Атыраудағы алып кешен ҚАШАН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ?

izobrazhenie 2022 05 26 010847769 СарапTime

СӘТІН САЛСА, САНАУЛЫ АЙЛАРДАН КЕЙІН ЕЛІМІЗДЕ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ЗАУЫТТАН ПОЛИПРОПИЛЕН ШЫҒАРЫЛА БАСТАЙДЫ. БҰЛ – ІШКІ НАРЫҚТЫҢ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІН ӨТЕП ҚОЙМАЙ, ӘЛЕМДЕ СҰРАНЫСҚА ИЕ ШИКІЗАТТЫ ЭКСПОРТТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ. БІРІККЕН ГАЗХИМИЯЛЫҚ КЕШЕННІҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІНДЕ «KAZAKHSTAN PETROCHEMICAL INDUSTRIES INC.» ЖШС ЖЫЛЫНА 500 МЫҢ ТОННА ӨНІМ ӨНДІРУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР. ҚАЗІР ҚАЗАҚСТАНДА БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫ ІСКЕ ҚОСУ-ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ. ҚҰНЫ 1 865 МЛН. АҚШ ДОЛЛАРЫН ҚҰРАЙТЫН ЖАҢА КЕШЕН НЕГІЗГІ ЕКІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ҚОНДЫРҒЫДАН ТҰРАДЫ: «CATOFIN» ПРОПАНДЫ СУТЕКСІЗДЕНДІРУ ЖӘНЕ «NOVOLEN» ПРОПИЛЕНДІ ПОЛИМЕРЛЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ. ҚОС ҚОНДЫРҒЫҒА ЛИЦЕНЗИЯ БЕРУ ҮШІН «LUMMUS TECHNOLOGY INC» КОМПАНИЯСЫМЕН КЕЛІСІМ-ШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН. ЖУЫРДА БІЗ ЗАУЫТТЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫСТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСЫП ҚАЙТҚАН БОЛАТЫНБЫЗ.

ШИКІЗАТ – ӨЗІМІЗДЕН

Күнделікті өмірде қолданылатын пластик ыдыстар, қаламсап пен автокөлік бөлшектерінің құрамы енді өзімізден шығатын болды. Ірі кешен мұнайдан бөлінетін газдан жаңа өнім өндірумен бірге, отандық бизнеске де тірек болайын деп тұр. Яғни, шикізат экспорттаумен ғана шектеліп келген ел экономикасы өңдеу өнеркәсібімен де өркендей түспек. Оның үстіне, «қара алтыннан» бөлінетін газды алаулатып жаққаннан гөрі кәдеге жаратқанымыз қоршаған ортаға да тиімді екені даусыз. Ал, шаруаны шырқ иіре білетін кәсіпкерлер осы полипропиленнен бірнеше тауар түрін шығарып, импортқа тәуелділікті азайтар еді. Миллиардтаған тонна мұнай өндіріп, арзан бағасына алып мұхиттардан асырған сәттен-ақ газхимия кешенін салу жайы қозғала бастаған болатын. Ірі жобаларға жұмсалатын инвестиция көлемі анықталып, зауыт салу мәселесі қолға алынған да еді. Десек те, белгілі себептерге байланысты іргелі кешен басталмай жатып тоқтаған жобалардың біріне айналды. Естеріңізде болса, ол 2018 жылдың шілде айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншісіне берілген. Сол уақыттан бері сең қозғалып, алып кешен алғашқы адымын жасады. Бас жоспар бекітіліп, қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғыларға тапсырыс берілді, 3D моделі жасалды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2018 жылы мыңдаған жұмысшы тартылды. Оның нәтижесінде, шағын қалашық бой көтеріп, жатақханалар, кеңселер, асханалар салынды. Жобаның бас мердігері болып қытайлық «China National Chemical Engineering Co» компаниясы танылған. Аспанасты елінің ұлттық химиялық компаниясының таңдалуы да бекер емес. Себебі, аталған кәсіпорынның осындай зауыт салып, оны іске қосу жұмыстарында тәжірибесі мол көрінеді. Бүгінде келісім-шарт бойынша компанияның қызметкерлері іске қосу, реттеу шаралары мен сынақ жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал, қаржыландыру көзі «Сhina Development Bank» қаржы ұйымы болып отыр. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімовтың айтуынша, бұл жоба әлемдегі полипропилен өндірісінің 1 пайызын қамтиды. Бүгінде дүниежүзінде жылына 79,25 млн. тонна осындай өнім шығарылса, «КРІ»-дың жарты миллион тонна полипропилен өндіруге қуаты жетеді. Ал, Әзербайжанда 180 мың тонна, Түркияда 144 мың тонна, Өзбекстанда 100 мың тонна, Түркіменстанда 171 мың тонна ғана өндіріледі. Қазір Еуропада 9,2 млн. тонна, көршілес Ресей Федерациясында 1,9 млн. тонна полипропилен шығарылады екен. Бұл дегеніңіз – отандық полипропилен әлемдік нарықта да өтімді болады деген сөз. Қажет десеңіз, күн сайын тұрмыста азық-түлік сақтауға немесе тасымалдауға қолданып жүрген пластик ыдыстарды өзімізден шығаруға да жол ашылып отыр.

СУТЕКСІЗДЕНДІРУ МЕН ПОЛИМЕРЛЕУ – ЖАҢА ӨНІМ ТЕТІГІ

Бұған дейін біздің өңірге таңсық болған өндіріс ашу – күрделі процесс. Оның үстіне, шикізат көзі жанғыш газ болғаннан кейін одан жаңа өнім алу да оңай іс емес. Теңіз кен орнынан жеткізілетін пропан сутексіздендіру процесі арқылы пропиленге айналады. Сонан соң пропиленді полимерлеу арқылы полипропилен пайда болады. – Әрине, әлемді шарпыған пандемия салдары бізге де әсер етті. Шетелдік жұмысшылар тартуда, қондырғыларды тасымалдауда қиындықтар туындады. Соған қарамастан, құрылыс тоқтаған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын жоба жұмысы 23,9 пайыз ғана орындалса, бүгінде 99,15 пайызы жасалып отыр. Кешен құрылысы «ҚазМұнайГаз»-ға берілген кезде 144 қада қағылған еді. Қондырғыларға тапсырыс беру, оны орналастыру, уақытша инфрақұрылым, бетондық жұмыстар мүлдем басталмаған болатын. Содан бері біраз іс тындырылды, – деген Дамир Әшімов жапондық, кореялық қондырғылар өзен порты арқылы тасымалданғанын жеткізді. Бұл жұмыстардың пандемия кезінде де тоқтамағанын атап өтті. – 2020 жылдың наурыз айынан 2022 жылдың сәуір айына дейін Қарабатанға шамамен 700 автокөліктей жүк тасымалданды. Қытайдан алынған құрал-жабдықтарды Хоргосқа дейін аспанасты елінің «Deluya» логистикалық компаниясы жеткізді. Пандемия кезінде екі ел арасындағы шекара жабық болғандықтан, қондырғылар мен құрал-жабдықтарды балама жолдар арқылы әкелуге тура келді. Яғни, автомобиль және теміржолдар арқылы тасымалданатын кейбір жүктер теңіз транспорты арқылы жеткізілді. Еуропаның Антверпен, Ресейдің Новороссийск және Ақтау портымен 189 автокөліктің жүгі әкелінді. Осы кезде 35 мың шақырым жол жүріппіз. Бұл дегеніңіз – экваторды айналып келгенмен бірдей аралық. Мұның барлығы шұғыл арада шешімін күткен мәселелер еді. Біз мұны да еңсеріп, қиындықтарды төте жолмен шештік, – дей келе серіктестіктің басқарма төрағасының орынбасары көрші елдегі геосаяси ахуалдың кейбір құралжабдықтарды жеткізуге кеселін келтіргенін жасырмады. Зауытты іске қосу үшін бастапқы шикізат – пропан Теңіз кенішінен алынады. Былтыр алғашқы партиясы жеткізіліп те қойған. Қарашада зауытқа азот пен құрғақ сығылған ауа берілді. Ал, одан бұрын, яғни шілдеде «Karabatan Utility Solution» ЖШСнен басты қосалқы станцияға электр қуаты, кейін бастапқы тұзсыздандырылған, минералсызданған және техникалық су қабылданды. Бүгінде резервуарлардың 70 пайызы шикізатқа толы. – «KPI» кешенінен шығатын полипропилен барлық мүдделі отандық өңдеушілерді қамтуға жеткілікті. Қазірдің өзінде 20-дан астам компаниямен келіссөз жүріп жатыр. Ішкі нарықтан артылған өнім экспортқа шығарылады. Сатып алушылар нарықтағы жағдайға сәйкес айқындалады, – деді компанияның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімов. Ал, пропанды сутексіздендіру қондырғысы жылына 620 мың тонна пропанды сутексіздендіріп, 503 мың тонна пропилен өндіруге арналған. Бұл қондырғыдағы температура 590-600 (!) градусқа, қысым 0,5 барға дейін жетеді. Полимерлеу қондырғысындағы процесс 70-80 градус болады. Сала мамандарының айтуынша, қазір қосу-жіберу, сынақ жұмыстарында мердігер ескертпелерді жою шараларын іске асыруда. Бүгінде 18673 ескертпенің 13663-і жойылған. «Өздеріңізге белгілі, алып қондырғыларды іске қосу жұмыстарының басы-қасында сол компанияның, лицензиардың мамандары болуы тиіс. Сондықтан бізге шефинженерлер келіп жатыр. Олар да барлық талаптардың сақталғанын қадағалауы тиіс» деді Д.Әшімов.

ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАНДАР ҚАЖЕТ

Қай кәсіпорынның да басты құндылығы адами капитал екені даусыз. Осы орайда, кешен жергілікті мамандарды мейлінше көбірек тартуға баса назар аударып отыр. Бұрын-соңды мұндай зауыт біздің аймақта болмағаннан кейін серіктестік тәжірибелі маманды жұмысқа алу кезінде біраз қиыншылықтарға кездескен. Өйткені, мұнайхимиясы мамандарын айтпағанның өзінде, газхимиясы деген мамандық біздің жоғары оқу орындарында жоқ. Сондықтан, қайнаған өндіріс ортасында еңбек ететін қызметкерлердің Біріккен Араб Әмірлігі, АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Белгия және Оңтүстік Кореяның осындай компанияларынан тәжірибе алмасып қайтуы жоспарланған болатын. Алайда, карантиндік шектеулерге байланысты бұл шаралар кейінге шегерілген. Десек те, «КРІ» мамандары Өзбекстандағы «Шуртанский газхимия кешеніне», «СИБУР» ЖАҚ-на, Колумбия мен Германияға оқуға барыпты. Теориялық оқыту «АРЕС Petrotechnik» жоғары колледжінің базасында өтеді екен. Компания сала мамандықтары бойынша жоғары білімі бар түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бірнеше оқу орнымен ынтымақтастық қарым-қатынаста. Қазір осы сала бойынша еңбек етемін деушілерге мүмкіндік бар. – Бәріне уақыт пен тәжірибе керек. Тәжірибелі маман мен жас кадрдың айырмашылығы жер мен көктей екендігі айтпаса да түсінікті. Саннан сапа маңызды. Біздің көптеген маманымыз «Теңізшевройлға» жұмысқа кетті, – деген «КРІ» ЖШС сарапшысы Садуохас Мералиев қазір компания штатында 556 қызметкер еңбек етсе, соның 75 пайызы атыраулық мамандар екенін атап айтты. Кешенде жергілікті кадрды көбірек қамтуға айрықша маңыз беріліп отыр. Ал, қызметкерлерді ынталандыру мақсатында Атырау қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінен пәтерлер беру жоспарланған. «Облыс орталығындағы осындай кешеннен 123 пәтер алу жоспарымызда бар. Оның 80-85-і өзіміздің жергілікті мамандарға берілсе, 15-20 пайызы сырттан келетін қызметкерлерге уақытша ұсынылады» – деді Садуохас Мералиев.

«СИБУР» – СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕС

Бүгінде «КРІ» ресейлік «СИБУР» компаниясына акцияларын сатыпты» деген әңгіме ел арасында айтылып жүр. Бұл ретте, компания басшылығы көрші ел кәсіпорнының бізбен жұмыс істегені тиімді екендігін атап өтті. – Біз – қазақстандық компаниямыз. Бірақ, «СИБУР» Еуропа нарқына полимер өндірісімен жақсы таныс. Бренд деуге де болады. Егер біз ресейлік компаниямен жұмыс істесек нарыққа өзімізді танытуға да мүмкіндік туады. Қазір «КРІ»-ды шетелдік кәсіпорындар білмеуі мүмкін. Сол себепті, «СИБУР»- мен серіктес болғанымыз өзімізге тиімді. Турасын айту керек, аталған компанияның екі басшысына санкция салынған. Алайда, компания қызметі кідіріссіз жұмыс істеп тұр, – деді «КРІ» сарапшысы Садуохас Мералиев.

Р.S:

Зауыт аумағында пропан құю және сақтау паркі, дайын өнім қоймасы, пропанды сутексіздендіру және пропиленді полимерлеу технологиялық қондырғылары, орталық зауыт зертханасы, әкімшілік-тұрмыстық корпустар бар. Айрықша атап өтерлігі, мұндағы әкімшілік корпустың газ жарылысынан сақтайтын «қасиеті» бар. Қазір зауыт алғашқы өнімін нарыққа шығаруға 99 пайыз дайын. Кешен іске қосылса, бірінші кезеңде полипропиленнің 11 маркасы, екінші кезекте өнім түрін 64-ке дейін жеткізу көзделген. Десек те, соңғы уақытта мемлекет тарапынан тексерістердің көбеюі жұмысқа кедергі келтіруде. Бұған дейін ешбір ескертпесіз қызметін жалғастырып келе жатқан компанияға соңғы уақытта айып тағушылар да көбейген. Соған қарамастан, алып кешен тамыз айында іске қосылады деген үміт бар. Ендеше, елімізге күніне 1 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс әкелетін жобаға біз де сәттілік тіледік. Шикі мұнай емес, қосымша құны жоғары өнім шығарудың дәуірі бұл! Сенейік!

Айбөпе САБЫРОВА

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Атырау – Қарабатан

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз