АГРОКЕШЕН ДАМИ ТҮСЕДІ

Елбасы Жолдауында  Ұлттық қордан бөлінетін қаржылай ресурстардың бір бөлігі өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуға, сол арқылы қалада ғана емес, селолық аумақтарда да шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталатындығы айтылған. Мұның өзі ауылдағы кәсіпкерлік өрісінің де кеңейіп, тұтастай алғанда агроөнеркәсіптің кешенді ілгерілеуіне ықпал етері сөзсіз.

Инфрақұрылым туралы айтқанда, облыс орталығы мен ауданды, одан әрі ауылдарды бір-бірімен байланыстыратын автокөлік жолдарының жөнге келтіріліп, жаңғыртылуымен байланысты ауыл шаруашылығына қатысты да көп мәселенің шешімін тауып, түйіні тарқатылатынына көзіміз жете бастады. Осылайша, былтырдан бері ел қазынасынан бөлінген қомақты қаржыға реконструкциядан өткізіліп, қайтадан салынып жатқан, Жайық өзенінің Азия бетіндегі «Атырау-Индер»  тас жолының құрылысы бүгіндері біраз еңсеріліп, бітуге таяп та қалған.

Аталмыш трассаның бойында Атырау қаласы маңындағы ауылдардан бастап, Махамбет және Индер аудандарының бірқатар елді мекендері орналасқандығы белгілі. Солардың арасында көршілес екі ауданның шекарасындағы Ақжайық селосы да бар. Дәл осы округте «Дастан» шаруа қожалығы құрылып, бірнеше жылдан егін шаруашылығымен шұғылданып келеді. Аудан мен облыс орталығына қатынайтын жолдың қиындығынан шаруагерлер өздерінің өсірген өнімдері мен жиған-тергендерін қайықпен Жайықтың қарсы бетіне өткізіп, осы жақтағы түзу жолмен қалаға тасымалдап, базарға жеткізетін.

Енді тақтайдай тегіс жол салынғалы «дастандықтар» да, басқа шаруа қожалықтары да бұл азаптан құтылды. Өздерінің қорапты автокөліктеріне тиелген егістік дақылдарын балғын, сапалы күйінде діттеген жеріне жеткізудің мол мүмкіндігі туды. Тіпті, еш қиналмастан, күніне бір, кейде екі мәрте қалаға қатынап, маңдай термен жинаған ырыздықтарын базарлап, нәпақасын айыратын күнге жетті.

Ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде айтар және бір пікірім, осындай жайлы жол Қиғаштың бойын жайлаған  Құрманғазы ауданының Азғыр өңірі бағытына қарай тартылса, қордаланған жайлардың шешілуіне септесер еді деп есептеймін

Серік СӘРСЕКЕНОВ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары. 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз