БАЙЫПТЫ БАҒДАР, БЕРІК БАЙЛАМ

Кеше Құрманғазы және Исатай аудандарының әкімдері халық алдында есеп берді

Қиғаштың  бойы  қызу  еңбек  құшағында

Дүйсенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Құрманғазы ауданына кезекті сапармен барды. Іссапар барысында облыс басшысы «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашып, арнайы сыйлық табыстады. Сондай-ақ, бұл күні өңір басшысының қатысуымен аудан орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешені салтанатты жағдайда ашылды. Одан әрі облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары баяндалған Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатовтың есеп беру жиынына қатынасып, атқарушы билікке бірқатар міндеттер жүктеді.

Ашық пікір, жанды сөз

Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты, «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы Сабыржан Сұлтанов сөз алды. Ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген депутат ауыл шаруашылығы саласының әлі де болса қолдауды қажет ететіндігін мәселе етіп көтерді. «Отандық нарықта негізінен шетелдік импорт өнімдері болғандықтан, жергілікті мал  өнімдерінің бағасы төмен. Жайылымдық жерлердің де құнарлылығы нашарлап барады. Ауыл шаруашылығы саласына несие, субсидия беру жолдарын жеңілдетсек, отандық экономикаға үлкен қолдау болар еді» деп атап өтті депутат. Ганюшкин селолық округінің ардагері Қадырбай Жармұхамбетов білім және мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді. «Аудан орталығынан 280 орындық балабақша құрылысы жүріп жатыр, көптеген елді мекендерде клубтар жөндеуден өтіп, ауыл халқы бір жасап қалды. Ендігі жерде тұрғындар тілегіне көбірек назар аударылса екен» дейді ақсақал. Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Бақтияр Вахитов «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламалардың Құрманғазы өңірі бойынша табысты жүзеге асырылып келе жатқандығына тоқталып, «жастар орталығының ашылуы мемлекеттік саясатты, әсіресе, ауылдық жерлерде нәтижелі жүзеге асыруға жол ашады» деген пікірін білдірді. 

Есеп беру жиыны соңында, сондай-ақ, активке қатысушыларға өзекті мәселелер бойынша сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Мәселен, Ақкөл селолық округінің тұрғыны Райымбек Кереев жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жабық спорт алаңының қажеттігін айтты. Ганюшкин селолық округінің әкімі Аян Тәжібаев мыңнан аса тұрғынның жер учаскесі кезегінде тұрғанын, енді оларды инженерлік инфрақұрылымы толық жүргізілген жер учаскесімен қамтамасыз етуге ықпал етуді сұрады.  Афанасьево елді мекенінің тұрғыны Лия Әбелдиева үш жүз тұрғыны бар ауылдың газ желісіне қосыла алмай отырғандығын, әрі «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша кезінде жұмыс басталғанымен, тұрғындардың күні бүгінге дейін нәтижесін көре алмай келе жатқандығын мәселе етіп көтерді. 

Сауалдарға жауап берген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов түйінді мәселелердің уақытымен шешілетіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, Ганюшкин селолық округінің тұрғындарын барлық жағдайы жасалған жер учаскесімен қамтамасыз етуге арнайы қаржы бөлініп, бұл мәселенің биыл толық шешімін табатындығын жеткізді.

2013 жыл қорытындылары:

Кәсіпкерлік

1119 жаңа жұмыс орны ашылды. 79 жұмыс орнына дейін өсім бар.

Түрлі қаржы институттары арқылы 2685 субъектіге 1 млрд. теңге несие берілді. Нәтижесінде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1966-ға жетті.

Ауыл шаруашылығы

Асыл тұқымды мал үшін облыс бюджетінен 63 млн.теңге, селекциялық жұмысқа 25 млн.теңге, ет-шұбатқа 3,6 млн.теңге субсидия берілді. 

118 090 тонна мал азығы дайындалып, жоспар 106 пайызға орындалды. 488,5 гектар жерге егін егілді. Атап айта кетерлігі, «Сандуғаш» шаруа қожалығы өнеркәсіптік үлгідегі тамшылатып суару технологиясы арқылы 12 гектарға егін екті. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы ветеринария  саласының бір маманы тұрғын үймен қамтылды.

Әлеуметтік сала

Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде тұратын мүгедектерге ай сайын берілетін әлеуметтік көмек тағайындалды. Нәтижесінде 230 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 6,7 млн. теңгенің көмегі берілді.

«Аскер Мұнай» және «Алға Каспий Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мұнай-газ кеніштерін бұрғылау жұмыстарын бастады.

Денсаулық сақтау

Туберкулезбен ауру көрсеткіші үш адамға төмендеді. Тіркеуде 63 адам тұр. 

Екі дәрігерлік емханалары орталық газ жүйесіне қосылды. Сүйіндік, Балқұдық, Сафон дәрігерлік емханалары күрделі жөндеуден өткізілді.

88 науқас квотамен  ем алды. Оның 43-і – балалар. 

Ауданның әлеуметтік білім беру гранты арқылы сегіз студент медицина мамандығында оқып жатыр.

Білім беру

Жыл қорытындысымен 13 түлек «Алтын белгіге», төрт түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. 

 «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы бес маманға тұрғын үй алуға 13,0 млн. теңгенің несиесі берілді. 47 жас маманға 5,6 млн.теңге көтерме жәрдемақы төленді.

 «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Ганюшкин селосындағы колледж бен Нұржау, Жұмекен, Алға, Утера селоларындағы балабақшалар күрделі жөндеуден өтті.  

Мәдениет және спорт

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында бюджеттен 156,0 млн.теңге бөлініп, Сүйіндік, Балқұдық және Калинин  мәдениет ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Республикалық, аймақтық фестиваль, байқау, сайыстардан бір өнерпаз бас жүлдеге, 14-і жүлделі орындарға ие болды.

Бір спорт кешені, екі ангар типті спорт кешені, бес шағын футбол алаңы салынуда.

Қазақстан Республикасының бір спорт шебері, 22 спорт шеберлігіне үміткер бар.

Аймақ басшысының тапсырмалары

.мал басын көбейту;

.әлеуметтік сала объектілерін күрделі жөндеуден сапалы өткізу, құрылыс нысандарын уақтылы аяқтау;

. білім беру сапасын арттыру; 

. ауданды қажетті дәрігер мамандарымен қамту; 

. қылмыспен күресті күшейту;

.егіс алқабын ұлғайту;  

. жоғары  технологиялық –инвестициялық  жобаларды  жүзеге асырып, оларды облыстың индустрияландыру картасына қосу;

Дайындаған Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ, Құрманғазы ауданы

Исатай ауданы

Қазыналы нарынның қадамы нық

Ауыл экологиясына – айрықша назар

Алқалы жиынды «Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттері» тақырыбындағы баяндамасымен ашқан Исатай ауданының әкімі Нұрлыбек Ожаев өткен жыл ішінде өңірде атқарылған іс-шаралар туралы кеңінен мағлұмат беріп, келесі кезекте атқарылуы тиіс жұмыс жоспарларын ортаға салды.

Әлеумет әлеуеті үшін жүзеге асқалы тұрған жобаларды таныстырумен қатар, аудан басшысы аймақ тұрғындары үшін өзекті мәселеге айналған өңірдің экологиялық ахуалы туралы да айтып өтті. «Қазіргі күні ауданда экологиялық мәселе бойынша екі жағдай маңызды болып отыр. Біріншісі – Жанбай селосына жақын жердегі «Потенциал Ойл» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің тапсырысымен қазылған  №7 ұңғыдан шығып жатқан ерітінді мен газды тоқтату» деді аудан әкімі. Осы бағытта жобалау құжаттары жасалып, өткен жылдың  қараша айынан бастап мердігер мекеме – «Жасұлан К» ЖШС бұрғылау жұмыстарымен  айналысып жатқандығын айта келе, бұл мәселенің аудан әкімдігінің күнделікті бақылауында екендігін жеткізді. Сондай-ақ, исатайлықтар үшін экологиялық проблеманың тағы бірі – Исатай селосын құм көшкіні басу қаупі. Аудан басшысының айтуынша, қазір елді мекенді құмнан қорғау жөніндегі жұмыс жобасы әзірленуде. Ол үшін жергілікті бюджеттен 6 млн. теңге бөлініп, «Сала» ЖШС жобаны наурыз айында бітіруге жұмыстануда. Селода құм тоқтатуды қажет ететін 10 гектар шамасындағы үш учаске анықталып, осы учаскелерде құм тоқтату жұмыстарына шамамен үш жылға 45,0 млн. теңге қаржы қажет деп жоспарлануда.

Бұқарамен біте байланыс

Баяндама біткен соң, жарыссөздерге кезек беріліп, жиналғандар пікір-ұсыныстарын білдіріп, көкейдегі көп сауалына нақты жауаптар алды. 

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға келген жас маман Айдана Ермұханова осыдан 45 жыл бұрын салынған Тұщықұдық селосындағы мәдениет үйінің қазіргі таңда төбесі құлап, жарамсыз болып отырғандығын айтып өтті. Әсіресе, жастар үшін үлкен тәрбие орны саналатын мекемеге қатысты мәселені мүмкіндігінше шешуге ықпал етуін сұрады.  

Ал, еңбек ардагері Тауфих Маштахов «облыс көлемінде екі-үш тірек округтерін қалыптастыру ісін ұйымдастырсақ, жас әкімдер үшін тәжірибе жинақтауға септігін тигізер еді» деген ұсыныс-тілегін жолдады. 

Жастар мен спорт мәселесі – бүгінгі күні Елбасы тарапынан зор көңіл бөлініп отырған үлкен сала. Сондықтан, бұқаралық спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын ұстану – заман талабы. Осы мәселелерді атап өткен мұғалім Венера Зинуллина аудан жастары үшін спорт ғимаратының жеткіліксіз екендігіне тоқталды. «Бұл ретте «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты «Мартыши» кен орнынан мұнайшылар үшін спорт кешенін салу жоспарлануда. Осы нысанды аудан орталығынан салса, ол тек мұнайшылар үшін емес, жалпы жұртшылық үшін қызмет етіп, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне кепіл болар еді» деді ол. 

Медицина саласы мамандарының жеткіліксіздігі – өңір үшін өзекті жайттың бірі. Осы мәселені атап өткен бала дәрігері Сәуле Мұратқызы «аудандағы сала мамандарының жетіспеуінің бір себебі – әлеуметтік қамту деңгейінің дұрыс жолға қойылмағандығында жатыр» деген ойын ортаға салды. «Яғни, жұмысқа орналасқан жас маман тұрғын үймен қамтылмағандықтан, ұзақ мерзімге жұмыс жасауға келісім бермей, кері кетіп қалады. Осы ретте қызметтік пәтерлер беру мәселесі жолға қойылса» деген пікірін білдірді. 

Ал, танымал кәсіпкер, «Інжу-Маржан» серіктестігінің басшысы Гүлфара Ысмағұлова Забурын селосындағы маусымдық жұмыс кезінде жергілікті жұмыссыздарды қызметпен қамтып отырғандығын айтты. Ол, сонымен бірге, аталмыш балық сақтау орнындағы бірнеше тонна өнімді қала халқының қажетін өтеу үшін облыс орталығына әкелер жолда құқық қорғау саласы тарапынан бақылаудың тым көп екендігін атап өтті. «Тиісті құжаттарымның толық екендігіне қарамастан, Забурыннан Атырауға жеткенше бізді төрт-бес рет тоқтатып, тексеру жұмыстарын жүргізеді» деген кәсіпкер мәселені тиімді шешудің жолы қарастырылса екен деген ойын жеткізді. 

Ауданға сапарының соңында облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов аудан орталығындағы «Балдырған» балабақшасында болды. 1994 жылы пайдалануға берілген нысан өткен жылы толық жөндеуден өтіп, заманауи жабдықталған. Қазіргі уақытта 155 бүлдіршінді қабылдап отыр.

2013 жыл қорытындылары:

Аудан бойынша 1208 мың тонна мұнай, 

24,3 млн. текше метр ілеспе газ өндірілді.

«КТК» АҚ тұрба құбырлары жүйесін кеңейту жобасы бойынша аудан аумағында мұнай айдау станциясы құрылысы салынуда.

Кәсіпкерлік

Ауданда 1402 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар, оларда 1885 адам жұмыс жасайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 115 пайызға өскен. Жыл ішінде несие құрылымдары арқылы кәсіпкерлерге 300 млн. теңгеден астам несие берілген.  

Тұрғын үй

Есепті мерзім ішінде жалпы көлемі 13209,6 шаршы метрлік 103 тұрғын үй пайдалануға берiлді.

Әлеуметтік нысандар

Селолық округтерде жеті балабақша, төрт клуб және бір жаяу көпір күрделі жөнделіп, 14 дана балалардың ойын алаңы орнатылды. Тұщықұдық селосы мен Х.Ерғалиев ауылындағы селоішілік жолдарды күрделі жөндеу басталды. Аудан орталығы – Аққыстау селосының бас жоспары жасақталып, бекітілді. «Тайман – Жаңа Жанбай» электр желісін күрделі жөндеу аяқталды. Исатай селолық дәрігерлік амбулаториясының құрылысы салынды.

Жұмыспен қамту

Аудан бойынша өткен жылы 413 адам әртүрлі жұмыстарға орналастырылып, 703  адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Ресми жұмыссыздық деңгейі 2,7 пайызды құрады.

Ауыл шаруашылығы

Мал басының өсімі: мүйізді ірі қара – 100,5 пайыз, жылқы – 102,8%, түйе – 6806 бас, 100,1%. Ал,  қой-ешкі саны 81,8 пайызды құрап, төмендеп отыр.

Мал шаруашылығын дамыту үшін құм өңіріндегі шаруагерлерге жағдай жасау мақсатында «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы аясында тұрақты ток көзімен қамтамасыз ететін сегіз жел генераторы алынып, шалғайдағы Шәпек учаскесінде спутниктік байланыс станциясы іске қосылды.

Аймақ басшысының тапсырмалары

.Ауданда қой мен ешкі басы облыстық көрсеткіштен төмендеп кеткен. Өңірде мал басын өсіруге мүмкіндік мол, ауыл шаруашылығына барлық жағдай жасалынғандықтан, көрсеткіштерді жақсартуға көңіл бөлініп, мал басын ұлғайту шараларын алу;

.Әлеуметтік сала нысандарын күрделі жөндеу жұмыстарын, құрылысын уақтылы және сапалы аяқтау;

.Білім беру сапасын арттыру, оқушылардың білім деңгейін көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру шараларын алу;

.Қажетті дәрігер мамандарымен қамтамасыз ету;

.Қылмыспен күресті күшейту;

.Қыстан ойдағыдай шығуға бағытталған жұмыстарды күнделікті бақылауда ұстап, жүргізу;

.Жоғары технологиялық-инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, оларды облыстық индустрияландыру картасына қосу шараларын алу;

Дайындаған Гүлжан ӘМІРОВА,

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ, Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз