БЕРЕКЕЛІ ӨЛКЕНІҢ ТЫҢ БЕЛЕСІ

Индердің байлығы ел игілігіне айнала ма? Ауданның өткен жылы қол жеткізген жетістіктері қандай? Осы сауалдарға «Борат» мәдениет үйінде өткен есеп беру жиынында Индер ауданының әкімі Серік Арыстан жауап тосты. Алқалы басқосуға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатынасып, сөз сөйледі.

Индер – ауыл шаруашылығымен қатар, өндірісі де өркендеген аудан. Дегенмен, ғаламдық қаржы дағдарысы, Ресей валютасының құнсыздануы өндіріске ықпалын тигізбей қоймады. Мәселен, «ИСИ Гипс Индер», «ТҰЗ», «ПромСтройЦентрСервис» ЖШС-тері толық қуатында жұмыс жасай алмауда. Ал, «Биас Тэк» ЖШС-і 2014 жылдың қараша айынан бері тұралап тұр. Соған қарамастан аудан басшылығы тұйықтан шығар жол іздеуде. Жалпы, Индерден шығатын өнімдер сапалылығымен ерекшеленеді. Облыс жұртшылығының жергілікті гипсокартон, гипс және құрғақ құрылыс қоспаларын іздеп жүріп сатып алатындығы соның көрінісі.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласында да айта қаларлықтай жаңалықтар бар. Асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтар көбейді. Жер өңдеп, өнім алушылардың қатары да ұлғайып келеді. Мұның бәрі тұрғындарды жергілікті өніммен қамтамасыз етуге жол ашып отыр.

Алқалы жиында аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Сапаров аудан жұртшылығы асыға күткен жаңалық туралы айтты.

– Атырау-Индер тас жолының күрделі жөндеуден өткізіліп, іске қосылуы – бүгінде индерліктер үшін үлкен қуаныш. Бұл жол ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына мүмкіндік береді, шағын бизнестің дамуына жағдай жасайды, – деді ол.

Аққала, Құрылыс, Ынтымақ ауылдарындағы мектептердің орнына жаңа ғимараттар салу ісі де облыс басшысының жан-жақты қолдауымен, демеушілердің күшімен атқарыла бастады. «Бүлдіршіндер жаңа оқу жылын жаңа мектептерде бастайды деген сенім бар» дей келіп, ол  облыс басшысына ауданның барша тұрғындары, депутаттар атынан ризашылық білдірді.

 Бөдене ауылының тұрғыны Карим Хамидуллин  «Алғабас-Жорық» каналын жөндеп, су өткізгіштігін көтеру және оны бастапқы жобалық қуатына жеткізудің  өзектілігін қозғады. Ал, Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиев ауыл шаруашылығы қанат жайғанын, бірақ, зоотехник, мал дәрігері мамандарының жетіспеуі, жемшөп базасының тапшылығы байқалып отырғандығына тоқталды.

Индер көлінің байлығын игеріп жатқан «Тұз» ЖШС төрағасы Әбиірбек Тоқтыбаев өндірісті кеңейту барысындағы қиындықтарды жасырмай айтса, тұрғын Ғайни Ғабдуллина ауданда сүт зауытын салу, балабақша жайын қозғады. Сонымен қатар, жиында Индербордағы жаяу жүргіншілер жолының аздығы да әңгіме болды.

Жиында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов облыста жасалып жатқан жобаларға кеңірек тоқталды. Сонымен қатар, Индер ауданының дамуына ықпал ететін жұмыстарды атап айтты. Өткен жылы есеп беруде көтерілген Индербор кентін абаттандыру, Бөденеде балабақша мен мәдениет үйін салу, №99 шахтаның бетін жабу, Аққала, Құрылыс, Ынтымаққа мектеп салу жұмыстарының жобалары дайындалып, бірқатарының жұмыстары бүгінде қолға алынған. Ал, Индербордағы «Шығыс» пен «Болашақ» ықшамаудандарына су, электр желілерін тарту жұмысына 758 млн. теңге қаралып, биыл оның алғашқы 300 млн. теңгесі бөлініп отыр. Газ желілерін жаңарту «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның инвестициялық жобасына енгізілген.

Есеп беру жиынында Индер ауданы әкімінің жасаған жұмысы «қанағаттанарлық» деп бағаланды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз