«Жақсылық жасап жарысайық!»

whatsapp image 2021 10 16 at 21.08.36 e1646217299912 Қоғам

ЖАНЫ ЖОМАРТ АДАМДАР ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ БОЛҒАН. ОЛАР АУЛАСЫНДАҒЫ МАЛЫНАН ЗЕКЕТ БЕРІП, ЖОҚ-ЖІТІК КӨРШІСІН ЖАРЫЛҚАҒАН. АЛ, ҚАЗІРГІНІҢ ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ АЗАМАТТАРЫ ТУҒАН АУЫЛЫ МЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ЖОЛЫН ЖӨНДЕП, ЖАРЫҒЫ МЕН КӨГІЛДІР ОТЫНЫН, СУЫН ЖҮРГІЗІП, ОДАН АРТЫЛСА ҮЙСІЗ ЖҮРГЕНДЕРГЕ БАСПАНАМЕН КӨМЕКТЕСУДЕ.

Сондай азаматтың бірегейі – Әлібек Семғалиев. Ол киелі Қызылқоға топырағында өмірге келген. Ата-анасынан өнегелі тәрбие алып, жоғары білімді мұнайшы мамандығын меңгереді. Еңбек жолын қатардағы мұнайшыдан бастаған. Бүгінде «Сазанқұрақ» ЖШС басшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты. Жақында біз көпшілік арасында қайырымдылық ісімен танылған меценат жігітпен жолығып, өмір жайлы, өзі туралы сұхбаттасқан едік.

– Әлібек Аманжанұлы, өзіңіз жайлы қысқаша айтсаңыз?


– Жасым 45-те, отбасылымын. Алдағы күзде «Күміс тойымыз» болады. Салтанаттай өмірлік серігіме адал жар, бір қыз бен үш ұлға мейірімді әкемін. Тұңғышым оқуын бітіріп, еңбекке араласты. Отбасылық бизнесіміз бар. Сол себептен оның ырыздығын жоқ-жітік жандар да көруі керек деп есептеймін. Атам қазақ «Өлі жебемей, тірі байымайды» деп орынды айтқан. Қайырымдылық жасау қанымда бар қасиет. Әкем марқұм айналасындағы азаматтардың басын біріктіріп, мұқтаж жандарға қолғабысын аямайтын өте мейірбан адам-тұғын. Өзі мұнайшы, анам педагог болды. Мен шаңырақтағы жалғыз ұлмын. Екі апам, бір қарындасым бар. Қазақы дәстүрді мықты ұстанатын отбасынан шыққан соң ба, кісінің меселін қайтара алмаймын. Қайткенде көмектесу керек
деп жүремін…


– Өз бойыңыздағы жақсы, жаман көретін қасиетіңіз қандай?


– Адамның өзін-өзі мақтағаны өлгені болар. «Менің о сындай қасиеттерім жақсы» деп айта алмаймын. Ал, жек көретін қасиетім – сенгіштігім. Осыдан талай опық жедім. Дос пен қасты, шын мұқтаж бен бойын масылдық билеген еріншектерді ажырата алмай қаламын. Сырт көз сыншы
ғой, мен туралы басқалар көп білер…


– Ең қиналған және қатты қуанған сәтіңіз ше?


– Пандемия кезінде мен де ауырдым. Қатты қиналғаным сонша, ауруханада емделіп жатқан әкемнің қасына бара алмадым. Оған көмектесе алмай, үйде жіпсіз байланып жатқан едім.
Ақыры әкем ауруханада көз жұмды. Өзегімді өртеген үлкен өкініш осы еді. Ал, қуанған сәттерім, Аллаға шүкір, баршылық: балаларым дүниеге келген сайын қуандым, анамның менің
әрбір жетістігімді көргеніне, соған куә болып отырғанына қуандым, жетімжесірге титтей де болса көмегім тигеніне қуандым. Мен екінші біреуге жасаған жақсылықтың сол кісіден қайтпаса да,
Алладан қайтатынына шүбәсіз сенемін. «Кісіден қайту» деген сөз оның сіз жасаған жақсылыққа шын көңілімен риза болуы ғой. Жер басып, аман-есен жүргенім, азды-көпті абыройымның
бары сол жақсылықтардың өтеуі шығар деп ойлаймын. Тағы да аталарымыздың айтып кеткен сөзіне сүйенер болсам: «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін». Аман жүріп, туған еліміздің
әлеуетінің дамуына үлесімізді қоса берейік. Бір сөзбен, жақсылық жасап жарысайық!

Әңгімелескен
Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз