ЖАТ ЖЕРДЕ ҚАЛҒАН БОЗДАҚТАР

Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы талай адамның өмірін жалмап, ананы жесір, баланы жетім атандырды. Туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай талай боздақтың сүйегі бөтен елде қалды. Хабар-ошарсыз мүлдем жоғалып кеткендері қаншама? Арада осынша жыл уақыт өтсе де сол соғыстың улы уыты әлі күнге ұмытылмай келе жатқандығы да сондықтан. 

 

1941 жыл. Әнес оныншы сыныпта оқитын. Әскери комиссариатқа сан рет барып, өз еркімен он сегіз жасқа толмастан  соғысқа аттанады.

Қолға түскен мұрағат анықтамаларында Әнес Ғабдысәлімұлының әскери ерліктері туралы мынандай деректер келтірілген. «1944 жылдың 6 қыркүйегіндегі №81 Украина фронтының бұйрығымен соғыстағы басқару қабілеті үшін Әнес Ғабдысәлімовке кіші лейтенант әскери атағы берілсін». Тағы бір құжатта «Ә.Ғабдысәлімов соғыс кезіндегі батальон бөлімдеріндегі комсомол мүшелерімен, басқа да жауынгерлермен саяси-тәрбиелік жүргізіп,  әскери қызметтегі өзінің үлгілі ісімен жауынгерлерді ерлікке үндеп, жігерлендіретін» делінген. 501 биіктік үшін болған кескілескен шайқаста жау жағы үлкен техникалық күшпен кеңес әскерлеріне қарай жойқын көтеріліс жасайды.Жандәрмен тұста Әнес қол пулеметімен жауға қарсы оқ ашып, басқыншылардың бетін қайтарады. Осы ерлігі үшін үкіметтік марапат «Қызыл жұлдыз» орденін, одан кейін «Ерлігі үшін» медалін  иеленеді.

1945 жылдың сәуірінде үшінші рет  жараланған Әнес, ес жиысымен соғысқа қайта кіріседі. 1945 жылдың 4 мамырында жау жақпен кескілескен шайқас болды. Екі жақта өліспей, беріспеуге бекінгендей. 2 атқыштар батальонының, 71 атқыштар полкінің Комсомол-ұйымдастырушысы, кіші лейтенант Әнес Ғабдісәлімұлы Биловиц қаласының оңтүстік-батысында Тирн селосының қасында пулемет ротасының командирімен және екі солдатпен ұрысқа кіріседі.

Он сегіз жауынгер мен офицерлер осы жерде өздерінен әлдеқайда басым болған жаумен бетпе-бет келіп, фашистердің қоршауын бұзып, тапсырманы орындайды. Бірақ, бұл Әнес  үшін ең соңғы шайқас еді. Елім деп еңіреген асыл ер Ұлы Жеңіске бес-ақ күн қалғанда мәңгілікке көз жұмды. Батырдың қазасы туралы оның жақындарына берген хабарда оның командирі: Отан үшін жанын қиған, әскери антына адал болған Әнес Ғабдысәлімов қиян-кескі шайқаста ерлікпен қаза тапқанын, оның денесі  Чехословакияның Тирк деген қаласындағы мектеп ауласына жерленгендігін баяндайды.1946 жылдың ақпанында олардың қабірі ашылып, Глучин қаласында салтанатты жағдайда бауырластар қабіріне жерленген.

Әнестің қарындасы, бүгінгі күні республикаға танымал қоғам қайраткері Мәдина Ғабдысәлімқызы өз ойын былайша ортаға салды: «Ағамның жерленген жері анық жазылмағандықтан көпке дейін ол жерді таба алмадық. Бірнеше жылдан кейін Мәскеуге барған сапарымда Чехословак-Совет достығы комитетінің мүшесімен танысып, көмек сұрадым. Көп ұзамай Владимир Крейчиден хат келді. Хатта 1946 жылы ерлікпен қаза тапқан совет солдаттары мен офицерлерінің   сүйектері Острава қаласының Глучин деген поселкесіндегі бауырластар зиратына жерленгендігі туралы айтылған. Тіпті, ағамның зиратының фото суретін де жіберді. Бұл жерде 1657 әскер мен 148 офицерге белгі қойылыпты».

Көптен көздеген, армандаған сәт те туды. Отбасының ұйғарымымен, немере бауырлары Исмағұл Нұғыманов жолдасы Айғаным екеуі алыс сапарға жол тартты. Чехия жеріне барып, Ғабдысәлім ағаның  басынан алынған бір уыс топырақты Әнес ағаларының зиратына салып,  әке мен баланы табыстырғандай сауапты істің дәнекері болды, дұға етті. 

Толарсақтан саз кешіп, өмірлерін құрбан еткен боздақ  тар есімі мәңгілік. Өйткені, олар Отаны үшін, халқының өзгенің езгісіне түсіп құл болмауы үшін жандарын пида етті. Біз ерлікке тағзым етеміз!

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз