ДІНТАНУ ПӘНІ ЖӘНЕ ҰСТАЗ

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы Атырау қаласының мектептерінде қызмет атқаратын психолог, дінтану мамандары үшін «Дін фанаттарымен жұмыстың психологиялық ерекшеліктері» тақырыбында семинар өткізді.

 

Облысымызда 285 психолог  қызмет атқаратын болса, олардың көбі – тәжірибелі мамандар. Әсіресе, балалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын психологтарға жүктелер жауапкершілік жоғары. Мектеп психологтарының діни білімі мен біліктілігін шыңдап, тәжірибелерін молайту мақсатында өткен семинарда Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев балаларды жат ағымдардан сақтандыруда дін саласындағы мамандар мен мұғалімдердің ықпалы зор екендігін атап айтты.

– Бұған дейін семинарды облыстың барлық аудандарында өткіздік. Байқағанымыз, көптеген жас жеткіншектеріміз ақ-қараның ара-жігін ажыратпастан теріс жолға түсіп кетеді, мұның бәрі – діни сауатсыздық салдары. Сол себептен бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз мектеп қабырғасындағы жас жеткіншектердің күйзеліске қарсы тұру қасиеттерін қалыптастыру және діни сауаттылықты арттыру болып табылады, – деген ол мектепке келген әр баланың көңіл-күйін, іс-әрекетін қадағалау мақсатында психолог-мамандардың жұмысын күшейту керектігін айтты.

Семинарда Атырау облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Байжан Шамұрат дінтану пәнінің жаңа оқу жылынан бастап «Зайырлылық және дінтану негіздері» болып  атауын өзгертетіндігін атап өтті. Оның айтуынша, психолог мамандар республикалық білім сайыстарында топ жарып жүр. «Көбі тәжірибелі, өз ісінің мамандары болғандықтан оқушылармен жұмысты жүйелі жүргізеді. Тек уақыт талабына, туындаған мәселелерге сай олардың жұмысын жетілдіріп отыру қажет» деді ол.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз