ЗЕРГЕРДІҢ ЗЕРЛІ ЗЕРДЕСІ

Өзге ұлттар секілді, қазақ халқының да өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары бар. Солардың бірі – атадан балаға мирас болып келе жатқан  ұлттық зергерлік бұйымдар. Ұмыт болып бара жатқан бұл өнермен шұғылданушылар арамызда саусақпен санарлықтай болса да, уақыт өткен сайын халық арасында зергерлік бұйымдарға деген қызығушылық танытатындардың саны артып келеді. Бүгінде өзгелерге ұлттық зергерлік бұйымдарды дайындаумен айналысып, әрі оны насихаттап жүрген облысымызда санаулы  ғана шеберлер болса, соның бірі – Қайрат Шапабаев. Жас та болса көптеген адамдар тәуекелге бара бермейтін істі дөңгелентіп отырған Қайраттың ісіне бүгінде сүйсінбейтін адам жоқ.

Қайраттың қолынан шыққан бұйымдар Қазақстанда ғана емес, халықаралық көрмелерге де қойылып жүр. Ал, жақында ғана облысымызға «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» эстафетасының символы болып табылатын Тайқазанды әкелу шарасы кезінде де көрмеге қойылған осы Қайраттың туындылары болатын. Өзге ұлт өкілдері арасында ұлттық өнерді дәріптеп жүрген ол – он саусағынан өнер тамған шебер. Көркем талғам мен асқан шыдамдылықты талап ететін өнердің қыр-сырын меңгерген зергер жігіт Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы Атырау облысы филиалының мүшесі болып табылатындықтан, «Достық» үйінде отырып өзінің сүйікті ісімен айналысып келеді. Ал, ол жерге келген облысымыздағы өзге де ұлт өкілдері зергердің өнерін тамашалап,  бұйымдардың жасалу жолымен танысады.

–  Зергер дегенде көбі жасы үлкен, көрген-білгені мол адамды елестетеді. Жасым үлкен болмаса да, ата-бабамыздан келе жатқан істі одан әрі дамытып, оны өзгелерге таныстыру, зергерлік бұйымдарда бейнеленген ұлттық нышандарымыздың мән-маңызын талдап, түсіндіру – менің ең сүйікті ісім. Атыраудағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында ағаш өңдеу бағыты бойынша білім алып, кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясында білімімді жалғастырдым. Осы екі үлкен өнер ордаларында зергерлік бұйымдарды жасаудың қыр-сырын меңгеріп, шеберлігімді арттыра түстім, – дейді ол.

Зергерлік бұйымдарды көрмелерге шығарып қана қоймай, оны насихаттап, ұлтымыздың рухани бай мұрасын баршаға кеңінен танытып жүр. Атырау жерінде туып-өсіп, осы аймақтың өзіне тән өнерін дамытып жүрген Қайраттың зергерлік бұйымдары да бағалы. Мәселен, бұдан  бөлек «Аңыздағы қобыз», «Үш жүз», «Аңыздағы домбыра» туындыларын Атырауда білмейтін адам кемде-кем. Аталған туындылардың композициялары күрделі, сондықтан да, олар көрермендердің көңілінен шығып жүр. Ұшқыр қиялы мен шеберлігін ұштастыра білген  Қайраттың ағаштан ойған өрнегі мен таза күмістен соққан зергерлік бұйымдары – ұлттық құндылығымызды насихаттауда табыла бермейтін бірден-бір қымбат дүниелер. Сол себептен де, көп ұлтты елімізде мұндай ұлттық бұйымдардың маңызы жоғары болып саналады. Елімізде мекен ететін әр ұлттың өз мәдениеті мен өнерін дамытуға барлық жағдай жасалғанымен, қол өнер бұйымдарымен айналысатын шеберлер көптеп кездесе бермейді. Бұл жайында Қайрат көптеген адамдар зергерлік бұйымдарды жасағаннан гөрі, оны қайта өңдеп, жөндеу ісін кәсіпке айналдырып жүргенін айтады. 

«Ұлтымыздың зергерлік бұйымдарын таза күмістен ғана жасаймын. Композициясы күрделі туындыларға бір-екі айдай уақыт кетеді, ал кейбір бұйымдарды бір күн ішінде жасап шығарамын. Бұл енді сәттілікке байланысты», – дейді ол.

Қайраттың қолынан шыққан бұйымдарға қарап оның өз ісінің хас шебері екенін тануға болады. Оның  ендігі  мақсаты – осы ұлттық зергерлік бұйымдарын брендке айналдыру. Тек қолдау танытып  отырсақ болғаны. Ол өнерін өзінен кейінгі өрендерге де үйретіп жүр. Қаламызда орналасқан Назарбаев зияткерлік мектебінде қолөнер шеберлігінен қосымша сабақ береді.

Расымен де, Қайраттың бойындағы қабілетіне қарап,  көп ешкімге ұқсамайтын ерекшелігіне, дүниетанымына, ғылым мен технология дамыған шақта ұлтының қамын ойлап жүрген даралығына қарап риза боласың. Көп ұлтты елімізде бабалар дәстүрін жалғастырып жүрген Қайрат Шапабаевтың ісі кім-кімге де үлгі боларлықтай.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз