АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – АЙРЫҚША МІНДЕТ

Саясат

Жарсуат округінің әкімі Н.Азғалиев хабарламасында ауыл шаруашылығы мен елді мекенді көркейту, сумен қамтуды жақсарту, жаңа құрылыстар салу міндеттерінің іске асырылуы жайына басымдық берді.
Ауылда өнікті жұмысымен көзге түсіп келе жатқан «Қай-Нұр» шаруа қожалығы Жарсуат, Құрылыс ауылы тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп, үй алдына көкөніс, жеміс ағаштарын өсіруіне көмегін тигізсе, «Мағзом мұрасы» шаруа қожалығы егін салып, ауылдықтарды арзан бағада көкөніс-бақша өнімдерімен қамтыды. Осы округтегі ұйымшылдықтың бір көрінісі – тұрғын үй салушылар қатары артып келеді.
«Өңірлік даму» бағдарламасы бойынша Жарсуат, Құрылыс, Ақтан, Қызылжар ауылдарын жарықтандыру жұмысы жүрді. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша «Нурбер – Сырым Строй» ЖШС жұмыс жүргізіп жатса, тұрғындар көптен сұрап жүрген дәрігерлік амбулатория құрылысын салып жатқан «ЗАВ Электромонтаж» ЖШС 25-ке тарта жұмыссызды еңбекке тартты.
Жалпы, ауданда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша жұмыстар қанат жайды. 66 адам барлығы 172 миллион теңгеден аса шағын несие алды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемесімен арада байланыс та жақсы жолға қойылған. «Несиені мезгілінде қайтаруда ешқандай заңбұзушылық болған жоқ»,-дейді округ әкімі. Соңғы бір-екі айдың өзінде тағы төрт тұрғын 3,1 млн. теңгедей шағын несие алып, жұмыстарын дөңгелентуде. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша жеті жұмыссыз мамандық алу курсында оқып шықты.
Ай сайын дерлік тұрғындар арасында олардың тұрмыс жағдайларын, өмір сапасына мониторинг жүргізу дәстүрге енген. Атап айтқанда Жарсуат, Құрылыстағы барлық үйде телефон байланысы бар болса, интернетпен қамтылу көрсеткіші де ұдайы өсіп, ол 142-ге жетті. Қыстақтарға телефон байланысы жетіп, 21 малшы үйлеріне жеңілдікпен «Отау-ТВ» орнатылуының өзін тұрғындарға жасалып жатқан қамқорлықтың бірі деуге болады. Ал, ұялы телефон байланысы өз алдына жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, бұл округте «Жауқазын» балабақшасы ашылып, бүлдіршіндер мен ата-аналардың, барша тұрғындардың қуанышқа бөленгеніне де көп болған жоқ. Балабақшада 45 бүлдіршін тәрбиеленсе, 23 тұрғын жұмысқа қабылданды. Және, бүлдіршіндердің санын келер жылы 90-ға жеткізу көзделіп отыр.
Дегенмен, осының бәрі округте ешқандай өткір тұрған мәселе жоқ екен деген түсінік туындатпауы керек. Оны округ әкімі де ашық әңгіме етті.
– Округте төмендегідей кезек күттірмейтін әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайын жақсартуға бағытталған мәселелер бар. Атап айтқанда, облыстағы «КТК–К» компаниясының демеушілігімен салуға жоспарланған Құрылыс ауылындағы М.Мөңкеұлы атындағы орта мектеп үйінің құрылысы 2-3 жылдан бері әлі басталмай келеді. Сондай-ақ, Бұқар елді мекенін ауыз сумен қамту, мал ішетін су мәселесін шешу; мекемелерде қыс мезгілінде электр жарығы болмай қалған жағдайда пайдаланылатын электр генераторлары керек, соған сұраныс беріп отырмыз,-деді округ әкімі сөзінің соңында.
Округ әкімінің баяндамасынан соң ауыл тұрғындары көкейдегі сұрақтарымен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды. Еңбек ардагерлері Т.Азанов пен К.Исабаев жазғы су мен ауыз судың төңірегіндегі қиындықтарды және терапевт дәрігердің жоқтығын ортаға салды. Ал ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ғабсаламов жекедегі малға қажет өрістің тарылып бара жатқандығын, «Қурайлы сай» каналына су айдау мардымсыз екендігін, жемшөп қорын да ойластыру қажеттігін айтты.
Әкімдердің жұмыс жоспарларын тыңдаған тұрғындар өз ұсыныстарын да ортаға салды. Негізі қай ауылда да дәрігерлердің, басқа да мамандардың жетіспеуі, қысқа дайындық, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардағы кемшіліктер тұрғындар сөзінің негізгі өзегіне айналды.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Индер ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған