ЖАТ АҒЫМҒА АЛДАНБА!

Сот шешімімен тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымының уағызы  радикалдық тұрғыда уахабизмге жақын болып табылады. Сондықтан, «діндестерге құрмет» дегенді басты желеу ретінде ұстанатын таблиғшылар өз бағыттарының басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттау арқылы өздеріне ерушілердің арасында басқа дін өкілдеріне деген жек көрушілік сезімін туғызып отыр.

 

 «Таблиғи жамағат» – үндістандық Мұхаммед Ілияс Кандеһләуидің «құрметіне» 1926 жылы Үндістанда құрылған ағым.  Бұл ағым өкілдері үш күн, кейде бір апта, кейде 40 күн бойы «дінді» тарату мақсатында елді мекендерді аралап, уағыз айтумен айналысады. Сырт көзге әрекеттері хақ діннің шарттары мен үкімдеріне сай келетіндей көрінгенімен, шын мәнісінде олар адамдар арасына іріткі салып, жастарды ата-аналарына қарсы қояды.

Дін істері агенттігінде қызмет ететін дінтанушылар таблиғшылардың негізгі кітабы болып табылатын «Фазаил амали» кітабына талдау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде олар қозғалыс идеясы мүшелерінің ерік-жігерін басып-жаншуға, әрі олардың кәсіби және интеллектуалдық іс-әрекеттерін шектеуге бағытталғанын анықтады. Аталған кітап негізінен «адамды Алламен байланыстыра алатын діндар шейхты табу, әрі оған қызмет етіп, өз еркің мен қалауларыңды жоқ етіп, оның айтқанымен ғана жүру және оның әмірлерін бұлжытпай орындау қажеттігін» насихаттауға бағытталған. «Таблиғи жамағаттың» уағызы бойынша, отбасын әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етуге жұмсалатын жұмыс уақыты дін мақсаттарына сәйкес келмейді. Сол себепті де ұйымның ізбасарлары «дін тарату» мақсатында отбасыларын тастап кетіп жатыр.      

  Түрлі жат діни ағымдардан  келетін қауіпке ерекше назар аудара отырып, Дін істері Агенттігі 2012 жылы бұл ұйымның Қазақстанның барлық аймақтарында белсенділігінің артқандығын анық­тады. Бүгінде  «Таблиғи жамағат» жақтастарының  жихадшылық идеяны ұстанатын топтарға қосылып, әрекет жасайтындығы белгілі болып отыр.  Демек, аталған қозғалыс террористік және экстремистік ұйымдар мен басқа да заңсыз жауынгерлік жасақтарға «әскер» дайындайтын орта болып табылады. 

Осы уақытқа дейін елімізде көптеген діни экстремистік ұйымдар ауыздықталып, өз жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды. Солардың қатарында халықаралық «Таблиғи жамағат» миссионерлік ұйымы да бар. Оған 2013 жылдың 28-ші ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотымен Қазақстан аумағында қызмет етуі тоқтатылатындығы туралы шешім шығарылды.

Перизат Қонақбаева,

теолог,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз