Жерді жүйелі пайдаланбай, атакəсіп ілгері баспайды

qaztalov 2 СарапTime

ШЫНДЫҒЫНДА, ЕЛІМІЗДІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ КІМДІ БОЛСА ДА АЛАҢДАТАРЫ АНЫҚ. БҰЛ САЛАНЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ ОҢ ШЕШІЛУІ ҮШІН ҚАЙ УАҚЫТТА ДА КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚАЖЕТ. ӘСІРЕСЕ, ЖЕР РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР. СТАТИСТИКАҒА СҮЙЕНСЕК, ҚАЗІР ОБЛЫСТАҒЫ ЖЕР КӨЛЕМІНІҢ 82 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ – ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖӘНЕ ШАБЫНДЫҚ АЛҚАПТАР. ӘРИНЕ, ОСЫНШАМА АУҚЫМДЫ ЖЕР ӨЗ МАҚСАТЫНДА ТИІМДІ ПАЙДАЛАНЫЛСА, МАЛ БАСЫН ӨСІРІП, ОДАН ӨНДІРІЛЕТІН ЕТ ЖӘНЕ СҮТ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУ КӨЛЕМІН АРТТЫРУДЫҢ МҮМКІНДІГІ ТУАРЫ СӨЗСІЗ. ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, БҮГІНДЕ ОСЫ АЛҚАПТАРДЫҢ 2 МИЛЛИОН 887 МЫҢ ГЕКТАРЫ, ЯҒНИ БЕЛГІЛІ БІР БӨЛШЕГІН ҒАНА ПАЙДАЛАНЫП ОТЫРМЫЗ. ПАЙДАЛАНЫЛЫП ОТЫРҒАН ЖЕРДІҢ 68 ПАЙЫЗЫ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫНДА, 24 ПАЙЫЗЫ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВТЕР МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІКТЕРДЕ.

СОНДАЙ-АҚ, ЖАЙЫЛЫМ МЕН ШАБЫНДЫҚТЫҢ БІР БӨЛІГІ, ЯҒНИ 879,9 ГЕКТАРЫ АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕН ЖЕРЛЕРІНДЕ, АЛ ҚАЛҒАН 6 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҒЫ БОСАЛҚЫ ЖЕР САНАТЫ. ҚАЗІР ОСЫ ЖЕРЛЕРДІҢ КӨПШІЛІГІ БОС, ИЕСІЗ, ИГЕРУСІЗ ЖАТЫР, ОНЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ – ОБЛЫСТА МАЛ БАСЫНЫҢ АЗАЮЫ. ӘСІРЕСЕ, НАРЫН, АЙБАС, ТАЙСОЙҒАН, ОЙТАҢ, ҚАРАҚҰМ, БҮЙРЕК, ҚОШАЛАҚ, ОРТАҚЫР, ЖАЛПАҚШАҒЫЛ, САЗДЫ, КЕБЕЛЕЙ, ДОСАЙ, ҮШТАҒАН СИЯҚТЫ ҰШЫ[1]ҚИЫРЫНА КӨЗ ЖЕТПЕЙТІН, КЕҢ КӨСІЛГЕН КЕЛІСТІ ЖАЙЛАУЛАР ЕЖЕЛДЕН БЕРІ ЖЫЛ БОЙЫНА МАЛ ЖАЮҒА ҚҰТТЫ МЕКЕН ЕДІ. ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, БҰЛ ЖЕРЛЕРДІ АДАМ АЯҒЫ БАСПАҒАЛЫ ДА ЖИЫРМА ЖЫЛДАН АСЫП КЕТТІ.

Бүгінгі күні облыс халқының 45,6 пайызы ауылдық жерде тұрады. Соңғы деректер бойынша облыстағы ірі қараның – 53, қой мен ешкінің – 47, жылқы мен түйенің 41,7-39,6 пайызы – жеке тұрғындардың иелігінде. Халықтың қолындағы осы малдың түгелге жуығы елді мекеннің маңайына жайылады. Жекеменшік мал иелері, кейбір шаруа қожалықтары малын шалғай, құнарлы жайылымдарға шығаруға, жайылым ауыстырып отыруға көңіл бөлмейді. Қысы-жазы бір орында отырудың əсерінен мал жайылымы əбден тозған. Барының өзі ақ тақыр, шағылға айналған.

Жайылым мен шабындық неге тапшы? Облыста табиғи жайылымның көлемі көп болғанымен жылдың маусымына қарай шығымдылығы өзгеріп отырады. Кейбір аудандарда жайылымдық алқаптарды мал азығын дайындауға беріп қойған. Мысалы, Қызылқоға ауданында Ойтаң алқабы көлемді, шөбі шұрайлы, бұрынғы кезде құмы мен жазығы шағын бір шаруашылықтың малына қоныс болған еді. Ал, осы алқапты Темірбай учаскесі жағынан бастап, 2000-3000 гектар жерді маусымдық мал азығын дайындау үшін бекітіп берген. Мұндай жағдайлар басқа аудандарда да кездеседі. Ал, осы алқаптың кез-келген жерінен су көзін табуға болады. Мал бағуға арналған осындай аумақтар бола тұра, аудандарда шаруа қожалығын құрып, төрт түлік өсіремін дегендер мен жергілікті тұрғындар жайылымға зəру.

Менің айтпағым, жалпы өңірдің топырақ құрылымының нашарлығы, құмақ жəне құмдауыт топырақты алқаптардың көлемділігі, күшті өкпек желдің əсерінен тез жел эрозиясына ұшырайтыны, көшкін құм пайда болатыны ғылыми тұрғыда дəлелденген. Сондықтан, шабындыққа рұқсат берілетін жерлер өзіне тəн өсімдік жамылғысы бар, шүйгінді, түсімділігі мол алқаптар сарапталып, əдейі комиссияның шешімімен қаралып, шешілуі керек. Сондай-ақ, бізде мал азығын дайындауда шабындықты ғылыми негізде пайдалану жетіспейді. Мысалы, құм, құмақ алқаптардан шөп əбден пісіп, дəн шашқаннан кейін шабу керек. Жəне алдағы уақытта өнімділігін азайтпас үшін оның түбірінде 7-8 сантиметр биіктікте шөп қалғаны дұрыс. Бірақ, бұл талап та сақтала бермейді. Соның кесірінен жер мерзімінен бұрын айналымнан шығып қалады, барған сайын шөптің түсімі азаяды.

Бүгіндері ауыл шаруашылығы алқаптарының шөбі сиреп, құнарлылығы төмендеп, азып барады. Бұрынғы кең көсіліп жатқан жайылым мен шабындықтардағы шөптесін өсімдіктердің геоботаникалық құрамы түбірімен өзгерген. Жусанның түрлері, сарыбас жусан, еркек шөп, тікенсіз майқаңбақ, изен, тағы басқа да шөптердің тұқымы құрып кетудің аз-ақ алдында. Олардың орнына жұғымдылығы нашар дүзгін, шағыр, сүттіген, итсигек, есекмия шөптері қаптап кетті. Мұндай жағдай облыста геоботаникалық зерттеулер мен жер мониторингін жүргізу, бүлінген жерлерді, жалпы аудандар бойынша ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеу, межелеу жəне жерді мелиорациялауды, басқа да агротехникалық шараларды жүргізу жұмыстары қарқынының төмендігін көрсетеді. Қуаңшылық қинап тұр Өңірімізде соңғы жылдары болған қуаңшылық шаруагерлердің шаруасын шатқаяқтатып жіберді. Біз табиғаттан рақым күте алмайтынымыз, оны кешіру біздің міндетіміз екенін түсінуге тиіспіз.

Облыста мал өсіретін шаруа қожалықтарының саны өсіп келеді. Жыл өткен сайын мал өнімдері, оның ішінде ет бағасы көтеріліп, халық тұрмысына кəдімгідей əсер етіп тұр. Сондықтан, мал жайылымдарын тиімді пайдалану мəселесі назардан тыс қалмауы шарт. Атакəсіппен айналысатын шаруашылық құрылымдары иелігіндегі жайылым мен шабындық жерлердің құнарлылығын кемітпеуге тиісті агротехникалық шараларды жүргізбейді. Ол өздері үшін тиімді болса да, жерді жақсартуға қаржы жұмсамайды. Бұл соңғы жылдары осы алқаптардың өнімділігін күрт нашарлатты, аздыруға соқтыруда. Осының себебінен облыстағы жайылымдық алқаптың едəуір бөлігін сусымалы құм көшкіні басып барады.

Республиканың Жер Кодексіне сəйкес, жердің құнарлылығын ұтымды пайдалану мақсатында жүргізілетін шараларды жергілікті атқарушы органдар, жер иеленушілер мен жер пайдаланушылар аймақтың топырақ-климаттық жағдайын ескеріп, соған сəйкес жерді тиімді пайдалану бағдарламасымен жұмыс жасаса, мұндай келеңсіз жағдайлар болмасы анық. Осы тұрғыда жер ресурстарын басқару органдары жерді пайдалану мен қорғау мəселелерін қарастыра отырып, əсіресе, жердің гидрогеологиялық ерекшелігіне, жер бедері кеңістігіне, топырақ жамылғысы мен оның құнарлылығына, техногендік жағдайына назар аударып, талдау жасап отыруы қажет. Ол үшін мемлекет жүргізуі тиіс іс-шаралардың бір бағыты – жер иелерінің өздері бастамашы болатын іс-қимылдар.

Бүгінде жер мемлекеттікі болғанымен, оны пайдаланушылар негізінен мемлекеттік емес субъектілер. Мысалы, облыста пайдаланудағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 69 пайызын шаруа қожалықтары ұзақ мерзімге жалға алып пайдаланып келеді. Десек те, шаруагерлер тозған жайылымдық алқапты түбегейлі жақсарту, өңдеу, тұқым қоспасын себу жəне минералдық тыңайтқыштарды қолдану жағына назар аудара бермейді. Бақпаса, мал кетеді Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуын бақылау, жалпы жер мəселесін реттеу жергілікті əкімдіктің құзырына берілді.

Біріншіден, округ əкімдеріне тұрғындар малының нақты есебін алып, олардың иелерімен келісе отырып, артығын босалқы санаттағы жайылымға шығарып бағуды ұйымдастырып, соның есебінен ауыл маңындағы жайылымдық алқаптарды кеңейтуді ұсынамын. Бұл халықтың мал ұстап, түліктің басын көбейтуіне қолайлы жағдай туғызады жəне соған округ əкімі міндетті. Ал, қыстаққа сапалы мал азығын дайындау – басты мəселе. Облыста табиғи жайылым мөлшері – 54,4 мың гектар ғана. Бұл өте аз. Соңғы жылдары Махамбет, Индер аудандарының кейбір шаруа қожалықтары жаңа технологияларды игере отырып, қысқы мал азығын екпелі шөп өсіру арқылы дайындауды қолға алды. Бұл өте құптарлық жағдай. Мал азығының берік қорын жасаудың бірден-бір жолы – осы.

Облыстың шөл-далалық бөлігінде, Ойыл, Сағыз, Қайнар, Ноғайты, Жем өзендерінің аралығында шабындыққа пайдаланылатын əртүрлі аумақтағы далалық көлтабандар бар. Көктемгі қар суының аз-көптігіне қарай жəне аталған өзендерге өр суы жақсы келген жылдары ылғалдың басым бөлігі сол лимандарға жайылып, жем-шөп дайындауға жақсы мүмкіндік жасалатын еді. Дегенмен, соңғы жылдары өзендерге өр суының келуі нашарлады. Ал, аз суды тиімді пайдаланудың өзі оңайға соқпасы белгілі. Кейбір көлтабандарда су айлап тұрып қалып, мал жемейтін қоға шөбі өсіп, жер сорға айналды. Бұған жол бермеу үшін суды жетелеп, көлтабанды суландырудың сатылы жүйесін енгізу қажет. Ал, қазір шаруашылық құрылымдары, шаруа қожалықтары мұндай жұмыстарды жүргізбейді, көптеген шабындыққа пайдаланып жүрген жерлер су эрозиясына ұшырап, таптаурын болған ескі сүрлеу сияқты.

Сондай-ақ, мал өрісін кеңейту, жайылымды суландыру үшін қолданыстағы жүйелердің тиімділігін арттырып, санын көбейтуге көңіл бөлінгені дұрыс. Келесі оңтайлы бағыттың бірі – жерді пайдаланудың ғылыми негізделген жобаларын жасау. Жоба аясында жерді сапасы мен мақсатына орай орналастыру шаралары, ауыспалы егістерді қолдануды ұйымдастыру, жерді жел жəне су эрозиясынан қорғауға жəне топырақ құнарлылығын арттыруға негізделген жерді өңдеудің технологиялық карталарын жасау, жем-шөп базасын нығайтуда құрама жем дайындайтын технологияларды қолдану, тағы да басқа мəселелерге қатысты кешенді жұмыстарды жүргізу. Осы себепті бұл шараларды жергілікті атқарушы органдар мен жер иелері мүдделерімен қатар, осы саладағы мемлекет саясатымен ұштастырсақ, ештеңеден ұтылмасымыз кəміл.

Жалпы алғанда, жер қатынастарын реттеу жайы қашаннан бері айтылып, жыр болып келеді. Бірақ, əлі күнге дейін нақты нəтиже жоқ. Қайткенде де, осы салаға жауапты органдардың жүйелі де шешімді шаралар алатын, батыл қадам жасайтын мезгілі жетті. Өйткені, жерді жүйелі пайдаланбай, атакəсіп те, басқа шаруа да ілгері баспайды, өркендеп дамымайды.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Атырау облысының Құрметті азаматы

«…Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Екіншіден, ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелердің бар екенін көрсетті. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр…»

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауынан

(2021 жылғы 1 қыркүйек)

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз