«Тирандарға» – тосқауыл!..

bez nazvaniia 1 Қоғам

«Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал, жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауынан

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі жұртшылық арасында көптен бері талқыланып жүр. Былтыр Елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты оқиға қоғамда резонанс туғызып, жанұялық жанжалдан соң кінәлілердің көбінесе жазасыз қалатыны айтыла бастаған еді.

Әлсізге күш көрсетудің ақыры

Мемлекет басшысы отбасылық құндылыққа кері әсерін тигізетін келеңсіз жайтты айрықша назарға алғаны белгілі. Биыл қаңтар айында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Президент қатыгез қылмыстар үшін жазаның қатаюын қолдайтынын айтқан еді.

– Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек, – деген Президент «заң мен тәртіп қағидаты» Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуы тиіс екенін алға тартты.

Расында, қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық-қарлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді. Осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресуі керек емес пе? Президент мәлімдегендей, елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез-келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Сондай-ақ әйелдер мен балаларға қиянат көрсету фактілеріне батыл түрде тосқауыл қоятын уақыт жетті.

Қылмысқа жаза қатаң

Қазір қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік ашық талқыланып жүр. Біздің облыста да Президент тапсырмасына сәйкес отбасылық-тұрмыстық саладағы қатыгез қылмыстардың алдын алу үшін жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Облыс прокурорының аға көмекшісі Асланбек Байбосынов соңғы жылдары зорлық-зомбылық статистикасы сәл төмендегенін айтады.

– Өткен жылы облыста отбасылық-тұрмыстық салада 24 қылмыс жасалған. Тергеп-тексеру жұмыстарының нәтижесінде 15 іс сотқа жолданса, 9 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Аталған санаттағы істердің тергелуі облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында болды. Сонымен қатар, өз үйінде отбасы тыныштығын бұзған 2000-нан аса тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде жәбірленушінің денсаулығына «жеңіл» зиян келтірген 331 адамға және ұрып-соққан 1108 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушыларға 2635 қорғау нұсқамалары шығарылған. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 169 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соттың шешімімен қамауға алынды, – деді қадағалаушы органның өкілі.

Есепті мерзімде сот шешімімен мәжбүрлеп емдеу мекемесіне маскүнемдікке шалдыққан 47 адам орналастырылған. Бұдан басқа, мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында олар уақытша оқшаулау және детоксикациялау орталығына жеткізілді.

А.Байбосыновтың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Әкімшілік қамақтың нақты мерзімдері белгіленген. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына өзгерістер енгізілді. Ол Қылмыстық кодекске өткен жылдың 19 мамырынан, ал Әкімшілік құқықбұзушылық кодекске 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Заңға енгізілген түзетулер зардап шегушінің арызынсыз, тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі негізінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік беріп отыр. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау мен бейнетіркеушінің жазбалары болса жеткілікті, түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Заң жобасындағы өзгерістер қандай?

Естеріңізде болса, 2020 жылы елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасы дайындалған еді. Бірақ Парламенттегі бірінші оқылымнан кейін заң қабылданбай қалды. Енді өткен жылдан бері әйелдер мен балаларды отбасындағы зорлықтан қорғайтын заңның қажеттілігі айтыла бастады.

Қазір Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап жатыр. Оның әр пункті сараланып, күмәнді тұстары болса ескеріліп, толықтырулар енгізіледі. Содан кейін Сенат қарауына жолданады. Осылайша, Парламентте мақұлданса, Президенттің қол қоюына жіберіледі.

Аталған заң жобасында кәмелетке толмаған адамды азаптағаны, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін қылмыстық жазаны қатаңдату қарастырылған. Яғни, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті 3 жылдан 5 жылға дейін қатаңдату көзделген.

Қазір қоғамдағы өзекті мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызу. Заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтың баптары Қылмыстық кодекске енгізілмек. Оның ішінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, сонымен қатар ұрып-соғу баптары қылмыстық жаза ретінде қарастырылады.  Айталық, бұрын отбасындағы «тиранға» әкімшілік жауапкершілік қарастырылса, заң жобасы мақұлданған соң бұл әрекеттер ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру ретінде қарастырылып, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.

Жаңа заң қабылданса, баланы өлтірген қылмыскер немесе педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Жалпы, кінәлі тұлғаны қылмыстық құқық бұзушылар қатарына жатқызу, тараптардың татуласуына жол бермеу және балаларға қатысты барлық қатыгездік түріне жазаны қатайту ұсынылды. Статистика осы сипаттағы істердің 30%-ы тараптардың келісімімен жабулы күйінде қалатынын көрсеткен. Бұдан өзге отбасыларды қолдау және психологиялық көмек көрсету, агрессорлармен арнайы жұмыс істейтін орталықтар ашу жоспарланып отыр.

«…Жаман әйел – ұрыс»

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев «отбасындағы жанжалға әйелдің де кінәсі бар» деген пікірін ортаға салды.

– Еркектің ер сорлысы ғана әйел адамға қол көтереді. Дегенмен, ұрыстардың барлығы ұрудан шықпайды ғой. Кішкене ерлерді де түсінуіміз керек. Басында жанжал туындайды. Сол жанжал неден туындайды? Әрине, әйелдің тілінің ұзындығынан. Әйел адамдар мені кешірсін. Бірақ ондай да фактілер бар. Қазақта «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» дейді, болмаса «Ерге жаққан әйел елге де жағады» дейді. Біз қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатырмыз, – деді депутат.

«Таяқтың екі ұшы болатынын» ескерсек, халық қалаулысының сөзінің жаны бар. Психологтар «әуел бастан мейірімділік пен сыйластыққа құрылмаған отбасында дөрекі әрекеттер орын алуы мүмкін» дегенді айтады. Ал, облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы «әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Раиса Айтжанова өз тәжірибесінен мәселенің түп-төркіні отбасындағы тәрбиеден бастау алатынын түйген.

– Иә, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау еліміздің отбасылық-демографиялық саясатындағы өзекті мәселенің бірі. Қызметім осы мәселемен күресу болғандықтан өз тәжірибеме сүйеніп айтайын… Мұндай келеңсіз жағдайдың бастауы – отбасындағы тәрбиеде жатыр. Қоғамда бағыт сілтер идеология, ұрпақтан ұрпаққа берілетін өнегелі тәрбие жетіспейді. Әр отбасындағы баланың қалыптасу процесінде ата-ананың тәрбиесі мен өскен ортасы маңызды роль атқарады. Демек, ертеңгі күні үйдегі ұрыс-керісті жиі көріп өскен ұл мен қыздан не күтуге болады? «Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» демекші, бала жастайынан қандай тәрбие алса, ержеткенде де сол әдет қалмайды. Сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтың кең етек жаюына маскүнемдік пен қызғаншақтық, жұмыссыздықтың салдарынан туындаған тұрмыс жағдайының ауырлығы себеп болып отыр, – деген пікірімен бөлісті ол.

Маманның айтуынша, Атырауда жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 400-ге жуық хабарлама түскен. Дағдарыс орталығына 15 адам қабылданса, оның 4-уі әйел, 11-і бала.

Атыраулық полицейлер тұрмыстық қарым-қатынас саласында жәбір көрген әйел адамдарға құқықтық, психологиялық көмек беру мақсатында жеке қабылдау өткізетінін атап өткен жөн. Жәбірленушілерді қорлықтан қорғау үшін қолдау шаралары, оларды мамандандырылған дағдарыс орталығына орналастыру құқықтары түсіндіріледі. Мамандандырылған дағдарыс орталығына орналасу үшін 8 (7122) 46 60 60 телефондары арқылы, сондай-ақ «102» немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы арызбен полицияның учаскелік инспекторына 98-35-33, 98-22-30 немесе  8 (702) 235 1998, 8 (702) 846 3777 (тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер үшін) нөмірлеріне хабарласуы қажет.

Түйін. Иә, тұрмыстық зорлық мәселесі – қоғам мәселесі және ол барлық алдын алу субъектілерінің бірігіп жұмыс атқаруы арқасында ғана оң нәтиже береді. Қатыгез оқиғаларға жұртшылықтың реакциясы біздің қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бас тартудың артып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, қоғамдағы өзгерістер мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралармен үндесіп, әйелдер мен балаларды қорғауды қамтамасыз етудің маңызды факторына айналады деп сенеміз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

***

*Сіз не дейсіз?

Рысты ҚАЛИЕВА,

Республикалық адвокаттар алқасы жанындағы адвокаттардың кәсіби құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі, Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты:

– Қазір Мәжілісте зорлық-зомбылық жасаған адамға жазаның қатайтылуы талқылануда. Көптен бері қоғам талқысында жүрген заң жобасында бірқатар жаңашылдық бар. К.Маркстың «…Адам заң үшін жаратылмаған, заң адам үшін түзіледі» деген сөзінен-ақ кез-келген заң адам құқығын қорғауды көздейтінін түсінген абзал.

Былтыр Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия аталған мәселе бойынша  кеңінен қоғамдық талқылау жасауға бастамашы болды. Комиссия мүшесі, адвокат Айман Омарова әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Ұлттық комиссияның қолдауымен One-Stop-Service – «БІР ҚАДАМ» пилоттық жобасы іске қосылды. Алматы қаласында орналасқан бұл орталық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен әйелдерге арналған. Өңірлер бойынша белгіленген адвокаттар мен заңгерлер орталыққа хабарласқан адамға құқықтық қолдау көрсетеді. Егер де қатыгездіктің құрбаны болған әйелдер мен балалар болса, One-Stop-Service – «БІР ҚАДАМ» орталығының +7 707 154 7538 ұялы телефонына хабарласуға болады. Өзім Атырау және Батыс Қазақстан облысы бойынша көмек сұраған жәбірленушілерге көмектесемін. Қазір 15 жастағы жасөспірімнің мәселесі бойынша іске қатысудамын.

Осы тұста айта кетейін, заң жобасында балалардың құқығына ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, педофилдердің жымысқы әрекеті дәлелденсе, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Одан жеңіл жаза болмауы керек. «Былтыр балаларға қарсы 2000-нан аса қылмыс жасалып, 69 әйел мен 7 бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмды» деген статистиканың өзінен бүгінгі жағдайдың ушығып тұрғаны байқалады.

Сондай-ақ, былтыр отбасы мүшелеріне озбырлық танытқандардың жауапкершілігін күшейтетін заң қабылданып, әкімшілік кодекске өзгеріс енгені белгілі. Ол бойынша отбасында ойран салғандар 5 тәулікке қамалып, бір жылда тағы тәртіп бұзса 10 тәулік түрмеде жатады. Ал, күш көрсетіп, адам денсаулығына зиян тигізсе 15 тәулікке (бір жыл ішінде қайталаса 25 тәулікке) темір торға түседі. Бұл жеңіл жаза десе де болады. Егер Мәжілістегі заң жобасы қабылданса, «тиран» әкімшілік емес, қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылады. Әрі тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі болмайды. Қатаң жаза отбасында ойына келгенін істейтіндерді тәртіпке салады деген пікірдемін.

Адвокат ретінде әлсізге күш көрсеткендердің қатаң жазалануын қолдаймын. Сондай-ақ құқық бұзушыларды жазалап қана қоймай, осы қылмыстардың қайталануын болдырмайтын жүйе құру маңызды. Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғам болып әрекет ету керек. 

2023 жылы:

Зорлық-зомбылыққа қатысты 168 қылмыстық іс тіркелген;

125 іс есептен шығарылды;

Қазір 26 іс тергеліп жатыр.

Жыл басынан бері:

272 тұлға – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекет жасады;

290 тұлғаға – 1 ай мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылды;

78 тұлғаға – сотпен ерекше талаптар қойылды;

36 тұлға – құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзды;

3 тұлға – мәжбүрлеп емдеу мекемесіне жіберілді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз