бүркіт, бір ителгі, бір қаршыға бар. Екі бүркіттің бірі Жылыой ауданында, бірі Алматыда жаттығады. Бұған біздегі ауа райының қолайсыздығы себепші. Түз тағысын баптаудың қиын екендігі белгілі. Оны бағындырып ұстау керек. Айталық, біздің өңірде жаздыгүні ыстық болады, ал, бүркіт салқын жерді жақсы көреді. Өңірде ересек бүркітшілер, жас бүркітшілер, жасөспірім бүркітшілер бар.

Жастарды құсбегілікке тәрбиелеп жатырмыз. Облыста үш мәрте Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, 2015 жылы 8 елдің құсбегілері қатысқан фестивальде бас жүлде иегері атанған Әбдікәрім Қошқаров, Арман Қошқаров секілді құсбегілер династиясы тұрады. Ақпан айының алғашқы жартысында Талдықорған қаласында жастар арасында құсбегіліктен XIV Қазақстан чемпионаты өтіп, 70-тен астам құсбегілер арасындағы бүркітшілер сайысында Атырау облысынан қатысқан Иманғали Абдулкәрімұлы жеңімпаз атанды.

Ұлттық спорттың төңірегінде шешімін күткен проблемалар жоқ емес. Соның бастысы ­– еңбекақы мәселесі. Командадағы жастардың барлығы өзіміздің облыстың тумалары. Олар тәрбиеленіп шыққан соң, отбасылы болып, бізден алатын 80-90 мың теңгеге жұмыс істей алмайды. Сондықтан басқа салаға кетіп қалатын да жайттар бар. Бұл мәселе туралы жауапты адамдарға айтып келеміз.

Ұлттық спортқа әлі де болса көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Біздің ұлттығымыз бен елдігіміздің, тіліміздің, дініміз бен діліміздің, мәдениетіміз бен өнеріміздің бейнесі ұлттық спортымыз. Сондықтан «өзіміздің көкпар ғой, өзіміздің құсбегілік қой» деп немқұрайлылық танытпай, оған жан-тәнімізбен көңіл бөлуіміз керек. Ұлттық спорттың басқа спорт түрлерімен салыстырғанда қиыншылығы аз емес. Көзге көрінбейтін, адам біле бермейтін қиыншылықтары көп.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз