ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕК ЖАЙЛЫ ЖЫР

Әңгімеміздің әлқиссасын Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласына байланысты өзіндік ой-пікірімді ортаға салудан бастағанды жөн көрдім. Турасын айту керек, талқы-ойға жетелейтін, сана сарабында салиқалы безбенделетін, сөйтіп барып жас ұрпақ зердесіне шегенделетін осындай өрелі бастаманы Мемлекет басшысының өзі осы тұғырнамалық мақаласымен бастап берген болатын. Президент бұл мақаласында масылдық психология, аз жұмыс істеп, көп ақша табу hәм ауадан ақша жасауға қатысты өткір ойларын ортаға салды. Жалпы, бұл мешкейлік психологияға әділдікке негізделген шынайы еңбек қана қарсы тұратынын ескерсек, қоғам мүшелерінің еңбек сіңіруінен бастап, оның марапатқа жетуіне дейінгі жолы ел алдында өтуі тиіс. Адал еңбек – адам бойындағы толайым рухтың көрсеткіші. Дәл сондай рух қана ерік, жігерді тәрбиелеп, тұла бойдағы бұла күшті жанып, отаншылдық сезімін қалыптастырады.

 

Индер аудандық әкімдігі ұйымдастырған «Заманнан қасірет тартқан, Еңбектен қасиет тапқан Қалам аға – 100 жаста» тақырыбындағы «Борат» руднигінде өткен еске алу кешінде мені осы бір ойлар иіріміне тарта берді. Өйткені, кеңестік кезеңде қуғын-сүргіннің тұзағына ілініп, жазықсыз жапа шеккен Қалам Есқалиевтың тағдыры түйсінген жанға толайым тағылым аларлықтай еді. Рухы әлсіз, жігері жаншылған, күш-қуаты мүжілген жан оның бастан кешкен бейнетінің тамшысына да төзе алмасы хақ. Ауыл  балаларының сауатын ашуға жан-жүрегімен берілген көзі ашық, санасы ояу санаулы мұғалімдердің бірі Қаламның аяқ астынан нақақ жаланың құрбанына айналып, Сібірге айдалып кетуі, ондағы көрген қорлығы оны мойытпай, қайта одан әрі ширықтыра түскені таңғалдырмай қоймайды. Ол туралы тереңнен толғақты ой толғап, парасатты пікір төгілткен үлкенді-кішілі замандастарының әңгімелерін тыңдай отырып, «сонда бұл ненің құдіреті? Болашаққа деген сенімді жоғалтпауға оған қандай ғажайып күш, қажымас қайрат берді?» деген сауалдарға іштей жауап іздей бердім…

1934 жылы Атыраудың мұнай техникумын бітірген Қалам Есқалиев Доссорда мұнай училишесінде оқытушы болып жүрген жерінен, 1936 жылы жаңадан Есбол ауданының орталығы – Кулагин селосында салынбақшы орта мектеп-интернатына директорлыққа шақыртылыпты. Сөйтсе, бұл жерде де дайын тұрған ешнәрсе жоқ, тіпті тозығы жеткен көзге қораш құжыраны мектеп деудің өзі қиын. Бірақ, жиырма бір жастағы жалын жастың жігері тау қопарғандай еді. Ол білек сыбана іске кірісіп, Зеленый, Өрлік, Кулагин селоларындағы құлатылған шіркеулердің қызыл тасын өгіз арбамен тасытып, жаңа мектеп салдырды және сол ауданда тұңғыш рет алгебра, геометрия пәндерінен өзі дәріс берді. Не деген көзсіз батылдық, не деген жанкешті тірлік десеңізші!..

Ол 1937-1938 жылдары мектептің екінші қабатын салдырып, онда алыс мал жайылымдарындағы малшы балаларына арнап интернат ашты. Онымен тыншымай, өзі Оралдың оқытушылар даярлайтын институтын мерзімінен бұрын бітіріп алды. Алайда, өзі қолымен тұрғызған ыстық ұясы – мектебінен ажырауына тура келді. Ерекше білімдарлығы және ыждағатты ізденгіштігімен көзге түскен Қаламды жоғары биліктегілер аттай қалап, сол оқытушылар институтының меңгерушілігіне алып қалғанына не дерсіз? Осында жұмысын абыроймен атқарып жүрген ол 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Сталинград майданынан бір-ақ шықты. Жауған оқтың астындағы сұрапыл шайқастар тумысынан бірбеткей, жастайынан патриот жігітті одан әрмен шарболаттай шыңдады.     

Соғыстан соң елге оралған Қалам әке-шешелері соғыста шейіт болған жетім балалар үшін Зеленыйда ашылған балалар үйіне директор болып тағайындалып, колхоздың партком хатшысы қызметі қоса жүктеледі. Бұл сол жылдары «соғыс зардабынан жетім қалған балаларды тәрбиелеуге ең үздік мұғалімдер жіберілсін» деген үкіметтің үндеуіне үн қосу болатын. Адал еңбекпен абырой арқалауды өмірлік мақсатына айналдырған Қалам бұл сенімді де ақтап шықты. Оның өмір жолын қарап отырсақ,  барлық уақытта да өзіне тапсырылған жұмысты жауапкершілікпен атқаруға күш салғаны айқын аңғарылады. Ол кісінің салдырған екі қабатты мектебі Кулагин ауылында әлі күнге жұмыс жасап тұр. Қалам Есқалиевтың балалар үйін басқарған кезінде тәрбиеленгендер – кейін республика кәсіподақ ұйымын басқарған Тұрысов, Жоғарғы Кеңес депутаты болған Бекбосынов, ғалым Төлеуов сынды тұлғалар оның көзі тірісінде ұдайы хат жазып, хабарласып тұратын.

Тағдырдың тосын теперіші дегенді қойсаңызшы, оның ақ адал маңдай тері, ерен еңбегі – бәрі-бәрі бір күнде қараң қалып, Есқалиев Қалам  1951 жылдың 14 тамызында қамауға алынып, сол кездегі «үштіктің» шешімімен он жылға айдалып кете барғаны да бар. Ол кезде әкесі де, шешесі де, өзімен бірге туған он бір бала –  аға-апалары да қиын-қыстау, аштық заманның салдарынан өмірден озған болатын, олардан өзінен басқа ұрпақ қалмаған.

– Мен әкем қамауға алынғасын 10 күннен кейін дүниеге келіппін, – деп еске алады бүгінде Атырау қаласындағы №7 емхананың бас дәрігері,  жоғары санаттағы ұйымдастырушы Ғазиз Есқали. – Ауылдың ақсақалдары қолдарынан келетін басқа амалдары жоқ, әкемді құрметтегендіктен болар, менің есімімді Ғазиз деп  қойыпты. Кейіннен Сталин қайтыс болып, Берия әшкереленгеннен кейін жалпыға бірдей амнистия болып, әкем бес жыл отырып, елге келді. Ол сөзге сараң, өткенді еске алуды қаламайтын адам еді, әйтсе де, өз жолдастарымен отырғанда айтқан бір әңгімесі есімде қалыпты…

Осы жиында бүгінде өзі де алпыстың асқарынан асып, аталық жасқа жеткен Ғазекең әкесі Қаламның сол бір ғақлия сырын майын тамыза әңгімелеп берді. Ол мынау еді:

…Сібірдің қақаған аязында мұздай салқын барақтарда отырған сотталғандар түнде қатып өлмеуі үшін тірі  адамдардан тұратын «диірмен» жасайды екен. Оның мәнісіне келсек, түнімен шеттегілер ортаға, ортадағылар шетке қарай ұйқылы-ояу күйде жүресінен жаймен жылжып, айналып отырады. Сонда егделер жағы көбіне өздері сыртта қалып, жастарды ішке ортаға қарай өткізіп және бұларға «сендер қалайда тірі қалуларың керек» деп құлақтарына құйып отырады екен. Барын осылардың аузына тосқан сол қарттардың жігер-қайраты арқасында өзінің бұл тамұқтан  тірі шыққанын айтатын қайран әкесі. «Бұл әңгіме менің мәңгі жадымда қалды. Мұндай  зұлмат заман енді қайталанбасын. Мың өліп, мың тірілген атам қазақтың басынан кешіргенін ендігі ұрпақ көрмесін» деп сөзін түйіндеді Ғазиз Қаламұлы.

Бұл жиында тереңнен ой толғап, салиқалы сөз саптаған шешендер көп болды. Әсіресе, белгілі ақын, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев қазір еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатса, тарихтың өзі осындай жанкешті жандардың тағдыр талайынан құралатындығын толғаныспен жеткізіп, ой түйінін өлеңмен өрді. Индер ауданының әкімі Серік Арыстан мұндай тұлғалардың кейінгі буынның бойында еңбексүйгіштікті, патриотизмді қалыптастыруда айрықша үлгі екендігін қадап айтты. Қаламның шәкірттері атынан сөз алған ардагер ұстаздар Нұрия Хамидуллина мен Мәдина Масалимованың естелік әңгімелері жиналған жұртшылықты ерекше тебірентті.

Өзімді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кезінде осы Индер ауданында басшылық қызметтер атқарған қайраткер Қатимолла Ризуановтың ой-толғанысы бөлекше тәнті етті. Ол Елбасының еңбек хақындағы қағидалы бағдарламасы қарапайым халыққа ұғынықты түрде насихатталып, құжаттың мән-маңызының кең түрде ашылуында осындай шаралардың ерекше орны бар екендігін атап айтты. «Еңбек адамы, әрі оның кәсіби жетістіктері жан-жақты үлгі етілуі керек. Ол бизнесмен, инженер, кәсіпорын жұмысшысы, тіпті, студент болуы да мүмкін. Ең бастысы, ол адам өзі үшін, отбасы үшін тыным таппай еңбек етеді. Жаңадан бірдеңе үйренеді, кәсіби шеберлігін шыңдап отырады. Сол арқылы елдің дамуына өзіндік үлесін қосады» деді Қатимолла аға.

Осы орайда Мемлекет басшысының нақты 20 тапсырмасының халыққа соншалықты ұғынықты, мәні ашыла, маңызы түсіндіріле жетуінде бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар ролі зор екендігі де бізге жүктеліп отырған келелі міндеттерден айқын көрінеді. Сол сәтте мен «өзге елдердің тәжірибесін де ескеріп, оны ретіне қарай насихаттап отыруымыз қажет» деп ойладым. Мәселен, Сингапурды алайық: Ол шағын болғанымен, табысты мемлекеттер қатарында. Мұнда 100 мыңнан аса миллионер бар екен. Елде 33 ірі трансұлттық компаниялардың филиалдары жұмыс істейді. Халқы 7,5 миллион дейтін болсақ, ішкі жалпы өнімнің құны әр адамға шаққанда 30 мың АҚШ долларынан асып түсіп отыр. Тұрғындары аптасына 50 сағат жұмыс істейді, яғни, демалыс күндері де еңбектенеді. Дәл қазіргі таңда бұл ел Тынық мұхит аймағындағы жұмақ мекен болып табылады.

Сайып келгенде, ЕҢБЕК деген ұғымның шынайы сипатын бүгінгі жастардың санасына сіңірудің барлық механизмін іске қосудың маңызы зор. Күнде көріп жүрміз: түрлі офистердің кіреберісінде күзетші болып тепсе темір үзетіндей жас жігіттер тұр, жатақханаларда вахтер болып үріп ауызға салғандай бойжеткендер отыр. Бұрын ондай жұмыстарда зейнет жасындағы ата-әжелеріміз жүрсе, енді қарауылшық атаулы мүлдем «жасарып» кетті. Бұл не деген сөз? Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен күн көру ме? Неге жаңағы алпамсадай жігіттер құрылысшы болудан қашады?

Енді бір жас жігіттер «жалақысы аз» деп анау-мынау жұмыстарға бармай, үйде қартайған әке-шешесінің зейнетақысымен күн көріп жатыр. Сонда бар дүние тек ақшамен өлшеніп, байлықпен ғана бағаланғаны ма? Әрине, бай болған жақсы. Бірақ, Абай айтқандай, «есектің артын жусаң да, мал тауып», сені осы жасқа жеткізген ата-анаңа көмектессейші. Отаныңа, еліңе аз да болса, адал еңбегіңмен пайда келтірсеңші…

Бәрінен де бұрын маңдай термен тапқан бір үзім нанның дәмінің қандай тәтті болатынын, дүниеде оған ештеңе де жетпейтінін сезінбейінше, жүректе отаншылдық, патриоттық сезімдерге орын болмайды. Ал, отансүйгіштік, өзің азаматы, бір мүшесі болып отырған қоғамға – еліңе жаны ашу ғана жемқорлыққа қарсы тұрар ұлы күш. Ендеше, көп нәрсенің түйіні осында – Елбасы көтеріп отырған ЕҢБЕК атты ұғымның мәнін терең ұғынуда жатыр!..

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Атырау – Индер – Атырау.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз