«Жұмыспен қамту жол картасы-2020»: БАҒДАРЛАМАҒА БАЙЫПТЫ ІС ҚАЖЕТ

Кеше Атырауға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Атырау қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Облыс орталығындағы жергілікті тұрғындармен кездесті.

Жастарға  мүмкіндік зор

Ең алдымен министр облыс жастарымен және жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен жүздесті.

Өткен жылы облыстың экономикалық белсенді халқының 95 пайызы жұмыспен қамтылған. Соның ішінде, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны аз, небәрі 12 пайызды құрайды.

– «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы, негізінен, жастарға арналған. Және  үш бағыт бойынша аз қамтылған азаматтарды жұмысқа тарту мақсатында жүргізіледі, – деп, министр Т.Дүйсенова әр бағытты жеке-жеке түсіндірді. – Жыл сайын республикалық бюджеттен 94-95 миллиард теңгені осы бағдарламаға жұмсаймыз. Еліміз бойынша 300 мың азамат аталған бағдарламаға қатысты. Соның ішінде, 52 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, Атырау облысы бойынша 2011 жылдан бері 16000 адам бағдарламаға қатысқан. Соның ішінде, 9500-і жастар болды. Ал, биылғы жарты жыл бойынша 1500 адам тартылған.  Сондықтан, 45 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген Атырау облысы үшін бұл көрсеткіш жеткіліксіз.

Кездесуге қатысқан жастар «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында еңбекке тартылу  мүмкіндіктері жөнінде тағы да кеңінен мағлұматтар алып, өз сауалдарын қойды.

«Қазақстан тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықбек Тінәлиев: «Жоғары оқу орнын бітірген жас маман жұмысқа орналасарда кез келген мекеме еңбек өтілін, тәжірибесін сұрайтыны белгілі. Колледждерде бұл мәселе дуальдық оқыту жүйесі бойынша шешімін табуда. Ал, қызметке тек араласқалы жатқан жоғары оқу орнының түлегінде еңбек өтілі қайдан болады? Жұмыс берушілер жастардан еңбек өтілін талап етпеуі бағытында қандай шаралар қолға алынуда? Және Атырау облысындағы орташа еңбекақы көлемі мұнай өнеркәсібі саласынан үлкен көрсеткішке ие. Алайда, аймақтағы халықтың барлығы бірдей мұнайшы емес, сондықтан, 200 мың теңгенің үстінде еңбекақы алмайтыны белгілі. Осы мәселені кері қарас-тыруға болмай ма?» – деген сұрағын қойды.

Министр Тамара Қасымқызы бұл сұрақтарды орынды деп тауып, жастардың еңбек өтілі мәселесін шешу мақсатында заңға өзгерістер енгізу шаралары қарастырылып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, «Жас Отан» ЖҚ Атырау облысы бойынша хатшысының орынбасары Қатима Тұсаева жастардың мамандық таңдай білуі төңірегінде сауалдарын жолдады.

Студенттің 4-5 жыл алған білімі көп ретте сұранысқа ие болмай жатады. Осы орайда, министрліктің «Жұмыс» деген порталын ашуды жөн санадық. Қазір бұл портал қызмет көрсетіп, мұнда 53 мыңнан артық бос жұмыс орны тұр, – деді министр.

Олқылық неге орын алды?

Кейін министр «Ренессанс» қонақ үйінде селолық округтер әкімдерімен кездесіп, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын халыққа әлі де жеткізу керектігін баса айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев аталған бағдарлама аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Биыл облыс бойынша 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 3592 жұмыссыз бағдарламамен қамтылады деп күтілуде, – деді Сәлімжан Жұмашұлы. – Мүмкіндігі шектеулі адамдарды да жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Жыл басынан бері мүгедектерге арналған тоғыз бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Мекемелер және ұйымдармен келісім-шарттар жасақталып, күні бүгінге 462 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамтылды. Оның ішінде 69-ына аталған бағдарлама аясында көмек берілді.

Бағдарламаның орындалысы облыс орталығында және Құрманғазы ауданында белсенді іске асуда. Ал, қалған аудандарда кенже қалып барады. Осы орайда, селолық округ әкімдеріне халықпен тығыз байланыс жасап, бағдарламаны түсіндіруге шақырған министр ағымдағы жылдың бес айында жеті адам ғана шағын несиеге қол жеткізгенін сынға алды.

– 2011 жылы Атырау облысы -6300, 2012 жылы – 3200, ал, өткен жылы 5300 адамды жұмыспен қамтыған. Ал, биылғы жарты жыл бойына 1500 адам ғана тартылған. Енді қалған жартыжылдықта екі мыңдай адамды жұмыспен қамтысаңыздар да өткен кезеңдермен салыстырғанда көрсеткіш төмен болмақ. Және облыста оқумен қамтылып жатқан азаматтар саны да жыл сайын азаюда. Бағдарламаны жүзеге асыруда Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданының үлесі сексен пайызды құрайды. Қалған жиырма пайызды көрсеткіш көрсетіп отырған алты ауданның жұмысы да жақсы деп бағалауға келмейді, -деп министр қатты сын айтты.

Мүгедектер   мәселесі – үнемі   назарда

«Өнерпаз» ЖШС-нің тігін цехында жүзге жуық тігінші жұмыс жасаса, соның ішінде алтауы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Министрмен кездесу барысында олар өздерінің жағдайларын баяндап, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға шексіз ризашылығын білдірді.

Тігінші Қапиза Мекебаева бірнеше жылдан бері осы тігін цехында тұрақты жұмыс жасап келе жатқандығын, еңбекақы уақытында беріліп, еңбек демалысы, балаларының лагерьлерде демалуы сынды әлеуметтік көмектер заңға сай орындалып тұратындығын жеткізді.

Серіктестік ғимаратын толықтай аралап, қызметімен танысып болған соң, министр бір топ мүгедек жандармен кездесті, жағдайларын білді.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тарту, қоғамдық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту бағытында облыста көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Өлкеде мүгедектермен жұмыс қарқын ала бастағаны қуантады. Енді республикалық бюджеттен қаржы бөлмей-ақ, мүгедектерге қоғамдық орындарда жағдай жасау мәселелері қолға алынуы керек. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдарды көбірек тарту, үздік жобаларды республикаға жіберу жұмыстарын атқару қажет , – деп министр оң бағасын берді бізбен сұхбатында. 

Оның айтуынша, өткен жылы республика бойынша 17 үздік жоба таныстырылған. Олардың қатарына мүгедектіктің алдын алу мақсатында 113 баланы өз үйінде оқытып, шынықтырып жатқан «Жылыой демеу» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Шынарбек Сәрсембаев пен қамкөңіл жандардың арасында қолөнерді дамытып отырған «Жүрек жылуы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Наурызбаеваның жобасы кірді. Сол азаматтар әлі күнге дейін өз күштерімен қызметті жалғастыруда.

Министр Тамара Дүйсенова солардың істерін үлгі етіп, облыс әкімдігі тарапынан көмек көрсету мәселесін қарастыруды тапсырды.

Ардагерлерге  қамқорлық ұлғаяды

Кеше түстен кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қаладағы «Ренессанс» қонақ үйінде атыраулық ардагерлермен кездесті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев ашып, жүргізіп отырды.

– Өздеріңізге мәлім, келер жылы Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы аталып өтпек. Оған дайындық жұмыстарының биылдан басталып кеткендігі де аян. Мерейтойды өз дәрежесінде, мемлекеттік деңгейде тойлап, оның шеңберіндегі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізу мақсатында ел қазынасынан қомақты қаражат та бөлінетін болып шешілді. Мұның сыртында, бұл іске бизнес өкілдерін, кәсіпкер азаматтарды көптеп тартып, барлық мүдделі құрылымдар мен қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдыру көз-делген,-деп бастады әңгімесін министр.

– Ең алдымен, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, оларға теңестірілгендерге, яғни Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлестерін қосқан тыл майдангерлеріне «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» мерейтойлық медалін тарту ету ойластырылып отыр. Ардагерлерге көрсетілетін біржолғы көмектердің көлемін көбейтуге, атаулы жылда олардың достастық елдері аумағында теміржол, әуе жолы қатынасымен бір рет тегін сапарға шығуына, соның ішінде Қарулы Күштердің қуаты мен Қорғаныс қабілетін паш ететін мерекелік әскери шерулер өткізілетін егемен елдің елордасы Астана мен Мәскеу қалаларына, басқа да шаһарларға барып-қайтуына, коммуналдық қызметтерді, медициналық көмектерді, емдеу-сауықтыру орындарында ұсынылатын қызмет түрлерін жеңілдіктермен пайдалануына жағдай туғызылмақ.

Тамара Қасымқызы одан әрі жасына және мүгедектігі мен басқа да жағдайларына байланысты зейнетақы тағайындау мен жинақтау жүйесіндегі жаңалықтардан, осы мақсатта қабылданып, болашақта жүзеге асырылатын Тұжырымдама төңірегінде түсінік берді. Онда қарастырылған өзгертулер мен толықтыруларға, жаңа жүйенің ерекшеліктеріне кеңірек тоқталды.

Азаматтық  қызметшілердің жалақысы өседі

Салалық министрдің жұртшылықпен жүздесуі одан әрі облыс әкімдігі ғимаратында жалғасты. Бұнда да алдын-ала жоспарланғанындай, бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерінің, яғни азаматтық қызметшілердің (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің, сондай-ақ әлеуметтік сала қызметкерлерінің) еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделі туралы әңгіме өрбіді. Екі кезеңнен тұратын, алғашқысы, келер жылдың шілде айына белгіленіп отырған жалақы көлемін өсірудің жолдары жайында сөз қозғалды. Тиісінше, залдан сауалдар қойылып, сәйкесінше жауаптар қайтарылды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз