ЗЕРДЕЛІ ЖАН ЕДІ ҒОЙ ЗӘУРЕ ДЕГЕН…

«Жаны нәзік адамның ары да таза болады».
Төлеген АЙБЕРГЕНОВ.
«Адамның жер бетіндегі ғұмыры кірпікке ілініп тұрған бір тамшы жас секілді. Кірпікке ілінген жас көзге қайта кірмейді, жерге тамады. Ерте ме, кеш пе, күндіз бе, түнде ме – сол жастың кірпіктен қашан үзіліп түсерін пенде пақыр болжай алмайды. Ол тек бір Аллаға ғана аян».
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.

Адамның ештеңеге асу да, басу да бермес албырт шағы – жастық дәурені кім-кімге де ыстық қой, шіркін! Оның үстіне сол бұла кезеңі қаумалаған ақжарқын дос-жаранға, солармен бірге бөліскен қызық-шыжыққа толы болса, оны қалайша қимас көңілмен еске алмасқа?! Міне, қимас досымыз Зәуре Абдоллақызы Өтегенова хақында өткен шақта сөз айт-қанда, тұла бойды осындай сезім толқындары кернеп, небір оқиға-штрихтарды ойға оралтатыны бар.
…Біз Оразбай-Зәуремен қыз бен жігіт кездерінен таныс-біліс болдық. Өйткені, менің болашақ жарым Қанағат пен Зәуреш пединститутта бірге қызмет жасады. Түрлі мерекелік жиын-тойларда бірге бас қосамыз. Зылиха, Гуля, Гүлзира, Орынша, Маржан, Гүлнәзи сынды небір қазақтың қолаң шаш, күлім көз, оймақ ауыз, кермеқас қыздарымен Оразбай екеуміз осы қалыңдықтарымыз арқылы танысып, кейіннен әзіл-қалжыңы жарасқан достарға айналып кетіп едік. Гүлзираның Сәдіржан-Сәдөгімен, Маржанның Серігімен, Зылиханың Ерсайынымен де құдды бажалардай көрген жерде шұрқырасып жататынымыз да сол бір кездердегі бейкүнә бойжеткендердің тұтас ғұмырға ұласқан сыйлас та, қимас көңілдерінен шығар.
Осы құрбы қыздар ішінен әманда Зәуренің орны бөлек, шоқтығы биік тұратын. Онысы кім-кімге де «болсын» деген ақжарма көңілінен, жас та болса, өмірден көргені мен түйгені молдығынан, әрі сонысын іс жүзінде жарқырата көрсетіп отыратындығынан әрдайым көрініп тұратын. Мына қызықты қараңыз:
Біздің жаңадан шаңырақ көтерген кезіміз. Отау құрғанымызға бар-жоғы бір-ақ апта болған. Бәріміз бір туған күн кешінде бас қостық. Әңгіме арасында Қанағат:
– Жатын бөлме жиhаздарын әлі құрып болғанымыз жоқ. Исатай қайныларыммен бірге күнде шұқылайды да жатады, бітіретін түрі көрінбейді, – деп «мұңын» шағады ғой құрбыларына. Еріккен бойжеткендердің де іздегені осы, «Исатайдың қалам ұстаудан басқаға икемі жоқ шығар», «сонда әлі күнге дейін еденде ұйықтап жүрсіңдер ме?..», «мыналарыңды бізден басқа ешкім естімесін…» деп «ақырзаманды» төндіре шуылдаса бастады. Жыным қозып, ернімді тістелеп мен отырмын: «Үйдегіні түзге айтып несі бар екен…».
Осы сәтте менің ойымды
көзімнен оқығандай-ақ бар болғыр Зәуре:
– Әй, Қанағат, сен не айтып отырсың өзің, енді ол үй – сенің өз үйің, өз шаңырағың. Жиhаздың құрылуы да, басқа шаруа да сенің тікелей қатысуыңмен істелуі тиіс. Кереуеттің бір жағын көтерісесің бе, терезенің жапқышын ілісесің бе… – соның бәрін енді «бұл – менің өзімнің шаруам» деп жасауың керек. Осыны зердеңе мұқият түйіп қой, -деп бастырмалата жөнелді. Әлгінде мені допша қақпақылдап тілдерін түйреген қыздардың ауыздары жабылды. Менің келіншегім де үнсіз қалды.
– «Әйнектен салынған үйде тұратындар бір-біріне тас лақтырмайды» деген ағылшынның тамаша бір мақалы бар. Енді сенің болашақ тағдырың – осы Исекеңнің шаңырағында, соған тастай батып, судай сіңуді ойла, құрбым, – деп және нығарлап қойды Зәуреш. Бейне бір ұзатылып бара жатқан қызына ақыл айтып отырған анасы іспетті. Жүзінде де әзілдің ешқандай ұшқыны жоқ. «Апырау, осы шынымен де күнде бізбен бірге жүрген Зәуреш пе, өздерінің де шаңырақ көтергендері күні кеше емес пе еді…» деп ішімнен әрі сүйсіне, әрі таңырқай қарап мен отырмын.
Бұлай дейтінімнің де жөні бар. Біз сол 1985 жылдың қазанында отау құрған болсақ, Оразбай мен Зәуре наурыз айында шаңырақ көтерген еді. Сонда жұбайлық өмірдің дәмін небәрі алты ай ғана бұрын татқан оның осынша сұңғыла бола қалуында не сыр бар? Бұл неғып отбасы болудың тылсым сырын мейлінше меңгеріп, біреуге жөн сілтейтіндей бола қалды? – Көңілімде осындай сан-сапат сауалдар анталаса да, тап сол жерде оған жауап таба алғаным жоқ. Әйтәуір, қас-қағымда менің мәртебемді биіктетіп, мерейімді өсіріп тастаған Зәуреге деген алғысымды жанарыммен ұқтырып, разы боп қалған едім.
«Адамға ақыл керек, ой керек, мінез керек» деген екен ұлы Абай. Зәуренің өн бойында осы үш қасиеттің бәрі де тұнып тұратын. Жоғарыда айтылғандай, кезінде өзімді таңырқатқан «ақылгөйліктің» де түп-төркінін мен жүре бара пайымдадым. Оның ежелден қалған енекемдей мақалдап «мораль» оқып отырғаны өмір тәжірибесі асып, ақылы тасып бара жатқандығынан емес, қатар жүрген сырлас құрбысына жаны ашығандық, «осы жақсы болсыншы, осының барған жерінде сүйкімі артсыншы» деген шынайы көңілі екен ғой. Ал, солай сөйлеудің өзіне қаншама ақылмен қоса, қас-қағымда үйіріп әкетер ой, сарабдал да, салиқалы кейіпке кірер бай мінез керек десеңізші. Жас жағынан әнебір үлкендігі де шамалы құрбының сол жолғы тағылымды сөзі менің жадымда әлі күнге дейін сол күйінде жатталып қалғандығы да содан шығар…
Қазақта «тумысында тұмар-
лы туған тұйғын» деген мағынасы терең сөз бар. Яғни, бұл жердегі әңгіме – өнер атаулының парқында, оның көркем тынысында, өзгеге ұқсамайтын құдіретті қуатында. Жалпы, Райысовтар отбасы – тұтасымен өнерге етене әулет. Оразбайдың өзі кәнігі музыкант, белгілі композитор болса, Зәуренің бойында да ән-күйге деген іңкәрлік атойлап, небір концерттік бағдарламалардың сценарисі де, ұйымдастырушысы да, жүргізушісі де өзі болушы еді. Онысы үлкен сахналардан да көрініс тауып, көрермен-тыңдарманын ерекше сүйсін-тетін.
Бірде Доссор мәдениет сарайында талантты ақын, баспагер-журналист Қажымұқан Елеместегін еске алу кешіне қатысудың сәті түскен. Дүниеден озғанша жиі жүздесіп, жақынырақ сырласып жүрген Қажекеңнің біз білмейтін қырлары да көп-ақ екен. Кештің ғажап рухани ләззат сыйлағаны соншалық, бастан-аяқ мамыражай тылсым әсерге бөледі де отырды. Оның үстіне сахна сыртынан кеш бағдарламасының өн бойына өріле естілген Зәуренің қоңыр даусы жан-дүниеңе терең бойлап, санаға самаладай өріліп жатты.
– Оразбай, Зәуренің таланты бүгін бір жарқырай көрінді, айналайын. Бүкіл кешті бір деммен, бір ырғақпен осыншама қуатты етіп аяғына дейін жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Шіркін-ай, кейде орталықтағы үлкен сахналардағы бағдарламалардың үзік-үзік болып, пышырап жатқанына ренжігенде шыға қашқың келіп кететіні бар. Біздің небір дарындарымыз ауылдарда елдің ен ортасында жүр ғой. Міне, соның дәлелі – біздің Зәуреш, – деп кеш соңындағы қонақасыда тебірене сөйлеген атақты композитор, зерделі өнер зерттеушісі, жазушы Илья Жақанов ағамыз арнайы бата берді.
Ілағаңдай дуалы ауыздан мұндай ақжарма алғыс пен риясыз бата күнде шыға бермейді. Зәуренің өнеріне тәнті болған әзіз аға сол жерде өзінің жан толқынысын іркіп қала алмағанын баршамыз да қоштай түйсіндік. Жақсыны көре білу бар да, оған деген шынайы көңіліңді ағынан ақтарыла жайып салу бар. Көп ретте осы екеуі бір пенденің бойынан табыла бермей қинайды ғой. Өзіндік бағасын дер кезінде беріп, сол сәтінде мерейді асырар сөз айту Ілағаң сынды абыздардың ғана қолынан келер.
Осы орайда, тағы бір пайымдауымызды ортаға салғанды орынды санадық. Негізінен шын көңілден, ақ-адал жүректен шыққан іс-әрекет қана айрықша әсерлі болады. Өнерде де тап солай. Оған немқұрайлылық, селқостық жат. Зәуре өзінің әрбір қадамына, қолға алған үлкенді-кішілі жұмысына жан-тәнімен беріле кірісетін. Оны да сан мәрте көзіміз көрді. Осындайда мына бір оқиға да еріксіз еске түседі:
2009 жылы біздің үлкен ұлымыз Думан үйленетін болды. Той жабдығына кірісіп, шақыру билеттерін ай бұрын таратып қойған кез. Бір күні кештетіп Оразбай мен Зәуре келіп тұр. «Ал, қуаныштарың құтты болсын!» дейді екеуі де өрекпіп. «Бұлар тойдың күнін шатастырып алған-ау, әлі екі аптадай уақыт бар ғой» деген ой қас-қағымда санада жылт еткен біз абдыраңқырап қалдық. Өйткені, бұлардың жұмыс орны – қаладан тоқсан шақырым жердегі Доссорда, мына асығыс келулеріне қарағанда…
– Ал, қане, дайындық қалай, біз тойдың сценарийін құрып, оны жүргізу барысын бүге-шүгесіне дейін белгілеуге келдік, – деп бастырмалатты Зәуре.
– О, пәлі, келіңіздер, келіңіздер, – деп жатырмыз мәселенің мән-жайын енді түсінген біз.
– Әй, Қанағат, асыңды сал, шайыңды баптап әкеле бер, – деп командасын да беріп тастаған Зәуре Орекеңді қолтықтай төрге озды. Содан түннің бір уағына дейін қағазға той сценарийін сызып, қанша тост, қанша ән-күй нөмірлері берілетініне дейін тәптіштеп жүйеледік. «Тойдың асабасы Дулыға Ақмолда деп отырсыңдар, ол белгілі актер, от ауызды асаба болғанымен, біздің жақтың салт-дәстүр, жөн-жоралғысын біле бермеуі мүмкін, сондықтан да, дайын сценарийді қолына берейік…» деді Оразбай мен Зәуре. Рахметімізді жаудырып біз отырмыз. Енді ше, өздері келіп, өз шаруасындай бәрін үйлестіріп жатса!..
Содан әбден той күні келіп жеткенше Зәуре күнде бір мәрте телефон соғып, әзірлігімізді пысықтап отырды. Ал, тойда қонақ болып төрде отырудың орнына, екеуі бірдей біздің жанымызда өздері жасаған сценарийдің ойдағыдай жүзеге асуын мұқият қадағалады. Доссордың өнерпаздарын да бірге ала келіпті. Ара-арасында асаба Дулығаға да әлденені түсіндіріп жатады. Сөйтіп, біздің алғашқы келін түсіру тойымыздың салтанатты сәнімен, тағылымды мәнімен өтуіне олар бастан-аяқ жүгіріп еді. Тап сол жолы үлкен бір мәдениет сарайының директоры Оразбайды да басқа жұмыстарынан сытылдырып алып шығып, бізге деген достық көңілдерін паш етуге жетелеген Зәуре екеніне күмәнім жоқ. «Ағайын-тума, дос-жаран десе, Зәурешімнің көңілі бөлек еді ғой, тіпті өзін ұмытып кететін. Мені де соған тәрбиеледі десем өтірік емес» деп Орекең де мұны мойындайды. «Бұл дүниеде жиғаны, о дүниеде иманы бұйырсын» деген баталы сөз Зәуредей иманды адамдарға айтылған болар, сірә!..
Сол Зәуре, Оразбайдың Зәу-
ресі, халқының сүйікті өнерпаз қызы өзінің күрмеуге келмес қысқа ғұмырында қатар жүрген бізге бар болмысымен, табан астында тауып айтар сөзімен, әрдайымғы жайдары күлкісімен бөлекше тағылым сыйлап кетті. Бірде достар болып бас қосқанда оның:
– «Болғанды да көргенбіз, толғанды да көргенбіз; болып-толып болған соң солғанды да көргенбіз. Асқанды да көргенбіз, тасқанды да көргенбіз; асып-тасып болған соң сасқанды да көргенбіз» дегендей, бармыз деп тасымайық, жоқпыз деп жасымайық, – деп келте қайырғанын да көрдік. Сөйтсек, сөз берді екен деп екі езуі көпіргенше ернін қайшылайтын әлдекімдерден гөрі, айтарын бір-ақ ауыз лебізбен түйіп тастаған да жөн екен-ау.
Иә, Оразбай екеуі жайлы да, сайлы баспана салып, қос ұлын оқытып-тоқытып, бір-бір мамандық иесі атандырған, алдан күткен арманы көп ана еді ол. Ғабит Мүсіреповше толғансақ, «Ата – кәрі тәжірибе, бұрынғы күн. Әке – кеше мен бүгін. Бала – бүгін мен ертең. Немере – келешек. Тіршілік еш нәрсені де ұмытпаған». Алайда, ары да, жаны да таңғы шықтай мөлдір Зәуре бүгінін тамсана тамашалап, ертеңіне үміт артумен ғана шектелді. Келін түсіріп, немере сүйе алмады. Десек те, тіршілік тоқтамайды: оның келешегі ұрпағымен жалғаса береді. «Құланның түзде көрдім шоқырағын, Қайыңның жаста көрдім жапырағын…» дегендей (Мұхиттың «Зәуреш» ән-реквиемінен), өзгенің қайғысы мен қуанышын өзінікіндей көріп өткен асыл жанның рухы өлмек емес. Ол оны білетіндердің санасында бұлт арасынан шыққан күндей жарқырайды да тұрады, жарқырайды да тұрады…

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз