ЕҢБЕККЕ ЖІГЕРЛЕНДІРЕ ТҮСТІ

Бүгінде әлемдік экономика қаржылық-экономикалық дағдарыс  жағдайларынан әлі шыға алмай отыр. Тіпті,  қайсыбір елдерде әртүрлі құлдыраулар анық байқалса, енді біреулерінде саяси мәселелер аса күрделі дәрежеде қалып отырғаны да шындық. Осындай себеп-салдардың  кесірінен әлемдік нарықтағы баға құлдырауда. Сондықтан, Елбасы мұндай күрмеуі көп қиындықтар мен кедергілері мол тығырықтан тек қана мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған, ыдырамас бірлігі бар халықтар ғана өтетінін «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында қадап айтты.

 

«Нұрлы  Жол» Жаңа Экономикалық Саясат   әлемдегі  мықты дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолындағы ерекше ауқымды қадам болып саналады. Елбасы осы мақсатқа жету жолында жалпыұлттық идеяны өміршең ететін басты негізі де – осы бірлік пен берекеде екені белгілі. Қазіргі әлемдік нарықтағы бағаның құлдырауы мен экономикалық өсімнің төмендеуіне байланысты алда тұрған сын-қатерлерден айналып өтуге байланысты қазақстандықтар алдындағы міндеттерді көрсете келіп, Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «Біз жалпыұлттық  идеямыз – Мәңгілік Елді  басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда  бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгі Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2030» Стратегиясының ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстан Мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы».

Жолдауды  қызу  қуаттай отырып, одан туындайтын  мақсаттар мен міндеттерді талқылауда  Индер ауданының  ұстаздары да белсенділік  танытуда. Әр ұжым Елбасы мен мемлекетіміз алға қойған  тапсырмаларды Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы негізінде ойдағыдай орындау жолында жаңа серпінмен, жаңа жігер-күшпен  жұмыстарын жасап келеді. Солардың арасында жалпы білім беретін орта мектептермен қатар, Индер кентіндегі балалардың  шығармашылық орталығының  мұғалімдері де бар. Мұнда негізінен аудан орталығындағы М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин және «Көктем» қазақ орта мектептерінің  5-11 сынып оқушылары кәсіптік бағдар мен өнерге баулитын  аталған орталықта әртүрлі бағытта кәсіби  білімдерін жетілдіріп жүр. Бүгінде олар нақты бағдарламаларға сәйкес өздері қалаған өнерлеріне деген  шығармашылықтарын   шыңдай түсуде. Біз Жолдаудың әрбір жолын оқушыларға түсіндірудеміз. Осы ретте арнайы сабақтар да ұйымдастырылуда. Сөйтіп, Мемлекет басшысының ел-халқына арнаған Жолдауы Ақжайық бойындағы Индер ауданының жұртшылығына да  тың серпін беруде.

Бақытжан МУСАҒАЛИ,

  ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,

Индер ауданындағы шығармашылық орталықтың әдістемелік

бөлімінің меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз