ЖОЛДАР ДА ЖӨНДЕЛЕ БАСТАДЫ

Кейінгі кездері өңірімізде ауданаралық, оған қоса ауылдарға кіреберіс және селоішілік жолдарға да көп көңіл мен қаржы бөлу үрдіске айналды. Осы салада жобаланып, жоспарланған шаруалардың оңғарылуына Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмалар мен аймақ басшылығының қолдауы игі ықпалын тигізгенін айта кеткеніміз ләзім.

 

Осылайша, былтырдан бері облыс көлемінде  жалпы ұзындығы 500 шақырым жол жөнделіп, 120 шақырым жол жаңадан төселді. Егер осыдан үш жыл бұрын «қанағаттанарлық» деңгейдегі жолдар 30 пайызды құраса, ағымдағы жылдың соңына қарай оны 47 пайызға дейін көтеру көзделген. Әрине, мұнда республикалық және облыстық маңыздылықтағы магистральдармен қоса аудан мен ауыл арасын байланыстыратын, сондай-ақ, кірме және селоішілік жолдардың үлесінің барлығы анық.

Деректерге сүйенсек, ауылдың ажарын кіргізер негізгі инженерлік инфрақұрылымдардың санатынан орын алатын көше жолдарын салу, одан бөлек жаяу жүргінші жолдарын төсеу жұмыстары жоспарлы да жүйелі атқарылатын болды. Сөйтіп, осы кезеңде Жылыой ауданындағы Тұрғызба, Махамбеттегі-Бейбарыс, Жалғансай, Исатайдағы-Тұщықұдық, Хамит Ерғалиев ауылдарының кірме және селоішілік жолдары  күрделі жөндеуден өткізілді. Сәтті басталған бұл жұмыстар биыл басқа аудандарда да жалғасты. Нақтыласақ, осы мақсатта жергілікті бюджеттен қаралған қаражатқа Махамбет ауданынан тағы да 5, Индерден-3, Құрманғазы, Мақат, Жылыой, Исатай мен Қызылқоға өңірлерінен екі-екі елді мекеннің кіреберіс және ішкі жолдары күрделі жөндеумен қамтылып отыр.

Егер облыстағы аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 70,8 шақырымды құраса, бұлардың көбі Индер мен Махамбет, Исатай, Жылыой, Мақат аудандарының аумағында орналасқан. Мұның сыртында, қалалық маңыздылықтағы 11,7 шақырым автокөлік, 24 шақырым көше, 4,6 шақырым жаяу жүргінші мен велосипедшілерге арналған жолдарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Аманжан ТӘКЕШОВ,

облыстық жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз